21 Маусым, 2012

Шалғай елмен де байланысымыз шапшаң

448 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шалғай елмен де байланысымыз шапшаң

Бейсенбі, 21 маусым 2012 8:09

Үстіміздегі жылы Қазақстан мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 20 жыл толды. Осы уақыт ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңінен желі тартып, Сеул Астананың халықаралық аренадағы бастамаларына ниеттестігін танытты және АӨСШК-нің белсенді мүшесіне айналды. Осы орайда, біздің тілшіміз Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Дулат БАҚЫШЕВПЕН тілдесіп, бірнеше сауал қойған еді.

 

Бейсенбі, 21 маусым 2012 8:09

Үстіміздегі жылы Қазақстан мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 20 жыл толды. Осы уақыт ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңінен желі тартып, Сеул Астананың халықаралық аренадағы бастамаларына ниеттестігін танытты және АӨСШК-нің белсенді мүшесіне айналды. Осы орайда, біздің тілшіміз Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Дулат БАҚЫШЕВПЕН тілдесіп, бірнеше сауал қойған еді.

– Дулат Хангерейұлы, ал­ғашқы кезекте екі ел ара­сындағы 20 жылдық байла­ныс­­тар туралы әңгімелей отыр­­саңыз.

– Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы ара­сындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 20 жыл болғанымен, Сеулдегі Қазақстан елшілігі 1996 жылдан бастап жұмыс істейді. Ал біздің елімізде Оңтүстік Корея елшілігі 1993 жылы ашылған болатын. Қарым-қатынастарды жолға қоюдың құқықтық базасы Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың 1995 жыл­дың мамыр айында Кореяға жа­саған мемлекеттік сапары барысында қаланғанын айтқан абзал. Сол кезде маңызды бірнеше құ­жатқа қол қойылған еді. Олардың ішінде Ынтымақтастық пен әріп­тестіктің негізгі қағидаттары туралы декларацияның мәні зор. Жалпы алғанда, Қазақстан мен Корея ең бір өзекті деген халық­аралық мәселелерде ұқсас позиция ұстанып келеді. Сонымен бірге, Астана мен Сеул бір-бі­рінің бастамаларына да үнемі қолдау көрсетуде. Біздің елде­рі­міз арасында сындарлы үнқатысу қалыптасып, қандай да бір мә­селе бойынша келіспеушілік­тің жоқ екенін де айта кетсем деймін.

20 жыл ішінде біздің елдері­міздің жоғары басшылығы арасында сапарлар алмасылуы, сөз жоқ, екіжақты байланыстарымызды тереңдете түсті. Мәселен, Корея Президенті Ли Мён Бак мемлекетті басқарғалы бері Қа­зақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен алты рет кездесті.

– Осы жерде Елбасының Кореяға биылғы сапары турасында да айта кетсеңіз.

– Биылғы жылы 26-27 наурызда өткен екінші Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі саммитке қатысу үшін Оңтүстік Кореяға сапары барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бакпен нәтижелі кездесу өткізді. Тараптар казіргі әлемдегі және өңірдегі ахуал, Казақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастардың болашағы және халықаралық аренадағы екі мем­лекеттің өзара әрекеттесуі туралы мәселелерді талқылады.

Осы сапары кезінде достас корей жерінде Елбасы сондай-ақ, әлемдегі жетекші мемлекеттердің басшыларымен кездесті. АҚШ Президенті Б.Обамамен, Финляндия басшысы С.Ниинистёмен, Грузия президенті М.Саакашвилимен, Түркия Премьер-министрі Р.Ердоғанмен, Австралия үкіметі­нің басшысы Д. Гилардпен, Испания Премьер-министрі М. Рахоймен жүздесіп, маңызды мәсе­ле­лер бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар, дәл осы жолы Ресей, Қазақстан және АҚШ ара­сындағы үшжақты кездесу болып, онда бұрынғы Семей полигоны бойынша үшжақты әріптес­тіктің болашағы жайында бір­лескен мәлімдеме қабылданды. Бұған қоса, қазақ-корей бизнес-форумы мен Іскерлік кеңестің екінші отырысы өткізілді. Осылайша жоғарыда аталған форумда 10 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Оның ішінде мұнай химиясы, электр энергиясы, машина жасау, құрылыс, консалтинг және R&D орталықтарын құру сынды еліміз үшін қажетті салалар бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

– Әрине, әлемдегі кез келген елмен әуелі саяси байланыс жол­ға қойылмаса, өзге сала­лар­­дың дамымайтыны өз-өзі­нен тү­сі­нікті. Осы орайда Корея бас­шысының елімізге 2009 жылғы сапары барысында қа­рым-қа­тынастарды стра­тегия­лық се­рік­тестік дәрежесіне көтеру турасындағы бірлескен мә­лім­деме қабылданғаны мә­лім. Бұл ретте стратегиялық әріп­тестік қазір қандай дең­гейге көтеріліп үлгерген деуге болады?

– Құқықтық негіз қаланған соң, оған әріптестікті дамытудың салмақты жүгі артылатыны аян. Екі ел арасындағы сауда-инвес­тициялық байланыстарды дамыту мақсатында Қазақстанға Корея Премьер-министрі бірнеше рет барып қайтты. Ал үстіміздегі жылдың мамыр айында Қазақ­стан Премьер-министрінің орынбасары Қ.Келімбетов Ёсу қала­сында өткен Экспо-2012 көрме­сінің ресми ашылуына қатысты. Екі елдегі министрліктер ара­сындағы байланыстар да қар­қынды өсу үстінде. Егер қарым-қатынастарды, оның ішінде сау­да-инвестициялық ынтымақ­тас­тық турасындағы байланыстарды цифр тілімен сөйлетсек, онда 2011 жылы екіжақты тауар айналымы 901,2 млн. долларды құрап, соның ішінде экспорт – 279,2 млн., импорт 622 млн. доллар болды. Ал 2012 жылдың басынан сәуір айына дейінгі көрсеткіш 300 млн. долларға жетіп, өткен жылдың осы кезеңіндегі көр­сет­кішінен 20 пайызға асып түсті. Экспорттың негізгі тауарлары­ның қатарында уран, ферро­құ­йындылар, таза болат пен темір, алтын, мыс прокаттары; импортта электр өнімдері, мәшине жасау, көлік өнімдері мен жаб­дық­тары бар.

Қатынастарды нығайтуға Сау­да-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жө­ніндегі үкіметаралық комиссия үлес қосса, энергетика саласында да ынтымақтастық дамып келеді. 2002 жылы Энергетика және минералды ресурстар саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақ­стан-Корея комитеті құрылды. Ко­митеттің жетінші отырысы 2011 жылғы 20 шілдеде Сеул қаласында өтті.

Біздің Ұлттық банктің дерек­теріне жүгінсек, 20 жыл ішінде Оңтүстік Кореяның біздің эко­но­микамызға салған инвестициясы 4,1 млрд. долларды құраған. Ал біздің Оңтүстік Кореяға салған инвестициямыз 64 млн. АҚШ доллары шамасында. Жалпы ал­ғанда, Кореяның 2012 жылдың мамыр айына дейін біздегі жү­зеге асырылып жатқан жоба­лардағы қаражатын қосқандағы салған инвестициялық портфелі 9 млрд. долларды құрап отыр.

Бүгінгі күні Қазақ елінде 700-ге таяу бірлескен кәсіпорын тір­келген. Олардың арасында әлем­ге кеңінен танымал «Самсунг», «ЭлДжи Электроникс», «ЭлДжи Интернэшнл», «Эс-Кей Корпорейшн», «Хёндэ», сонымен қа­тар, «Дониль Хайвил» және «Урим» сынды брендтер бар. Сондай-ақ, «Кукмин», «Шинхан», «Ури» сынды банктер де жұмыс істесе, құнды қағаздар рыногында «Ханх­ва секьюритиз», «Хёндэ секьюритиз» және «Дэу капитал» сияқты компаниялар қызмет атқаруда.

– Жоғарыда энергетика саласында әріптестік жақсы дамуда деп қалдыңыз. Айтып отыр­ға­ныңыз Балқаш ЖЭС-іне қатысты ма? Әлде одан да өзге ауқымды жобалар бар ма?

– Әрине, жобалар баршылық. Мәселен, еліміз Оңтүстік Кореяны уранмен ірі көлемде қамта­­масыз ету­шілер қатарында. Осы елдің «КОРЕС» мемлекеттік ресурстар компаниясы мен біздің «Қаз­атом­өнеркәсіп» Мойынқұм және Буденовскоеден бірлесе уран өн­діруде. Сонымен бірге, корейлер Жамбыл кен орнын игеруге де ықыласты. Бұған қоса, «КОРЕС» отандық геологтармен бірлесіп, Орталық Қазақстандағы «Вера», «Ақсу» алтын өндіру орындары­ның жұмысын инвестициялау бойынша және мырыш, қор­ға­сын, мыс сынды пайдалы қазба­лар өндірісі негізінде біздің елі­мізбен байланысын дамыта түсу ниетінде.

– Енді бір сәт ел мен елді жақындастыра түсетін мәдени, гуманитарлық байланыстар турасында айтып өтсеңіз. Корейлер бір жағынан қазақтар үшін бұрын көрмеген жұрт емес, елімізде корей диаспорасы бар екені белгілі. Олардың қарым-қатынастарды жетіл­ді­рудегі рөлі қаншалықты деп ойлайсыз?

– Гуманитарлық саладағы бай­ланыстардың барлығын жіпке тізсем, ұзаққа кетермін, дегенмен, бір мысал келтірейін. 2006 жылдан бері Каннам универси­тетінде қазақстантану бөлімі ашы­лып, осы жоо Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен және Қы­зылордадағы Қорқыт ата мемле­кеттік уни­верситетімен тиімді әрекеттесуге барып, жемісті ең­бек етуде. Осы­ның өзі корей хал­қының Қа­зақстанды танып-бі­луге қанша­лықты ықыласты екен­­дігін көр­сетпей ме? Ал өзіңіз жоғарыда айтқандай, екі елдің байланыстарын тереңдетуде қа­зақ жерін Отаны дейтін корей этносының өкіл­дері үлкен үлес қосуда. Олардың саны 100 мың­нан асады. Екі ара­дағы көпір сынды қазақ корейлері Қазақстан мен Корея Респуб­ликасындағы әріптестік қаты­нас­тарды дамытуды өздерінің абыройлы борыштары санайды десем, артық айт­қандық болмас.

Түйіндеп ой қорытсақ, 20 жыл ішінде тараптар барлық салада тиімді әріптестікке, екі жаққа пайдалы ынтымақтастыққа қол жеткізді. Алдағы жоспарларда бірлескен кәсіпорындар ашу, қосымша жұмыс орындарын құ­ру, екі елдің бәсекелестік қабі­летін арттыру, экономикалық әле­уетін нығайта түсу сынды мін­деттер тұр. Ал оны әрі қарай дамытуға екі елдің ықыласы да, әлеуеті де жеткілікті.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».