12 Наурыз, 2019

Оқушылар арасындағы озбырлық

1451 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Оқушылар арасындағы озбырлық

Соңғы кездері Ақтөбе облысын­дағы мектептер мен колледж оқушы­лары арасында ауыр қылмыс жасау деректері жиі орын алып жүр. Со­ның басты көріністерінің бірі, бала­лар мен жасөспірімдердің екі топ бо­лып төбелесіп, бір-біріне пышақ сілтеуі. Мұның аяғы олардың бірінің өлімімен аяқталғаны да жасырын емес. Жергілікті полиция қызметі бас­тығының міндетін атқарушы Жан­на Макаревичтің мәлімдеуінше, өт­кен жылы жасөспірімдер арасында кісі өлтіру секілді ауыр қылмыстар көбей­ген. Мұндай қайғылы оқиғалар­дың орын алуының астарында не бар? Бұл ең алдымен ата-аналар мен бі­лім беру ұйымдары тарапынан ба­лаларға жасалатын бақылаудың жет­кіліксіздігін көрсетсе керек. Әдет­­­те, кәмелетке толмағандарды қыл­­мыс жасауға итермелейтін бас­ты­ фактор – оның әлеуметтік жағ­дайы, отбасындағы тәрбиенің кем­шіндігі, әрі бұл мәселедегі ата-аналар жауапкершілігінің төмендігі деген ой-пікірлер үстем түсіп жатады. Кім біледі, мүмкін солай да шығар. Өйткені бүгінде ата-ана­ның қарауынан тыс қалған балалар аз­ емес. Бақылаусыз және өз бе­ті­мен кеткен жасөспірімдер де же­тер­­лік.­ Соның салдарынан өткен жы­лы кәмелетке толмағандарды ба­қы­­лаусыз жіберген 3760 ата-ана мен заң­ды өкілдері жауапкершілікке тар­ты­лыпты. 

Айтайын дегеніміз, бұған дейінгі жасалған талдаулар жасөспірімдер ара­сындағы қылмыс жоғарыда ай­тыл­ған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тарапы­нан орын алса, кейінгі көрініс бұ­ған мүлдем қарама-қайшы. Яғни, қа­зіргі кезде ауыр қылмысқа баратын жасөспірімдер негізінен сәтті, тәрбиелі әрі дәулетті отбасылардан шыққандар екен. Ақтөбе қаласының жалпы ата-аналар жиналысында қалалық білім бөлімінің басшысы Саян Сүлейменов осындай мәлімдеме жасады. 

Тағы бір таңғаларлығы, ауыр қыл­­мыс жасаған балаларға мектеп әкім­­шіліктері жақсы мінездемелер беріпті. Бұл сипаттамалар: сабағын жақ­сы оқиды, спортпен айналысады, қо­ғамдық іс-шараларға белсенді түрде қа­тысады деген бағытта жазыл­ған екен. Егер шынында да солай болса, олардың тәртіпсіздік пен қыл­мыстық іс-әрекеттерге баруын қа­лай түсіндіруге болады? Бір сөзбен айтқанда, мұндай солақай көзқарас қылмыс жасалса да, бұған ешкім кінәлі емес дегенді білдірмей ме.

Тағы бір келеңсіз жайт, құқық бұзу­шылыққа барған мектеп пен колледж оқушыларының іс-әрекеттерін сол оқу орындарының басшылары барынша жасыруға тырысуы да жақсылықтың белгісі болмайды. Өйткені қылмыс та аурумен, дерт­пен тең. Ал ауруын жасырған өлет­інін ата-бабаларымыз баяғы заманда айтып кеткен жоқ па еді. Әрі-беріден соң мұның өзі педагогикалық тактикаға да қайшы емес пе? Балаға теріс үлгі көрсетудің басты мысалы осы. Өңірде оқушылар арасында біріне-бірі пышақ салу секілді ауыр қылмыстардың азаймай отыруының бір сыры осында сияқты. Біз бұл тақырыпқа бірінші рет қалам тартып отырғанымыз жоқ. Осындай жур­налистік зерттеу барысында­ 2017 жылдың күзінде Ақтөбе об­лыстық білім басқармасының бас­шысы болып тағайындалған Ләз­зат Оразбаевамен ой-пікір алма­суды ойластырғанымызбен, оның сәті түспей-ақ қойды. Мұны бас­қар­ма басшысының қызметінің көп­тігімен, уақытының жоқтығымен түсіндіруге болатын шығар. Бір анық мәселе: жергілікті бұқаралық ақ­парат құралдарында білім беру са­ласындағы жетістіктерді, жасалған жағдай мен тұрғызылған нысандарды тізбелеп айтуды жаны сүйетін сала басшысының тәрбие мәселесіне қатысты пайымды пікір, орнықты ой, бағалы ұсыныс айтқан кезі есімізде қалмапты. 

Оқушыларға саналы тәрбие бе­ру мәселесінде облыстық білім бас­­қар­масы мен өңірдегі мектеп ұжым­­дары арасындағы тікелей бай­ла­ныстардың да тіні босаң екені бай­қалып қалып жүр. Мүмкін мұндай тұтқа тікелей Ләззат Оразбаеваның қо­лында тұрмаған да шығар. Әйтсе де жергілікті ведомство тарапынан тиісті ықпал ету шараларын алуға және жүргізуге болмас па еді деген ой келеді. Биыл қаңтар айында өт­кізілген кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі облыстық комиссияның көшпелі отырысында сол айдың 20 күні ішінде жасөспірімдерден 77 пышақ тартып алынғаны жөніндегі дерек алға тартылды. Өңірде бұрын-соңды мұндай көрініс кездеспегені анық. Баланың сөмкесінде не қал­тасында пышақ неге жүр деген сауал­дар осы жағдайдан кейін ғана қойылып жатқаны әрине, кештік қы­ла қоймас. «Ештен – кеш жақсы» демей ме халқымыз. Дегенмен бұл көрініс ата-аналар мен мектеп ұжым­дарын және құқық қорғау органдары өкілдерін ойландыратын сабақ болуға тиіс. 

Түзу ортада өскен бала бірден пышаққа бой ұрмайды. Әрі бірден суық қару қолдануға тәуекел жасай алмайды. Ең әуелі оған ыңғайланады, бейімделеді. Содан соң қылмысқа, яғни біреулерге пышақ ұруға ойша дайындалады, дейді психолог-мамандар. Мұндайда оның кімдермен бірге жүретінін, қандай ортамен байланысы бар екенін анықтаудың болуы мүмкін қауіп-қатерден сақтаудың басты жолы болмақ. 

Айталық, Шалқар аудандық ана­­лар кеңесінің төрайымы, ардагер ұс­таз Гүлай Жұмағалиева кі­­нә­ні сырттан емес, біріншіден от­басылық тәрбиеден, содан соң балалардың ара­ласатын ортасынан іздеген жөн­ деп есептейді. Оның ойынша,­ бұл екеуінің психологиялық тұрғы­дан­ балаларға тигізетін әсері бар.­ Ал ата-аналар комитетінің төр­айымы Әсемгүл Егінбаеваның айтуынша, балаға оң бағыт сілтеуде отбасындағы әке тәрбиесінің орны жоғары. Өкінішке қарай көптеген әкелер балаларының теріс жолға түсуіне өздері себепші болып жүр. Бүгінде Ақтөбе қаласында білім беру басқармасы жанынан құрылған арнайы топ жасөспірімдердің пышақ­тасуы салдарынан қайғылы жағдай орын алған мектептерге тексерулер жүргізуде. Соның нәтижесінде кей­бір мектептердегі тәрбие және оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану тұрғысында бірқатар олқылықтар орын алғаны белгілі болып отыр. Айталық, Ақтөбе қа­ла­­сындағы №22 орта мектепте мек­тепішілік тізімде тұрған 21 оқу­шымен мектеп басшылығы тиісті дең­гейде жұ­мыс атқармаған. Мұның соңы неге апарып соқтырғаны айтпаса да бел­гілі. 

Оқушылар арасындағы ауыр қыл­­­­­мыстың тағы бір себебін құқық қор­ғау органдары мен мектеп директор­лары арасындағы бірлескен іс-қимылдың кемшіндігінен іздегеніміз жөн секілді. Мұның басты мысалы, мектеп жасын­дағы балалардың түнгі клубтар мен ойын-сауық меке­мелеріне бару ай­ғақ­тары. Рас, оларды кіргізгені үшін 91 ойын-сауық орындарының басшылары және 159 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бірақ, осымен бүкіл істі біттіге санауға болмайды. Оқушылар арасындағы қыл­мысты азайтудың басты жолы – бала тәрбиесіндегі бірлескен іс-қимыл болып қала бермек. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ