Аймақтар • 11 Наурыз, 2019

Оңдасын Оразалин: Біз жас ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелеуіміз керек

1024 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

9 наурыз, сенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс бабымен Мәртөк ауданына барып, бірқатар өндірістік нысанда болды, дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты, тұрғындармен кездесті.

Оңдасын Оразалин: Біз жас ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелеуіміз керек

Ауданның ең ірі өндірістерінің бірі - өңдеуші зауытқа күн сайын 26,5 тонна сүт жеткізетін «Айс» ЖШС сүт тауарлы фермасы болып табылады. Облыс әкімі өндіріс процестерімен және цифрландыру элементтерімен, өндірілетін тауарлар көрмесімен танысты. Бұдан басқа, өңір басшысы жүгері мен жоңышқадан дайындалатын мал азығын өсіретін, дайындайтын және сақтайтын «Милкер» ЖШС жобасының жүзеге асырылу барысы жайында ақпарат алды.  Аталмыш жобаның 2020-2022 жылдарға арналған екінші кезеңінде 1600 бас ірі қара малға арналған сүт тауарлы фермасы құрылады. Кейін «Айс» ЖШС аумағында облыс әкімі мен ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті.

Тұрғындармен кездесу Достық үйінің ғимаратында өтті. Еркін әңгіме түрінде өткен шара кезінде аудан тұрғындары облыс әкіміне проблемалық сұрақтарын қойды. Аудан орталығында Достық саябағын салу туралы өтініштер айтылып, көлік жолдарының сапасы, қар шығару,  мал жаятын жайылымдық жерлердің тапшылығына байланысты сұрақтар көтерілді.

Облыс әкімі сондай-ақ, аудан басшылығына Елбасының «Nur Otan» партиясының соңғы съезінде қойған міндеттерін сапалы жүзеге асыру үшін қажет барлық шараларды қобалыдауды тапсырды.

«Біздің облыстағы 13400 отбасында төрт немесе одан да көп бала тәрбиеленуде. Мәртөк ауданында сондай 424 отбасы бар. Олардың бәр де аса мұқтаж емес, бірақ осалдары бар және оларға көмектесу керек. Мемлекет көпбалалы отбасыларды қолдау жағын барынша күшейтіп жатыр, алайда соған иек артып отыра бермеген жөн. Елдің лайықты азаматы болып өскен маңызды. Жәрдемақымен күн көрмей, өз бетімен еңбектену үшін білім, кәсіп алу керек. Біз жас ұрпақты еңбексүйгіштікке тәрбиелеуіміз қажет»,- деді облыс әкімі.

Жұмыс сапары дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысумен жалғасты. Сендвичті панельдермен жабу үшін қазіргі таңда металл қаңқасы орнатылған. Алаңы 25х9 метрлік бассейні, спорттың ойын түрлеріне, күресуге және жаттығуға арналған залдары бар кешеннің құны 323 млн теңге.

Өңір басшысы құрылысты биыл аяқтау үшін уақытында қаржыдандыру мәселесін бақылауға алатынына уәде берді. Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі «Зәру» мүйізбен емдеу шипажайы мен марал өсіру шаруашылығында болды. Бүгінде мүйізбен емдейтін шипажайдың 700 гектар жерінде 160 марал бар. Мал азығын дайындау туралы сұраққа марал өсірушілер астық пен шөпті жергілікті шаруалардан сатып аламыз деп жауап берді. Бұдан басқа олар осы жылы панто емдеу шипажайы жанынан мүйізді өңдейтін фармоцех ашылатындығын айтты.