Әйел бейнесі барлық уақытта да суретшілерді сүбелі туындылар жазу үшін шабыттандырып келді. Әлемдік бейнелеу өнерінде өте сұлу ханымдардың кескіндемелік, мүсіндік және графикалық бейнелері ғасырлар, тіпті мыңжылдықтардан аман қалып ұлы жауһарға айналғанын айқындайтын мысалдар аз емес. Қазақ суретшілері қалыптаған айтулы картиналарда да әйел образы ойып тұрып орын алады. Бұл тұрғыда Қанапия Телжанов, Сабыр Мәмбеев секілді саңлақ суреткерлердің есімдерін ерекше атаған жөн. Әсіресе, қазақ даласынан шыққан тұңғыш суретші қыздардың бірі Айша Ғалымбаева өз шығармашылық әлемінде бұл тақырыпқа тереңдеп енді. Оның «Батыр ана», «Халық таланты», «Домбыра әуендері», «Халық шебері Бәсенованың портреті» секілді туындылары бұл тақырыптағы бәсі биік шығармаларға айналды.
Ұлттық сурет өнерінің қара шаңырағы саналатын Ә.Қастеев атындағы музей қорынан әйел тақырыбын боямасыз бейнелеген бірқатар іргелі шығармаларды кездестіруге болады. Мұндағы әр картинаның өзіне тән тарихы бар.
«Көктем мерекесіне орай музейдің ғасырлық қорында сақталған картиналарды топтастырып көрермен назарына ұсынып көрдік. Көпшілік жылы қабылдады. Экспозицияның негізін авторлары әйелдердің өздері болып табылатын картиналар құрайды. Олардың ішінде Қазақстан бейнелеу өнеріне 40-жылдардың соңы – 50-жылдардың басында келген Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Ысмаилова, Мария Лизогуб, Ольга Кужеленко, Анна Мартова, Елена Тоқай сияқты кеңестік дәуірдегі атақты шеберлер, сондай-ақ шығармашылық жолдары 70-жылдардың соңы 80-жылдардың басынан бастау алған Зейнегүл Түсіпова, Елена Бейсембинова сияқты суретшілер бар. Көрме қабырғасынан сәндік, бояуы қанық кескіндемелермен қатар, жеңіл, көркем мәнерде орындалған нәзік жұмыстарға дейін кезіктіресіз. Дегенмен, осы шығармалардың барлығын, портрет немесе натюрморт болсын ерекше лирикалық құрылым, жылулық пен бейнелердің асқақ тебіренісі біріктіреді, – дейді өнертанушы Клара Исабаева.
Жүзінен арай төгілген асыл жандардың өнегелі өмірі, жарқын бейнесі жүрегіңді елжіретіп, санаңды сезім құшағында әлдилемеуі мүмкін емес.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ