Қазақстан • 08 Наурыз, 2019

Білікті бизнес-леди

938 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова «Еgemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Әйелдер – үшінші жаңғырудың сарқылмас қайнар көзі» атты мақаласында (5.03.) замандас әйелдер қауымына үлгі боларлық жарқын мысалдар келтіреді. Солардың қатарында бизнесті уақыт талабына сай жүргізудің жаңашылдық, бас­тамашылдық факторларын терең игеріп, сыртқы нарық­қа түбегейлі бет бұрған «Молпродукт» ЖШС-нің ілкімді істері, іргелі кәсіпорынға жетекшілік ететін Роза Сүлейменованың есімі ілтипатпен аталады.

Білікті бизнес-леди

«Молпродукт» зауыты 1997 жылы құрылғанымен дәл осындай биіктіктерді бағындыру­ға бірден жете қойған жоқ. Осы уақыт аралығында табыстың тайқазанын тасытуға қанша ұмтылса да бірқатар кедергілер қолбайлау болды. Әсіресе шикізат тапшылығынан тұра­лап, тығырыққа тірелген сәт­тер жиі кездесті. Оған қара­жат­тың жетімсіздігі, кеңес кезі­нен қалған ескі құрал-жаб­дықтарды ауыстыру мүм­кін­діктерінің шектеулігі секілді қиындықтар қосылып, «шықпа жаным шықпаның» тірлігін бастан өткеруге тура келді. Жалақының уақтылы беріл­меуі, өндіріс цехтарының тоқ­тап қалуы салдарынан білік­ті мамандардың, тәжірибелі кадр­­лардың өзге өңірлерге, Ресей­ге қоныс аударуы онсыз да сиқы кеткен ортаның да, әлеу­меттік мәселелерді де тым күрделендіріп жіберді. 2012 жыл зауыт үшін бетбұрыс кезеңі ретінде есте қалды. Бас­шылық тізгіні еңбек жолын сүт комбинатынан бастап, осы саланың қыр-сырын жетік білетін Роза Сүлейменоваға сеніп тапсырылды. Ол жұмысқа кірісе салысымен кәсіпорын­ды қайтсе де сақтап қалудың, сауықтырудың нақты жолдарын ойластырып, ұсыныстар әзірлеп, республикалық ведомстволар алдына бірнеше мәрте мәселе етіп қойды. Содан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 3,5 миллиард теңге мөлшерінде мемлекеттің қолдау несиесіне қол жеткізілді. Бұл қаражатқа цехтар жаңартылып, Еуропадан әкелінген «Тетра Пак» заманауи қондырғылары орнатылды. Осылайша өнімнің ондаған түрі шығарылып, сақтау мер­зімі 40 күннен 1 жылға дейін ұзартылды. Бұрын тәулігіне тұтынушыларға 20 тонна ғана өнім жөнелтілсе, бұл көрсеткіш 350 тоннаға дейін ұлғайтылды. Жұмыс үрдісі толық автоматтандырылып, еңбек өнімділігі артты. Германиядан, Швециядан, Франциядан инновациялық жобаларға негізделген құрыл­ғы­лар, тоңазытқыш агрегаты бар көліктер, сүт сақтауға арналған танкерлер жеткізілді. Осы жылы облысқа іссапармен келген Елбасы зауытқа арнайы соғып, Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей сүт өндіру алаңының автоматтандырылған өндіріс әлеуетіне жоғары баға берді. 

Содан бергі кезеңде қазақ­стандық экспорттық даму перс­пективаларына бағдарлан­ған бір­қатар озық жобаларды сәтті жүзеге асыра білген «Молпродукт» ЖШС бүгінде сүт өнім­дерін заманауи технология­мен өңдейтін сүт нарығының біре­гей көшбасшысы саналады. Дайын өнім шығарудың барлық сатыларында өнім сапасына бақылау жүйесі ор­ныққан. Халықаралық ISO 22000:2005 /НАССР/ стандарт сертификаты бойынша жұмыс істейді. Роза Әбдіғалымқызы ұжымның күш-жігерін ортақ мақ­сатқа жұмылдыра отырып тұрақты еңбек ететін 250 жұ­мысшы-қыз­мет­кердің өмір сапасына көңіл бөлуді басты мақсат санайды. 

– Кәсіпорын үкіметтің қар­жылық қолдауына сүйеніп келсе, ендігі кезектегі мін­дет – ұжым мүшелерінің әлеу­мет­тік-тұрмыстық жағдайын ұда­йы жақсарту. Бәсекеге қабы­лет­­ті­лігіміз нығая түскен сайын кіріс те молайып келеді. Өнімді өндіру өз алдына, басты мәселенің бірі – өткізу, сату, қолайлы нарық көз­дерін іздестіру, табу. Күн­­дік сүт өңдеу қуатты 500 тон­наға лайықталған зауыт­­тың экологиялық таза өнім­дері үлкен сұранысқа ие. Қай­мақ-сүт өнімдерінің 60-тан ас­там аталымы шығарылады. Елі­міз­дің барлық өңірімен қатар Ресейге де экспортталады.Түс­кен табыстың бір бөлігін мате­риа­лдық-техникалық базаны ны­ғайтуға, еңбеккерлердің игі­лі­гіне жұмсайтын боламыз. 100 мың теңгеден айналатын орташа жалақы одан әрі өсіріледі, – дейді Р. Сүлейменова. 

 Оның айтуынша, «Қазақстан даму банкі» АҚ-ы арқылы сүт өнім­дерін өндіру және оны одан әрі экспортқа шығару мақ­сатымен үш жылға дейінгі мер­зімге екі миллиард теңге мөл­шерінде жаңартылмалы кредит­тік желі ашылыпты. Мұның өзі сыртқы нарыққа жеткізу көле­мін арттыруға зор ықпал етеді. Шекаралас аймақтардағы Ресей облыстарында сүт тұтыну­дың жылдық мөлшері 1,3 мил­лион тонна екенін ескерсек, білік­ті басшының бұл бағыт­­тағы ұстанымы өте құптарлық. Сату географиясын кеңейту үшін шикізат сатып алуға, басқа да өн­дірістік шығындарды жа­бу­ға қосымша ресрустар қажет болғандықтан, мұндай қадам­дарға бару қалыпты жайт. Осында өндірілетін сүт өнім­дерінің 13 мың тоннасын көр­ші ел сатып алып келсе, енді оның мөлшерін екі есеге дейін кө­бейтіп, жылдық түсімі 4,3 мил­лиард теңгеге жеткізілмек. Экс­порттық үлес 30 пайызға дейін артады. Үлкен қызығушылық танытып отырған Қытай еліне қарай жол ашылса, табыс еселене түсеріне күмән жоқ. 

Біз білетін Роза Әбдіғалым­қызы осындай білікті басшы, істің адамы.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Еgemen Qazaqstan»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар