Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы ең алдымен, сол елдің экономикалық және әлеуметтік әлеуетіне тікелей байланысты. Аталған елдерде денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет ІЖӨ-нің 9 пайызын немесе әрбір адамның денсаулығына 4-5 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсайды. Әрине ел тұрғындарының ұзақ өмір сүруіне денсаулық сақтау саласының шешуші ықпал ететіндігі даусыз. Сонымен бірге мамандардың айтуынша, халықтың сапалы тұрмыс жағдайы, әлеуметтік және қаржылық тұрақтылық та ұзақ өмірдің басты кепілдерінің бірінен саналады. Атап айтқанда, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы 10 пайызға жақсаратын болса, олардың өмір сүру ұзақтығы 2,6 айға, ал тұрғындардың қаржылық кірісі 10 пайызға көбейетін болса, тиісінше олардың өмір сүру ұзақтығы 2,2 айға ұзарады екен.
БҰҰ дуалы ауыз сарапшыларының «әлем қартайып барады» деп дабыл қаға бастағанына да біраз уақыт болды. Ұйымның классификациясына сәйкес, 65 және одан да жоғары жастағы адамдардың үлесі 7 пайызды құрайтын қоғам «қартаюшы» қоғам болып саналады. Осы үрдіспен қарағанда, қазір АҚШ-та қарттар үлесі 19,7 пайызға, Германияда 23,2, Ұлыбританияда 28, Жапонияда 32,3 пайызға жетіпті. БҰҰ сарапшылары Қазақстанды да «қартаюшы» қоғамға жылдам қадам басып бара жатқан елдер қатарына жатқызыпты. Қазір еліміздегі 65 және одан да жоғары жасқа жататын егделердің үлесі 6,6 пайызды құраса, 2020 жылдың соңына қарай олардың үлесі 7,4 пайызға жететін көрінеді. Ал 2050 жылы Қазақстандағы әрбір төртінші тұрғынның жасы 60-тан жоғары болмақ.
2017 жылдың күзінде Бейжің қаласында қартаю үрдісіне қарсы күрес мамандарының алғашқы дүниежүзілік саммиті өтті. Осы басқосу барысында сарапшылар адам өмірінің ұзақтығы 150 жасқа дейін жетуі мүмкін деген болжам жасады. Ғалымдардың пікірінше, қартаю – тіршілік заңдылығы, алайда, оны дәрігерлер мен генетиктердің бірлескен күшімен елеулі түрде тежеуге болады. Дегенмен адам жасын ұзарту қоғам үшін нағыз қатерлі сын болуы мүмкін. Егер, егде жастағылардың орташа жасы 100-ге жететін болса, онда зейнет жасын 80-ге дейін ұзартуға тура келеді. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарының жетіспеушілігіне, ұзақ өмір сүретіндердің арасында бәсекелестіктің шиеленісуіне әкеп соқтырады.
Ал Deloitte болжамы бойынша, 2030 жылы дүние жүзі бойынша 65 жастан асқандардың 60 пайызға жуығы Азияда өмір сүретін болады. 2050 жылға таман әлемдегі 15-тен 64 жасқа дейінгі аралықтағы жұмысқа қабілетті адамдар үлесі қазіргі 70-тен 60 пайызға дейін төмендейтін көрінеді. Егер қазірден бастап еңбек өнімділігін арттыру үшін ықпалды шаралар жасалмайтын болса, адамдардың қартаю үрдісі аймақтың экономикалық дамуына үлкен нұқсан келтірмек.
Қазір Қазақстанда 60-65 жастан асқан тұрғындар санының біршама өскендігі байқалады. Орташа өмір сүру ұзақтығының артуы, туу деңгейінің төмендеуі халықтың қартаю үлесінің көтерілуіне себеп болып отыр. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл «өз күніңді өзің көр» ұраны ортаға тасталған кешегі тоқсаныншы жылдардағы халқымыздың табиғи өсімінің күрт тоқырағандығының салдары екендігі даусыз. Мысалы, 1991 жылы елімізде 1000 адамға шаққанда 21,5 баладан келсе, 1999 жылы бұл көрсеткіш 14,6-ға дейін құлдыраған. Ұлттық экономика министрлігінің өткен жылы таратқан мәліметі бойынша «2017 жылғы қаңтар-қыркүйекте республика халқының табиғи өсімі 2016 жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 18 мың адамға немесе 8,5 пайызға кеміп, 194,9 мың адамды құрады», деп атап көрсетілген. Мамандардың айтуынша, қазір еліміздегі бала туудың жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға шаққанда 2,5 нәрестеден келеді. Дәл осы көрсеткіш 2006 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 8,3(8,1) адамнан келген еді. Бұл 2015 жылдан бастап елімізде тағы бір демографиялық құлдыраудың басталғандығын көрсетеді. Оның үстіне бүгінде елімізде тұрғындар санының динамикасы стационарлық деңгейге жетіп, балалар мен қарттар санының теңесу қаупі төнді.
Тұрғындардың өмір сүруінің ұзақтығы артқан сайын қоғамда қалыптасқан ахуал өзгеріп, мәселенің өзектілігі тереңдей түседі. Елдегі денсаулық сақтау саласына, зейнетақы жүйесіне, әлеуметтік қызмет саласына түсетін қосымша жүктемелер қатары артады. Сонымен бірге жасы 65-тен асқан бір қарт адамға қанша еңбекке қабілетті жастағы адамнан келетінін көрсететін әлеуетті көмек коэффициенті деген ұғым бар. Осы орайда Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, еліміздегі экономикалық белсенді тұрғындар саны 8,9 миллион адамды құрайды екен. Сонымен бірге қазіргі күні елімізде базалық зейнетақы алатын 2 миллион 148 мың егде тұрғындар бар. Оның үстіне алдағы жылдары халқымыздың табиғи өсіміне тоқсаныншы жылдардағы демографиялық тоқыраудың салқыны тиеді. Ендеше, БҰҰ-ның Қазақстанды «қартаюшы» мемлекеттердің қатарына қосып отырғандығы тегін емес. Сондықтан алдағы уақытта қазақ елі үшін адами капиталды сауатты дамытудың маңызы зор.
Мемлекеттің адами капиталды дамытудағы басты міндеттерінің бірі – тұрғындардың табиғи өсімін арттыру, адамдардың өмір сүру ұзақтығын өсіру. Жалпы мамандар тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы туралы мәселе көтерген кезде белсенді өмір сүру ұзақтығына барынша басымдық беруі керек. Өйткені белсенді өмір сүру ұзақтығы дегеніміз, экономикалық категория болып табылады. Қазіргі таңда еңбек ресурстарының саны азайып, тәжірибелі кадрлар әлеуетінің күрт төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде белең алып отырған құбылыс. Ал оның бірқатар өндірістік үдерістерге кері ықпал етіп отырғаны да анық. Сондықтан егде жастағы адамдардың экономикалық белсенділігін арттыру өндірістегі еңбек өнімділігін өсіріп, елдің экономикалық дамуының жақсаруына тікелей ықпал етеді. Белсенді өмір сүру ұзақтығы еліміздегі адам капиталының әлеуетін арттырып, экономикалық белсенді тұрғындарының санын да, сапасын да өсіруге жағдай жасайды.
Мамандардың дерегі бойынша, адам капиталының 1 пайызға өсуі еңбек өнімділігін 3,81 пайызға арттырады екен. Осы орайда ерекше атап өтетін бір мәселе, соңғы онжылдықта әлемдік экономика адам ресурстары есебінен дамуда. Жапония халқы қартайып барады, сонымен бірге бұл елдің экономикасы да көтеріліп келеді. Дуалы ауыз сарапшылар «Батыстың индивидуализміне кереғар, Шығыс жұртының менталитетіне тән Жапонияның «Z теориясы», яғни компанияны ұжымдық басқару жүйесі әлемдегі ең тиімді экономиканы қалыптастырды», дейді бірауыздан. Жапондықтар елдің ең басты құндылығы адам капиталы екендігін ерте түсінді. Сондықтан елдің барлық байлығы мен жетістіктерін адам ресурстарын дамытуға жұмсады. Бұл барыс бейнелі болашағына батыл қадам басып келе жатқан тәуелсіз Қазақстан үшін де ғибрат алар басты бағдар болмақ. Осыған байланысты қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға тиімді пайдалану мемлекетіміздің күн тәртібіндегі негізгі міндеттердің бірі болуға тиіс.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»