22 Маусым, 2012

Дүбірге толы дүние

303 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Жұма, 22 маусым 2012 7:34

Екі мықты қақтығысса, әлсіздерге қиын

Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас қашан да күрделі. Кейде жай мәселеге байланысты да ол ушығып жатады. Қазір «Магнитскийдің тізімі» дегенге байланысты біраз әңгіме айтылып жүр.

 

Жұма, 22 маусым 2012 7:34

Екі мықты қақтығысса, әлсіздерге қиын

Ресей мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас қашан да күрделі. Кейде жай мәселеге байланысты да ол ушығып жатады. Қазір «Магнитскийдің тізімі» дегенге байланысты біраз әңгіме айтылып жүр.

Президент болып қайтадан сай­ланған Владимир Путин жақында 20 ел саммитіне қа­тыс­қан кезінде Мек­сикадағы Лос-Ка­бос­та осы мәселеге орай сұраққа жауап беруге мәжбүр болды. Өзінің әдетіңе басып, Ресей президенті қатқылдау жауап берді. «Егер кейбір Ресей азаматтарының АҚШ-қа баруына байланысты қандай да бір шектеу жасалатын болса, сонша­лық­ты мөлшерде америкалықтардың Ресей Федерациясына келуіне шек­теу жасалады. Мұның кімге қажет екенін білмеймін. Бірақ мұны біз таңдаған жоқпыз», – деді ол.

Иә, оны америкалықтар бас­тады. 2009 жылы қараша айында тергеу алдындағы абақтыда Hermitage Capital қорының заң­гері Сергей Магнитский қайтыс болды. Бұл оқиға Ресейдің өзінде де, Батыста да үлкен шу тудырды. Көп адам заңгер биліктің қиянатынан өлді дегенді айтты, оған кінәлілер аталды. Адам құ­қы аяқасты болды деп тұжы­рым­дады. Әрине, оны Ресей басшы­лығы мойындаған жоқ. Ал, АҚШ-та сенатор-демократ Бенджамин Кардин заң жобасын ұсынды. Оған байланысты С.Магнит­ский­дің өліміне қатысы бар деген біраз ресми адамдардың АҚШ-қа келуіне тыйым салынып, оларға бірқатар санкциялар белгіленді.

Содан бері бұл заң әркез сөз болады. Ал, енді сол заңға байланысты кімдер жазалануы тиіс, яғни кімдерге АҚШ-қа баруға тыйым салынады деген мәселе туды. Осыған орай «Магнитский за­­ңы» «Магнитский тізіміне» айнал­ды. Ол заңмен, сенат шеші­мімен бекі­тілуге тиіс. Жақында ол сенат бе­кі­туіне ұсынылды да, қоғамдық пікірдің ықпалы болар, қайтадан күн тәр­ті­бінен алынып тасталып, кей­­інге қал­­дырылды. Бірақ оның шуы зор болды, оған пре­зиденттер де жауап беріп жатты.

Әрине, әңгіме адам өліміне қа­­­тыс­­­­ты болған соң, оны оңай мә­­селе деуге болмас. Бі­рақ оны ос­ы­нша даңға­за­ға, саясат­қа айналдыру қажет пе еді? Саясат­шы қаза тап­қан екен, оның анық-қанығына жетіп, кінә­лі­лер болса, жа­залаумен шектелуге болмас па еді?

Бұл өзі дау іздеймін, келіс­пеу­ге желеу іздеймін дегендердің әре­кеті екені анық. Бұлар келісім, жақын­дасу жағын іздеуден гөрі, қалай да қақтығысқа желеу із­дей­ді. Бірін-бірі мәжбүрлеуге тырысады, ескі жараны тырнауға құ­мар. Бір кез­дегі өкпені ұмыт­пай­ды. 1974 жылы капиталистік және коммунистік дүние бетпе-бет ке­ліп, ымырасыз қарама-қар­­сылық орнаған шақта, АҚШ-та бір топ сенатор КСРО-ны сауда-саттық­та­ғы ең тартымды елдер қатарынан шығарып тастау жө­нінде ұсыныс жасап, ол «Джексон-Вэник түзе­туі» деген атпен заңға айналған еді. Содан бері дүние өзгерді, КСРО күйреді, бір жүйе жойылды, бірақ АҚШ-та әлгі «түзету» әлі бар. АҚШ пен Ресей арасында сауда жақсарса, бұл екі жаққа да тиімді. Жақында Сенатта сол «түзетуді» жою жө­­нін­де ұсыныс болып еді, онда «Магнитский тізімін» бекітейік деп бір топ қырсық өре түрегелді.

Мықтылар қақтығысып жатса, өз сорын өздерінен аямаған жөн деуге де болар еді. Бірақ олардың қырсығы басқаларға тиіп жатады. Шағын елдер өз­де­рінің әлеуеті күшті одақтас­та­ры­на қарайды. Солардың шамына тиіп кетпеймін бе дейді. Сөйтіп ризығынан айырылып жатады.

 

Билік дағдарысы әлі аяқталған жоқ

Дауыс беруінің өзі екі күнге созылған Египеттегі президенттік сайлау халықаралық мәні бар үлкен саяси оқиға болғаны анық. Алдын ала жасалған есеп бойынша, елдегі ең жоғары лауазымға исламдық қозғалыс өкілі Мохаммед Мурси ие болды делініп отыр.

Жұрттың ойынша, араб дүниесін­дегі ең үлкен елдегі бір жылдан аса со­зылған билік дағда­рысы осы прези­дент­тік сайлаумен аяқталуға тиіс еді. Бірақ, Мысырдан келіп жеткен хабарлар бұл дағдарыстың жаңа сипат алғанын аңғартады. Өткен сенбіде, сайлаудың алғашқы күні президент Хусни Мүбәрак тақтан тайдырылғаннан кейін пайда болған Жоғары әскери кеңес парламентті тарату жөнінде шешім қабылдады. Парламенттің заң шығарушылық функциясын әскерилер өз мойнына алды.

Бұрын елде болып жатқан аласапыран жағдайды жұрт сол биліктің толық болмауынан көр­ген. Дауыс беруінің өзі бір айға созылған парламенттік сайлау өткенімен, нақты билік аңға­рыла қоймаған. Парламентте көпшілік орын алған «Мұсылман бауырлар» қозғалысының өкілде­рі ұран­шылдықтан ары бара алмады. Енді олар президенттік сайлауда жеңіске жете алса, барлық күш бір қолға жинақталып, нақты іске кірісер деген үміт те ақталмады.

Жұмысқа жөнді кірісе алмай жатқан парламент неге таратылды? Жалпы, бұл елдегі сайлаулар қызықтау. Парламенттік сайлауда бір ай бойы дауыс беріліп, оның қорытындысын шығаруға бір ай кетсе, ақыры төрт айдан кейін сол дауыс беру дұрыс болмапты деген шешім қабылданды. Оны елдің конституциялық соты пре­зиденттік сайлаудан екі күн бұ­рын жариялады. Соны анықтауға төрт ай уақыт керек болған ба? Түрлі саяси оқиғаларды бастан кешіп жатқан ел үшін бұл айтарлықтай мерзім ғой! Бұл елде соған жете мән берілмейтін сияқты. Жоғары әскери кеңестің парламентті тарату жөніндегі шешімін де дәл президент­тік сайлау өтіп жат­­қан кезде қабыл­да­у­ына да таңдан­бас­қа шараң жоқ. Неге бұрынырақ немесе кейінірек емес, дәл осы күні? Елдің жаңа басшысымен ойла­суға болмас па еді?

Иә, сұрақ көп. Мұның бар­лы­ғы да жайдан-жай еместігі аңға­рылады. Әскерилер әлі де билік тізгінін қолдан шығарғысы кел­мейді. Сайлау науқаны барысында исламистердің жеңіске жетуі айқын сезілген. Әскери-әуе күш­терінің бұрынғы қолбасшысы, үкі­мет басшысы болған Ахмед Ш­а­фик жеңіске жеткенде, әске­ри­лер мұндай қадамға бармас па еді, кім біледі. Ал енді әскерилер жа­ңа сайланған президентке то­лық билік тізгінін ұстатып қоя сал­ғысы жоқ. Оған себеп табылады.

Қазіргі қолданыстағы уақыт­ша конституцияда президент өкіл­дігі таратылып көрсетіл­ме­ген. Демек, жаңа президент әске­рилердің шеңберінен шыға алмайды, өйткені, жаңа конституцияны әзірлейтін комиссияны да Әскери кеңес құрады. Ал пар­ламенттік сайлау жаңа конституция қабылданған соң өтеді.

Әрине, жаңа сайланған президент Мохаммед Мурси өзінің қалың жақтастарына сүйене отырып, толыққанды билік жүргізуді ойлайтыны анық. Жоғарыда айт­қандай, әскерилер оған жол бер­ме­уді көздейді. Бұған дейінгі би­лік дағдарысының алдағы уа­қыт­та жалғасы болатындығының бас­ты себебі осында. Бұдан бес ай бұрын өткен парламенттік сай­лау­дағы бұрмалаушылық енді ашы­лып жатыр, алда кешегі өт­кен президенттік сайлаудан да біраз кемшілік табылуы әбден мүмкін.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».