Бюджеттен еңбекақы алатындардың табысы артатын болғаны бізге де қатысты. Мемлекеттік театрда істейтін біздің өнерпаздарымыз да өздерінің еңбекақыларының артатынына, бұл мақсатқа бюджеттен 980 млрд теңге бөлінетініне қуанды.
Дегенмен, бізден гөрі көп балалы аналарға берілетін көмектердің көбейетіні бүкіл елді елең еткізгенін көзіміз көрді. Қазір мемлекеттен 570 мыңнан артық адам осындай көмек алады екен. Бұл 18 миллион ғана халқы бар ел үшін үлкен көрсеткіш. Кейбір көп балалы аналардың мұқтаждыққа тап болған халдерін де көріп жүрдік. Енді соларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек 21 мың теңгеге артатыны барша халқымызды қуантты. Өйткені алтын құрсақты аналарға қандай көмек жасасақ да артық емес қой.
Президент бұл көмектердің бәрі 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап жасалады деп жариялаған еді. Енді Ақордада өткізген кеңесте Елбасы көмекке аса мұқтаж көп балалы отбасылардың 1 шілдеден емес, биылғы 1 сәуірден кешікпей әлеуметтік көмек алатынын айтты. Біз бұл хабарға да қатты қуанып қалдық. Осының өзі ерекше оқиға болып тұр. Осыдан-ақ Қазақстанның әлеуеті зор, діңгегі мықты мемлекет екенін көреміз. Егер әл-қуаты төмен ел болсақ осындай орасан зор көлемдегі көмекті қысқа мерзімде жасай алмаған болар едік. Шынымды айтсам, осы хабарды естігенде кеудемде мақтаныш сезімі туды. Әрқашан да осындай биіктерге жете берсек дегім келеді. Сонымен бірге Президент көмекке аса мұқтаж жандарға мемлекет әрдайым қолдау көрсететінін қадап айтты. Бұл да әрбір азаматын қолдайтын қамқор еліміздің бар екенін ұқтырады.
«Нұр Отанның» съезінде айтылған тағы бір аса маңызды мәселе – аймақтарды өркендету туралы еді. Осы бағытта Үкіметке «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» атты жобаларды қолға алу тапсырылған болса, кешегі кеңесте Елбасы осы жобаларды тезірек жүзеге асыруды талап етті. Соның ішінде ауыл мен аудандағы жолдардың жөнделуі – халықтың көкейінде жүрген іс еді. Енді бұл мәселелердің де оң шешімін табуы барлық ауылдықтарды және олардың қалада тұратын балаларын, туыстарын қуантары сөзсіз.
Еркін КӘСЕНОВ,
Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері