Жуырда ғана Қазақстанның «100 жаңа есіміне» кірген семсерлесу спортының өкілі Тамила Муридованың да арманы Олимпия ойындарының чемпионы атану. Кейіпкеріміз бүгінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері саналады. Былтыр Тамила Италияның Верона қаласында жалауы желбіреген жасөспірімдер мен кадеттер арасындағы әлем чемпионатында қола медальға ие болды. Бұл медаль Қазақстанның қыздар арасындағы семсерлесу спортының шпага түрі бойынша әлем чемпионатында алған алғашқы жүлдесі болатын.
«Қазақстанда семсерлесу спорты жайлы көп адам біле бермейді. Мен елімізде бұл спорттың дамығанын қалаймын. Мысалы, Италияның орта білім беретін мектептерінің бәрінде семсерлесу бойынша сабақтар бар. Біз үшін бұл арман, әрине. Бірақ осы спорт туралы адамдар көбірек білсе, оған қызығатындардың да саны артары сөзсіз», дейді Тамила.
Тамила Муридованы семсерлесу залына алып келген өзінің сыныптас құрбысы екен. Кейінірек құрбысы спорттан кетсе де, Тамила жаттығуды жалғастыра берген. 12 жасынан спортта жүрген Тамила семсерлесуді ең әдемі спорт түрі және керемет эмоция сыйлайды дейді.
Кейіпкеріміз былтыр Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасына қатысты. Бірақ Тамила Муридова өзінің жарқын жетістігімен жанкүйерлерін қуанта алмады. Жасөспірімдер Олимпиадасында кеткен есесін Тамила келесі жылы Жапонияда өтетін Олимпия ойындарында қайтармақшы.
«Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додаға жолдама алу мен Олимпия ойындарында ел намысын қорғау кез келген спортшының арманы десем болады. Былтыр жасөспірімдер арасындағы Олимпия ойындарында іріктеуден әрі аса алмадым. Барлығы өз қателігімнен болды деп есептеймін. Бұл Олимпиадаға психологиялық тұрғыдан дайын болмадым. Десе де төртжылдықтың басты додасына қатысып, біраз тәжірибе жинақтадым. Енді ересектер арасындағы Олимпиадада ел құрамасының қоржынына алтын жүлде салғым келеді».
Тамила қазіргі таңда Италия, Ресей, Венгрия және Украина елдерінде семсерлесу спорты қатты дамығанын айтады және аталған елдің спортшыларын өзіне лайықты қарсылас деп санайды. Сондай-ақ ол семсерлесуден әлемнің екі дүркін чемпионы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері италиялық Росселла Фьямингоны үлгі тұтады.
Тамила Муридованы биыл халықаралық екі үлкен дода күтіп тұр. Бірі наурыз айында өтетін Азия чемпионаты болса, екіншісі сәуір айында жалауы желбірейтін 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионаты болмақ. Егер жас спортшымыз аталған бәсекелерде өзін жақсы қырынан көрсетіп жүлдеге ілігіп жатса, 2020 жылы Жапония астанасы Токиода өтетін ХХХIІ Жазғы Олимпия ойындарына берілетін жолдамаға таласуға мүмкіндік алады. Сайысқа түсетін жас саңлағымызға алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»