Юрий Пя, Серік Ақшолақов, Нұрлан Бәтпенов бастаған астаналық атақты дәрігерлер Шығыс Қазақстанға екі күндік жұмыс сапарымен келді. Бірден айта кетейік, облыс әкімі Даниал Ахметов қаңтар айында Елордаға арнайы барып, Ұлттық ғылыми кардиохирургия, Ұлттық нейрохирургия, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталықтарының басшыларымен кездесіп, оларды өңір емханаларымен ынтымақтастық орнатуға, филиалдарын ашуға шақырған болатын. Кеше Арқа төсінен арнайы келген ақ халаттылар Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы, Өскемендегі облыстық аурухана мен облыстық мамандандырылған медициналық орталығында болды. Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасын аралау барысында облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Марат Шоранов қонақтарға осында Қазақстан бойынша тұңғыш рет ашылғалы отырған гибридті операциялық зал жайында айтып берді. «Сіздердің облыстарыңыздың басшысының өңір медицинасына заманауи технологияларды енгізуге талпынып жатқаны қуантады. Менің қарамағымдағы мамандар Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы мен Өскемендегі облыстық ауруханасында жергілікті дәрігерлермен бірлесе бірнеше операция жасап, Шығыс Қазақстанның емханаларындағы озық технологияларға таңғалғандықтарын жасырмады. Ендігі міндет – осы құрал-жабдықтармен кідірмей жұмыс істей алатын, техниканың тілін білетін білікті кадрлар дайындау. Бұл тарапта біз сіздерге қолдан келген көмегімізді аямаймыз», - деді Астанадағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрлан Бәтпенов.
Кеше, алғашқы күннің қорытындысы ретінде біздің облыстың 3 емханасы - Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы, Өскемендегі облыстық аурухана және облыстық мамандандырылған медициналық орталығы мен Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия, Ұлттық нейрохирургия, Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Облыс әкімдігінде өткен шара барысында Елорда төрінен келген қонақтар өңір медицинасына қатысты өздерінің ойларымен бөлісті. «Медицина – күрделі сала. Еліміздің барлық азаматтары сапалы медициналық қызмет алуға қақылы. Меніңше, медициналық мекемелерді республикалық орталық, облыстық орталық деп бөлу дұрыс емес. Бұл кешегі кеңестік заманнан қалған сарқыншақ деп ойлаймын. Ал Сіздердің өңір медицинасын биік деңгейге көтеру бағытындағы қадамдарыңыз қуантады. Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы базасында гибридті операциялық зал ашпақсыздар. Мұның кереметі – бірнеше бағытты қамтитындығында, бұл жерде тек кардиохирургия немесе нейрохириругия емес, травматология бойынша да операция жасауға болады. Мұндай операциялық зал Қазақстанда ғана емес, әлемде сирек. Сондықтан бұл қадамдарыңыз еліміздегі медициналық қызмет көрсетуді бұрын-соңды болмаған жаңа сапаға шығарады деп үміттенемін. Өскеменге 10 жыл бұрын келіп, облыстық ауруханада кардиохирургия бөлімін ашқанымыз есімде. Бүгін осы уақыт аралығында өңір медицинасы көп өзгергенін байқадым. Әрине, медицина секілді күрделі салада мұндай батыл қадамдар жасау оңай шаруа емес. Өскемен емханаларындағы заманауи медициналық құрылғылар көмегімен барлық операция түрлерін жасауға болады деп сеніммен айта аламын. Мұны көрсету керек. Насихаттау қажет. Іргедегі Ресейдің Өскеменге жақын қалаларының тұрғындары осында келіп, ем алса жаман ба?! Мұндай бағасы қымбат, жоғары технологиялы құрылғылар бос тұрмауы керек, күні-түні ел игілігіне жұмыс істеуі керек», - деді Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының директоры Юрий Пя.
Ал кездесуде сөз алған Ұлттық нейрохирургия орталығының директоры Серік Ақшолақов облыс әкіміне: «Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасы базасында ашылатын гибридті операциялық залында алғашқы операцияны біз жасасақ» деген тілегін жеткізіп, сонымен қатар алыс және жақын шет елден білікті дәрігерлерді шақырып, конференция өткізсек деген ұсынысын айтты.
Азамат ҚАСЫМ,
Egemen Qazaqstan»
ӨСКЕМЕН