Қазақстан • 08 Наурыз, 2019

Құштарлықты оятар қойылым

1043 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық әйелдер күніне орай, «Астана балет» театры елордаға арнайы алдыртқан бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Баяу жалын» атты қойылымын сахна төріне шығарады. Әу баста бұл спектакль Фландрия Корольдік балетіне арнап шығарылғанын айта кетуге болады.

 

Құштарлықты оятар қойылым

Қыз-келіншектерге арналған өнер тартуы «Пәк сезім» атты махаббат пен құштарлық сезімін сипаттайтын үздік жұмыстардан құралған. Амарантенің бұл туындысы әйелге ғана тән нәзік әрі романтикалық сезімнен бастап, ойнақылық пен құштарлықты оятар көңіл күйдің қайталанбас ғажайып өрнектерін қамтиды. «Махаббат сезімі әрқилы: құштарлық пен тамсану, табандылық, нәзіктік әрі жылулық сезімдерінің жиынтығы бұл. Оны түсіну немесе ұстап көру мүмкін емес. Алайда, оны жүрегіңізге қондырып, бойыңыздағы ішкі әрі сыртқы өзгерістерге тәнті болуға болады. Сосын махаббат жайлы айтсақ, ең әуелі нәзік жандыларды сөз еткеніміз жөн. Себебі бұл олардың бойында туа біткен қасиет. Әйел заты болмаса, ерлер бұл сезімнен мақұрым қалған болар еді. Менің балеттерім тап осы туралы», дейді әйгілі Рикардо Амаранте. 

Бекзат өнерді бағалайтын көрермен үшін кеш бағдарламасына екі нәзік әрі сезімге бай қойылым еніп отыр: «A Fuego Lento» (Баяу жалын) және «Love Fear Loss» (Махаббат. Айырылу. Үрей). 

Ендігі жерде «Астана балет» театры­ның репертуарынан орын алған аталмыш шығармалардың премьерасы 2016 жылдың соңында заманауи хореографияны ұнатушылардың қошеметіне бөленген болатын. 

«A Fuego Lento» қойылымында хореограф адам баласының махаббат пен құштарлық сезіміне алғаш еліткен тұста, бойын кернеген жалын жайлы баяндайды. Рикардо Амарантенің айтуынша, бұл балеттің әр қимылы сезімтал танго ырғағына тербелген эмоциялық қуатты ұлықтайды.

Хореографтың екінші туындысы да, алдыңғысынан еш кем емес. Яғни, «Love Fear Loss» француз әншісі Эдит Пиафтың махаббат сезіміне шомылып үлгермей жатып, сүйіктісінен қапияда айырылып қалған қасіретті тағдырын суреттейді. 

Рикардо Амарантенің айтуынша, «Пәк сезім» бағдарламасының бас­ты тар­туы – аустриялық композитор Франц Шу­берттің №14 Ішекті аспаптар квар­теті, ре минор «Ажал мен ару» атты му­зыкасына қойылған «Silent Voices» («Ұяң дауыстар») атты тың неоклас­сикалық қойылым.     

«Пластика тілінің құдіретімен өз басым, адам баласының ішіндегі дауыс­тар жайлы баяндағым келді. Орын­даушылардың келбеті мен тәнінің көр­кем үйлесімін қолдана отырып, біз, адам­заттың көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін сұхбаттастары жайлы айтып беруге тырыстық. Сол арқылы адамның ішкі күйін, бойын билеген үрей мен қорқыныш, үміт пен күмән сезімін жеткізбекші болдық», – дейді, хореограф. 

Сондай-ақ бағдарламаға қосымша, Арманд Амардың музыкасына қойыл­ған «Әлем» спектаклінің үзіндісі көрсе­тілмек. Ресейлік хореограф Никита Дми­триевский қойған бұл спектакль «Астана балет» театрының сахнасында 2014 жылы көрсетілген болатын.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»