Самсаған сұлулардың галереясын жасап, сан түрлі әйел образын сомдаған талантына жасалған тағзым болар, «ана» десе, «әйел» десе, алдымен еске Әмина апамыз түседі. «Тақиялы періште», «Гауһартас», «Ана туралы аңыз» сынды халықтық фильмдердің қуатымен, талантының арқасында танымалдылықтың тәжін киген қарапайым актрисаны әр қазақ өз отбасының бір мүшесіндей жақын тұтты. Перзенті үшін өбек қағып, қамқор болуға асығып тұратын пейілі кең, жаулығы желбіреген мейірімді анадан әркім өз анасын таныды. Ана махаббатының күшін көрді. Тана апаның келін іздеген қазақы оқиғасы елу жыл бойы көгілдір экранның көркі болып, 8 наурыз күнгі мерекенің шуағын сезіндіретін өміршең туынды ретінде көрерменнің көңіл төрінен орын алуының себебі де сол шынайылығынан. Ананың махаббатында жасандылық болмайтынын ұлы актриса асқан шеберлікпен дәлелдей алды. Ол ойнаған кейіпкерлер мейірімнің, кешірімнің, даналықтың өзінен жаралғандай еді және осы мінезі өзіне ғана тән қолтаңбасы болды. Әмина апаны басқа ешкімнің де қайталай алмайтыны сондықтан. Төменде сөз алған қазақ өнеріндегі нар тұлғалардың бәрі де Әмина апа туралы «тумаса да туғандай болған анам еді» деп сөз бастады. Қалтқысыз сендік. Өйткені шын таланттың болмысы биік өнер айдынына шашырап түскен өз өмірінің де сәулесі емес пе?..
Әминажан, мен әдейілеп тұрып саған сценарий жаздым. Бұл – комедиялық туынды. Басты рөлде сен ойнайсың... Осы күлкіңнен айырылма.
Шәкен АЙМАНОВ,
КСРО халық әртісі,
КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты
Роза ӘШІРБЕКОВА, Қазақстанның халық әртісі:
«Аңыз ана» десе – аңыз ана
Әмина Өмірзақованың ЮНЕСКО бойынша 100 жылдығының аталып өтуі – бүкіл қазақ халқы үшін биік мәртебе деп білемін. Ол кісі менің театрдағы алғашқы ұстазым, тумаса да туғандай болған анам. Қазір жасым 80-ге келіп отыр, ал алғаш үрпек балапандай болсам да, таудай үмітімді арқалап театрға келген кезімде құшағын жайып қарсы алып, қол ұшын берген Әмина апам болатын. Жастарға қамқор болып жүруді, білмегенін үйретуді, әділетсіздіктерден арашалап қалуды апам өзінің міндеті санайтын. Ол кісінің бойындағы бір қасиеті, ұнатқан адамын төбесіне көтеріп, бар ынты-шынтысымен соған құлай берілетін. Ал ұнамаса, бетің бар, жүзің бар демей, тіліп тұрып турасын айтатын. Мінезі тура кинодағыдай еді. Ақжарқын, мейірімді, кеңпейіл. Көп актрисалар ол кісіге қызығып та, қызғанып та қарайтын. Кімді де болса күлкісімен үйіріп алатын. Мұндай актрисалар қазір жоқтың қасы.
С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» мен Бәтесті, Әмина апам Бүркіттің анасын ойнады. Бәтес – менің театрға келгеннен кейінгі алғашқы басты рөлдерімнің бірі. Сахнаға шығып келе жатқанымда жүрегім дүрсілдеп, аяқ-қолым дірілдеп, бойымды билей алмай кетемін. Сондайда Әмина апа құшақтаған болып, «қорықпа» дегенді қас-қабағымен ұғындырып, өзі жетектей жөнелетін. Спектакльден соң «сахнада осылай жүру керек», «былай жасағаның дұрыс» деп ерінбей ақылын айтып, үйретіп отырар еді.
Біздің есімізде қалған үлкен өнегесінің бірі, құдай қосқан қосағы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кәмәси Өмірзақов аға екеуінің арасындағы жұбайлық қарым-қатынастың шынайылығы еді. Өмірде де, өнерде де екеуі қатар жүрді. Үйде күйеуі мен әйелі қалай жүрсе, театрға келгеннен кейін екеуі тура солай жүретін. Әмина апа екеуінің мінезі бір-біріне ғажап ұқсас еді, құдайдың қателеспей жолықтырған лайықты жұбы деп сеніммен айтамын. Өкінішке қарай, Кәмәси аға елуден асқан шағында өмірден ерте өтіп кетті. Екі ұл, бір қыздың тәрбиесі мен мехнаты Әмина апаның мойнында қалды. Театр мен киноның ортасында шапқылап жүріп, үш баласын қатарынан кем қылмай өсіріп, сапалы білім, саналы тәрбие берген еңбегін кімге де болса үлгі тұтып айтып жүремін. «Аңыз ана» десе – аңыз ана. Әмина апа соңғы он жылда аяғынан сырқаттанып, жүріп-тұруы қиынға соғып, кейін тіпті жүре алмай қалғанында, Талас деген үлкен ұлы анасын театрға көтеріп алып келетін. Таластың анасын алақанына салып баққан азаматтығын аузымыздың суы құрып, әлі күнге тамсанып айтып отырамыз. Ұлың болса Таластай болсын, ұл өсірсең, әне, Әмина ападай өсір.
Әмина апаның ұжымға келіп-кеткенінің өзі бір мереке еді. Кезек-кезек құшағымызға алып, ортамыз толып, бір жасап қалатын едік. Сондайда апамның қартайса да мөлтілдеп тұратын шуағы сейілмеген жанарына жас тұнып: «сендерді көріп көңілім жасарып қалды ғой» деп жаулығымен көзін сүртіп, балаша мәз болып қуанып отыратынын ұмытқам жоқ.
Әлімғазы РАЙЫМБЕКОВ: «Мына күшікті сабайын деп едім»
1968 жылы Ш.Аймановтың шақыруымен «Тақиялы періште» фильміне Әмина апаймен бірге түскенімнен ел хабардар. Тайлақтың рөліне ауылда трактор айдап жүрген жерімнен келіп түстім. Кілең «сен тұр, мен атайын» актерлердің ішінде өзімді қолайсыз сезінетінімді айтқызбай түсініп, әу бастан болмысы мейірім мен қарапайымдылықтан егіз жаралған Әмина апам түсіру алаңында маған көп қол ұшын берді. Көзі тірісінде апамның өзіне де талай айтқанмын, өмір бойы айтып өтемін: кең жүрегі мен сол көмегіне мың да бір рахмет! Әмина апай сияқты жүрегі еттен емес, мейірімнен жаралған, өз ісінің нағыз майталманына кездескенім үшін рахмет айтудан жалықпаймын. Жүрегі қандай кең болса, ойлайтын ойы да, сөйлеген сөзі де сондай кең, бөтен пиғылсыз таза болатын. Мінезі ашық, көпшіл адам еді. Үлкенге де, кішіге де сыйластығы көрініп, ботадай мөлдір көздері үнемі күлім қағып тұратын. Өзі түсіп алғаннан кейін алаңнан кетіп қалу дегенді ол кісі білмейді, сенің де ойыныңа кірпік қақпай қарап отырады. «Сен жаңа ғана осылай жасағансың, енді мұны қайталаудың қажеті жоқ, енді былай жаса» деп режиссерден тысқары дереу өз ақылын айтатын. Мен де ол кісілерді ұятқа қалдырмауға тырысып, сценарийді жаттап, жасайтын әрбір әрекетімді, қимылымды ойланып, іштей пісіремін.
Қайбір жылы «Қазақфильмде» бас энергетик болып жұмыс істеген Қиябек деген азамат кейін кәсіпкер болып, «Қазақ сусыны» деген сусын шығарып, Әмина апа екеумізді сол өнімді жарнамалауға шақырды. Түсірілім Медеуде жүргізілуі тиіс еді, Әмина апаның сырқаттанып қалғанына байланысты үйіне барып түсіретін болдық. Шақырған уақытында есік қақтық. Есік ашылғанда, апамның қарсы қарап, арбада отырғанын көрдік. Мені көре салды да, ілулі тұрған қамшыны жұлып алып, арбасымен маған қарай тұра «жүгірді». «Не болды, апа?» деп Қиябек қапелімде абдырап қалды. «Үйге келіп, хал сұрауға жарамайтын мына күшікті сабайын деп едім» деп апам ашуланған болып тұрса да, көздеріне үйірілген күлкісін жасыра алмай, тобылғы сап күрең қамшысын төбесінен асыра үйіріп, маған қарай тап-тап береді. Ортада Қиябек қамшыдан «арашалаған» болып жүр. Сол кезде жасым алпыстан асқан мені апам әлі сол «Тақиялы періштедегі» Тайлақ баласы сияқты көріп төмпештеп алмақшы. Бұл баласын риясыз жақсы көретін мейірбан ана махаббатының көрінісі емес пе? Әмина апамның жиі қайталап айтатын: «қайда жүрсең де, қазақ бол!» дейтін бірауыз сөзін бүгінде өзім де жиі қайталайтын болғанмын. Жастармен кездесулерге барғанымда батаға айналған бұл аталы сөз аузымнан түспейді. 2015 жылы апам туып-өскен Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл деген ауылға барып, Мәдениет үйінің алдына орнатылған ескерткішін ашып қайттым.
Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Сұлулығы көкірегі мен көзінде ғой, шіркін
Әмина апамыз қазақ өнеріне, әсіресе кино саласына үлкен құбылыс болып келген дара тұлға еді. 1971 жылы студент болып жүріп Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына актер болып орналасқанымда, шын ықыласын көрсетіп қарсы алған Әмина апам болатын. Сол жылдары Қ.Ысқақовтың «Апа-апатай» атты пьесасы сахнаға шығатын болды. Орыстың баласын қазақтың қара кемпірі асырап алатыны туралы пьеса аса әсерлі сахналанды. Қара кемпірді Әмина апа, мен болсам асыранды баланы ойнадым. Спектакль аншлагпен жүрді, халық нөпір болып келетін, жылап-сықтап қайтатын мұңлы драма еді. Міне, осыдан бастап Әмина апам мені ұлындай, мен ол кісіні өз анамдай жақын тұтатын болдым. Театрдан кетсем де, Әмина апаммен хабар-ошарымыз үзілмей, жиі жолығысып тұрдық. Әмина апам өнердегі бағын өмірде аса сезіне алмай кеткен қамкөңіл аналардың бірі. Соған қарамастан аспандағы самсаған сансыз жұлдыздың ішінен іздесек, аса қиналмай тауып алатын айрықша жарығы Әмина Өмірзақованың жұлдызы дер едім. Ол орыс режиссерлерімен көп жұмыс істеді. Г.Рошаль мен Е.Арон «Абай әндерін» түсіргенде, апам Ажардың рөлін ойнады. Әмина апамыздың мұрны, әсіресе кеңсірігінің жоғарғы жағы жайдақтау болып келеді. Осыны актрисаның бет пішініндегі олқылық деп санаған біреу «жоқ, оның түрі Ажарға келмейді» деп, басты рөлді ойнауына қарсы болады. Сонда Мұхтар Әуезовтің өзі: «Құдай-ау, мұрында тұрған не бар, көзін айтсаңдаршы, көзін» деп сыншылардың бұл пікірімен келіскісі келмейді. Сол талқылаудың ішінде отырған Шәкен Айманов ағамыз шыдамай кетіп: «тәйірі соны да кемшілік көріп айтып отырсыңдар ма, ол мұрынды қырдай қылып шығарамыз әлі» деп, гумус деп аталатын ермексаз сияқты материалды кеңсірік тұсынан келістіріп тұрып жапсырып, қыр мұрынды Әмина апамды жетектеп алып келгенде, сыншылар көзімен шер шұқыған екен. Шынында да, Әмина Өмірзақованың сұлулығы – көкірегі мен көзінде ғой, шіркін.
Ә.Өмірзақова – әмбебап актриса. Ол кісіге драма не, комедия не, трагедия не, оң-солына қарамайтын шын палуан сияқты, бөліп-жармастан бірдей шеберлікпен ойнап шығатын. Тағы бірде театрымыздың қоржынына «Қаладан келген қылжақбас» деген пьеса келіп түсе қалды. Мен баяғы қолында гитара, жалбыраған шашы иыққа түскен, орысша-французша сөйлейтін қаланың шолжаң баласын ойнаймын. Апам әдеттегідей, менің әжем. Әжесінің өзі де немересіне сай, қала тәртібіне қалыптасқан сәнқой, орысқол әже. Спектакль театрдың кілең мықтыларын топтастырған тамаша қойылым болды. Халық күлген кезде, ішегі үзіліп кетердей қыран-топан болатын. Сол кездегі тарландардың сөз саптауы да, мінез-құлқы да бөлек еді. Бүгінгі көзқарас тұрғысынан алғанда, бұл буынның кәсібилігінде кемшіліктер болуы мүмкін, бірақ соның бәрін ағаларымыз бен апаларымыздың бойындағы өнерге деген құрметі мен ілтипаты жеңіп кете беретін. Бұл кісілер өнердің табалдырығын адал аттады. Сахнаның пірі Станиславский айтады: «Сен өнердегі өзіңді сүйме, өзіңдегі өнерді сүй» дейді. Олардың өнерді бәрінен биік қойып қастерлегені кемшілік емес, керісінше, артықшылығы емес пе? Әркімге өз кезеңі ыстық. Мен де сол буынның өкшесін басып, өнерге деген құрметтің биік кезінде пісіп-жетілдім.
Театрға келген күнімнен бастап, кеткенімше Әмина апам қасымда болды. Ауруханада науқастанып жатқанымда, «Досхан, сен театрға директор бол, көркемдік жетекші бол, бізді басқар» деп Әмина апам жанына жеті-сегіз інілері мен сіңлілерін ертіп палатаға дейін келіп, арғы-бергі жағдайды парасатпен түсіндіріп, басшы болуымды өтініп еді. «Ойбай, апа, бола алмаймын» деп ат-тонымды алып қашсам да, «осы театрға бармақтай кезіңнен келдің, бәрін танисың, үлкен-кішімен тіл табысасың, еңбегің бар» дегеннен кейін, апамның сөзіне тоқтап, көп жыл театрды басқардым. Әмина Өмірзақова мен Хадиша Бөкеева екеуі де Ленинградта оқыды, екеуінің мектебі бір, ойынына қарап өзегін танисың да. Үлкен мектептің, кәсіби қолтаңбаның жатқаны айқын аңғарылады. Әмина апа сахнаға шыққанда, бойынан жусанның иісі, атыраптың жұпар ауасы, дархан даланың лебі есіп қоя беретін.
Ескендір ӨМІРЗАҚОВ, ұлы:
Анам мехнат пен бейнетті көп шекті
Менің анам Ленинград қаласына оқуға аттанғанда, небәрі 15 жаста ғана екен. А.Луначарский атындағы Театр өнері институтында Қазақстаннан барып оқыған алғашқы өнер саңлақтарының бірі, атақты Меркурьев деген режиссердің класына түсіп, білім алады. Анам Отанына оралған кезде, соғыс басталып, аласапыран, қиын уақыт орнайды. Әкем мен анамның бір-біріне деген махаббаты өлшеусіз еді, өмір бойы сол сезімдеріне қылау түсірмей, аялап өтті. Әкем соғысқа қатысты, анам театрда жұмыс істеді. 1940 жылы үлкен әпкем Ләйлә өмірге келеді. Әкем соғыстан оралған соң 1945 жылы ағам Талас, ал 1947 жылы мен дүние есігін аштым.
Әрбір әртістің баласы сияқты, біздің де балалық шағымыз театр шымылдығының артында өтті. Таңнан бастап түн қараңғылығын жамылғанша өмірі театрда өтетін актерлер, баласын қалдыратын жер таппай, өздерімен бірге ала жүретіні бүкіл елге аян. ТЮЗ-да бір кездері қазақ театры мен орыс театры қатар жұмыс істеді. Ойыңда түк жоқ, жүгіріп жүрген ойын баласы болсаң да, режиссерлер ұстап алып, спектакльдердің көпшілік сахнасына қатыстырып қояды. Сөйтіп аяқ асты актер де болып кетесің. Менің анам темірдей төзімді, асқан еңбекқор, өз кәсібінің нағыз шебері болды. Театрда күн сайын таңертең репетиция, күні бойы киностудияда дубляж, ал кешке спектакль. Үйге тек түннің бір уағында келеміз. Анам сияқты киноға көп түскен актриса некен-саяқ. Осы күні ойлап қарасам, театр мен киноның арасында жүгіріп жүретін анам үйдің тіршілігі мен біздің тәрбиемізді де бір сәт босаңсытпаған екен. Атқарып беретін автоматты техника жоқ, ол уақытта шаруаның бәрі қолмен істеледі. Сонда анам жалғыз өзі осының бәріне қалай үлгерді екен деп ойлаймын. Ал жаз бойы бүкіл облыстарды, қияндағы аудан, түкпірдегі ауылдарды түгендеп гастрольде жүреді. Үш баласын жеткізу үшін анам осыншама жүктемеге арқасын төсеп, мехнат пен бейнетті көп шекті. Бірақ бір сәтке де мойымады. Біздің балалық шағымыз Алматы өзенінің бойындағы барақ типті үйдің бір бөлмесінде өтті. Бірақ өте бақытты өмір сүрдік. Байлыққа белшемізден батпасақ та, анамыз жоқтықтың не екенін көрсетпек түгілі, сездірмеді де. Барын аузымызға тосты, иінімізді жылтыратып киіндірді.
Міне, өзіміз де өстік, азамат болдық. Таңнан кешке дейін тынымсыз еңбек етудің қандай болатынын енді ғана сезіндік. Әлдеқайда дамыған заманда, өркениетті өркендеудің басқа деңгейінде өмір сүріп отырмыз, аналарымыз көрген қиындықтың бірін де көрген жоқпыз. Сонда да шаршаймыз, қалжыраймыз, сонда біздің аналарымыз шынашақтай қалпымен иығына түскен үлкен жүкті қалай жүріп көтерген, қалайша жеңген? Ақылыма сыймайды. Таңғаламын.
Мен техникалық кәсіпті таңдадым, инженер болдым. Он жеті жыл Украинада жүрдім, содан соң Югославияға кеттім. Бірақ өнерден алыстай алмадым, соған қарағанда әкем мен анамнан дарыған қасиет қаныма әбден сіңген. Әскерде жүрсем де, құрылыста жұмыс істесем де, жан дүнием өнермен қабысып жатты. Олег Анофриевпен бірге соғыс туралы фильмге, «Мәншүк туралы ән» фильмінің эпизодына түстім. Қазір мен де немерелерімді айналып-толғанып отырған атамын. 22 маусым күні 72 жасқа келемін. Анамның 100 жылдық мерейтойы қуанышын көру бақыты бұйырғанына мың алғыс. Талас бауырымның өмірден ерте кетіп қалғаны ғана өкінішті. КСРО киносындағы атақты есімдердің бірі, белгілі актриса Галина Польскихпен бірге Юлий Карасик деген режиссердің «Дикая собака Динго» фильміне түсті. Қазақ фильмдерінің эпизодтарына да өте көп түсті. Өмірінің соңғы жылдарында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында режиссурадан сабақ берді. Ләйлә әпкем физика-математика факультетін бітірген, жоғары оқу орнында математикадан сабақ берді, өмірін оқытушылыққа арнады. Әулетіміздің, қысқаша тарихы, міне, осындай.
Дайындаған Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ