Әлем • 12 Наурыз, 2019

Боинг ұшағы апатқа ұшырады

1286 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жексенбіде Аддис-Абебадан Найробиге бағыт алған ұшақ апатқа ұшырады. Әуе кемесінің бортындағы 149 жолаушы мен экипаждың 8 мүшесі апат салдарынан қаза тапты. Ұшақ – Ethiopian Airlines компания­сына тиесілі.

Боинг ұшағы апатқа ұшырады

Boeing 737 MAX ұшағы аспанға көтерілгеннен кейін бірнеше минуттан соң радар экранынан жоғалып кеткен. ET-AVJ тіркеу нөмірі бар Boeing 737 MAX 8 ұшағы жергілікті уақыт бойынша 08: 37-де Bole халықаралық әуежайынан ұшқан. Көп ұзамай, 08:44-те әуе кемесімен байланыс жоғалды.
Апат салдарынан ұшақ бортындағы жолаушылар мен экипаж мүшелері қаза тапқан. Қайтыс болғандар арасында 35 елдің азаматы бар. Бортта 32 кениялық, 18 канадалық, сегіз америкалық, жеті британдық және үш орыс ұлтының азаматы болды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі ұшақ бортында еліміздің азаматтары жоқ екенін растады.

Сонымен қатар БҰҰ жүйесі ме­кемелерінің 19 қызметкері ұшақ апа­тынан қаза тапқан. БҰҰ сайты тарат­қан мәліметке қарағанда жолаушылар арасында Халықаралық көші-қон ұйым­дары, Дүниежүзілік азық-түлік бағдар­ламасы, БҰҰ босқындар ісі жөнін­дегі басқармасы, БҰҰ қоршаған орта бағдарламасы және Дүниежүзілік банк қызметкерлері болған. 

Қайғылы оқиғаның себептерін анық­тау үшін арнайы құрылған комиссия шұ­ғыл жұмысқа кірісті. Әзірге апат себеп­тері белгісіз. Ethiopian Airlines ком­пания­сының мәліметіне сүйенсек, әуе кеме­сі көкке көтерілгеннен кейін ұшқыш тү­сі­нік­сіз жағдайға тап болғанын айтып, Аддис-Абебаға оралуға рұқсат сұраған екен. 

Қайғылы жағдайға байланысты Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев Эфиопия Президенті Сахле-Ворк Зеудеге көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы ұшақ апаты салдарынан көп­те­ген адамның қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

«Осы қаралы сәтте Қазақстан хал­қы­ның және жеке өзімнің атымнан қайғыға ортақтасып, қаза болғандардың туған-туыс­тары мен жақындарына, сондай-ақ барша Эфиопия халқына көңіл айтамын» делінген жеделхатта.

Өз кезегінде Эфиопияның премьер-министрі Абий Ахмед Али ұшақ апатынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Олар үшін әуежайға жақын орналасқан қонақ үйлердің бірінде психологиялық көмек орталығы құрылды. 

Эфиопиядағы апаттан кейін Boeing компаниясы 13 наурызға жоспарланған Boeing 777X ұшағының тұсаукесерін кейінге қалдырды. Сондай-ақ бірқатар ел апатқа ұшыраған модельді көкке самғатуды уақытша тоқтата тұруды жөн көрген. Мәселен, Қытай мен Эфиопия апат себептері нақты анықталғанша Boeing 737 MAX 8 ұшағының ұшуын тоқ­татуға шешім қабылдады. 

«Индонезияда да дәл осы Boeing 737 MAX 8 апатқа ұшырағандықтан сондай-ақ апаттардың кейбір ұқсас тұстарының болуына байланысты оны жіті бақылауға алдық», деп мәлімдеді Қытай азаматтық авиация басқармасы.

Апаттан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті флотында Boeing ұшағы бар Қазақстанның әуе компанияларына нұсқаулық жариялады. 

Онда әуе компаниялары тренингтер өткізу, процедуралар әзірлеу қажеттігі айтылған. «Азаматтық авиа­ция комитеті эфиопиялық «Ethiopian Airlines» авиакомпаниясының ұшағымен болған оқиғаға байланыс­ты өз паркінде Б-737 (CLASSIC, NG, Max), Б-757/767 типті әуе кемелері бар Қазақстан Республикасының авиакомпанияларына тренингтер өткізуге, процедуралар әзірлеуге, сондай-ақ тренажерлық дайындық бағдарламасына – ұшу, эшелон мен биіктікті алу сынды жұмыстар жүргізуге кеңес береді», делінген нұсқаулықта.

Boeing 737 MAX – Boeing 737 моделінің төртінші буыны. Ұшақ 2016 жылдан бастап қолданысқа енген болатын. Ұшақ 162-175 жолаушы тасымалдауға қабілетті. 

Қазіргі таңда осы модельдегі 350 ұшақ қолданысқа берілген. Солардың арасында қазақстандық «SCAT» компаниясы бар. Естеріңізде болса, аталған әуе компаниясы 2018 жылғы сәуірде Boeing 737 MAX 8 ұшағын сатып алған еді. 

Эфиопиядағы апаттан кейін біз «SCAT» әуе компаниясына хабарласып, осы оқиғаға байланысты қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрадық. 

«SCAT» авиакомпаниясы АҚ Қоғам­мен байланыс бөлімінің жетек­шісі Виктория Старожилова: «Қазіргі таңда болған оқиғаға қатысты нақты тұжырым жасау қиын. Әріптестерім корпорацияның зерттеу жұмыстарына қолдау көрсететінін айтып отыр. «SCAT» әуе компаниясының менші­гінде Boeing компаниясына тиесілі бірнеше модель түрі бар. Олардың бәрі белгіленген мерзіміне сәйкес қажетті техникалық тексеруден өтіп тұрады. Boeing ең алып әуе корпорациясының бірі екені белгілі. Олардың ұшақтары әлем­нің түкпір-түкпірінде пайдаланы­лады. Сондықтан оқиғаның себебі анық­талмайынша қандай да бір ше­шімге келуге әлі ерте», деп жауап берді. 

Эфиопиядағы оқиға – Boeing 737 MAX моделінің екінші рет апатқа ұшы­рауы. 2018 жылғы қазанда Индо­не­зияда болған апаттан 189 адам қаза тапқан еді.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Egemen Qazaqstan»