Қазақстан • 08 Наурыз, 2019

Өткізу пунктерінің жұмысы жетілдіріледі

620 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қытай мен Өзбекстан шекарасы арқылы елімізге келетін көліктердің кедендік бақылаудан өту жылдамдығы бірнеше есеге артпақ. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді. 

Өткізу пунктерінің жұмысы жетілдіріледі

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сүйенсек, кедендік бекеттен көліктің өту қарқынының артуына Қаржы министрлігі әзірлеген «Эталондық өткізу пункті» Тұжырымдамасы негіз болған. Аталған құжат қазақстандық өткізу пунктерінің жұмысын жетілдіруге бағытталған.

Мәселен, соңғы жылдарды Қытайдан көлік ағымының өтуі 1,5-ға, ал Өзбекстаннан екі есеге артты. Тиісінше осы елдермен тауар айналымы да өскен.

Көлік ағымының артуы шекарада тиісті жағдайлардың жасалуымен тікелей байланысты. «Эталондық өткізу пункті» Тұжырымдамасы негізінен автокөлік құралдарының шекара арқылы тез өтуіне бағытталған.

Әйтсе де, Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сүйенсек, шекарадағы инфрақұрылым көліктердің өспелі ағынын бір қалыпты және жылдам өтуіне қиындық келтіреді. Әсіресе, кедендік бақылаудың техникалық құралдарының 60 пайыздан астамы ескірген.

Сондықтан шекарадағы өткізу пунктерінің жұмыстарын жақсарту мақсатында 2018 жылғы маусымда Бейжің қаласында Негіздемелік келісімге қол қойылған. Соған сәйкес, Қытай тарапы 2 062 миллион юань сомасына жеңілдетілген несие береді.

Аталған қаражат 9 автомобильдік және 1 теміржол өткізу пункттерін жаңғыртуға және техникалық қайта жабдықтауға жұмсалады. Сондай-ақ Бас диспетчерлік басқармасын техникалық қайта жабдықтау жоспарланып отыр. Көлік құралдарының тоқтаусыз қозғалысы үшін техникалық бақылаудың автоматтандырылған бірыңғай төте дәліздері орнатылмақ. Жоба 2019 жылдың аяғында басталып, 2022 жылы аяқталады.

ЕАЭО сыртқы шекарасының барлық периметрі бойынша өткізу пункттерін жаңғырту, сондай-ақ тауарларды өткізудің барлық кезендерін автоматтандыру кедендік әкімшілендіру деңгейін жоғарлатуға, өткізу пункттерінің инфрақұрылымын жақсартуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жалпы алғанда СЭҚ қатысушылардың қаржылық шығындарына оң әсер тигізеді және елдің транзиттік әлеуетін арттырады.