Сауалнама барысында тұтыну тауарлары бағасының артуын қазақстандықтар жиірек алға тартатын болды. Бұл мәселені ресми статистика да көрсетіп отыр. Елімізде орташа есеппен алғанда, әр отбасы табысының жартысына жуығын азық-түлікке жұмсайды. Ал Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 20-30 пайыздан аспайды. Нәтижесінде қоғамда әлеуметтік саясатты өзгерту бойынша талап күшейді.
Осы орайда мемлекет тарапынан әлеуметтік аз қорғалған топтарға қатысты көмекті арттыру туралы шешім қабылданды. Бұл – көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақының көлемін көбейту және пайыздық жарнасы төмен арнайы ипотекалық бағдарламаларды қолға алу. Сонымен қатар шағын қалалар мен ауылдардағы әлеуметтік инфрақұрылымды салу жұмыстары жалғасатын болады. Бұл аймақтар арасындағы дисбалансты төмендетуге ықпал етуі тиіс.
Жалпы алғанда Қазақстанның әлеуметтік саясатының өзгеруі мемлекеттің адами капиталды дамытудағы рөлінің артуын білдіреді. Бүкіләлемдік банк сарапшыларының айтуынша, дамыған елдердегі ең басты байлық – бұл білімді, дарынды және кәсіби дағдылары жетілген адамдар. Бұған қол жеткізудің бірден-бір жолы – білім, денсаулық және жас мамандарды қолдауға инвестиция салу. Дәл осы бағыттар бойынша билік тарапынан алдағы уақытта жұмыс қарқыны күшеюі тиіс.
Серік Бейсембаев,
Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы