Мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы дүниежүзілік доданың тұсауы сонау 1896 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында кесілген болатын. Небәрі төрт спортшы ғана бас қосқан бәсеке германиялық Гильберт Фукстың жеңісімен аяқталса, аустриялық Густаф Хюгель мен жарыс қожайыны Георгий Сандерс жүлдегерлер санатына қосылды.
Содан бергі 123 жыл уақыт аралығында айтулы дода тек үш мәрте ғана өтпей қалды. Атап айтсақ, 1915-1921 жылдары І Дүниежүзілік соғыс және 1940-1946 жылдары ІІ Дүниежүзілік соғыстың оты өршігені белгілі. Ал 1961 жылы Нью-Йорктен Брюссельге бағыт алған ұшақтың апатқа ұшырап, борттағы 72 адамның қаза табуына байланысты Чехословакияның астанасы Прагада өтуге тиіс жарыс кейінге шегерілді. Сол ұшақта мәнерлеп сырғанаудан АҚШ құрамасының 18 спортшысы және 9 делегация мүшесі болған еді.
Ерлер сайысында әлем чемпионатын ең көп ұтқан спортшы – Ульрих Сальхов. 1897, 1899 және 1900 жылдары өткен жарыста күміс медальды мойнына ілген Швецияның саңлағы 1901-1911 жылдар аралығында 10 мәрте теңдессіз деп танылды. «Сальхов» және «ілгек» секілді тәсілдерді ойлап тапқан айтулы спортшының басқа да толып жатқан атақтары бар. Ол 1908 жылы Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойындарының жеңімпазы, Еуропаның 9 дүркін чемпионы.
Ульрих Сальховтан басқа да мәнерлеп сырғанаушылар кезінде өз дәуірінің теңдессізі деп танылды. Мәселен, аустриялық Карл Шефер – 7 мәрте (1930-1936 жылдары) және америкалық Ричард Батон – 5 мәрте (1948-1952) чемпиондық атаққа қол жеткізді. Аустриялық Вилли Бекль (1925-1928), америкалық Скот Хамильтон (1981-1984), канадалық Курт Браунинг (1989-1991, 1993) және ресейлік Алексей Ягудин (1998-2000, 2002) 4 реттен дәл сондай құрметке бөленді. Солардың қатарына АҚШ-тың туы астында өнер көрсеткен ағайынды Дженкинстерді де жатқызуға болады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары Хейз Алан дүниежүзілік додада төрт мәрте дараланса, оның туған інісі Дэвид үш рет топ жарды.
Соңғы жылдары ең үздік нәтиже көрсеткендер арасында канадалық Патрик Чан мен испаниялық Хавьер Фернандес сынды саңлақтар бар. Үйеңкі жапырақтар елінің өкілі 2011-2013 жылдар аралығында үш мәрте алтын тұғырдан қол бұлғаса, Пиреней түбегінің тарланбозы екі рет бас жүлдені олжалады. Былтыр Италияның Милан қаласында ұйымдастырылған додада 19 жастағы АҚШ-тың өрені Нэтан Чен топ жарса, жапониялық Сема Уно мен ресейлік Михаил Коляда жүлдегерлер санатына қосылды.
Әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 1906 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Швейцарияның Давос қаласында өткен тұсаукесер жарыста ұлыбританиялық Медж Сайерс жеңімпаз атанды. Келесі жылы да ол өз көрсеткішін қайталады. Одан кейін венгриялық Лили Кронбергер (4 рет) мен Опика фон Мерай Хорват (3 рет) және аустриялық Херма Сабо (5 рет) сан мәрте бас жүлдені олжалады.
Көп ұзамай норвегиялық Соня Хенидің дәуірі басталды. Скандинавияның сұлуы өрелі өнерімен төрткүл дүние жұртшылығын тамсандырып, 1927-1936 жылдар аралығында қатарынан 10 рет алтыннан алқа тағынды. Сондай-ақ даңқы дүркіреген мәнерлеп сырғанаушылар қатарында Кэрол Хэйсс (1956-1960) пен Мишель Кван (1996, 1998, 2000-2001, 2003) және германиялық Катарина Витт (1984-1985, 1987-1988) сынды арулар бар. АҚШ спортшылары бес реттен, ал неміс қызы төрт мәрте үздік деп танылды.
Соңғы жарыстарға келер болсақ, 2015-2017 жылдар аралығында Ресей спортшыларының шоқтығы биік болды. Шанхайда Елизавета Тоқтамышева конькиден от ұшқындатса, Бостон мен Хельсинкіде Евгения Медведеваның мерейі үстем болды. Былтыр Миланда жалауы желбіреген жарыста 23 жастағы Канаданың сұлуы Кэйтлин Осмондқа тең келер ешкім табылмады. Жапонияның қос жұлдызы – Вакаба Хигути мен Сатоко Мияхара күміс пен қола медальды иеленді.
Одан бөлек, жұптық сайыс пен спорттық биден де түрлі-түсті жүлделердің сарапқа салынатынын естеріңізге сала кетейік. Бұл жарыстардың да өз жұлдыздары бар. Ол жайында газетіміздің келесі сандарының бірінде баяндайтын боламыз.
Біздің елде спорттың осы түрінің шоқтығын биіктеткен Денис Тен екені даусыз. 2013 жылы Канаданың Лондон қаласында өткен әлем чемпионатында 19 жастағы отандасымыз тек канадалық Патрик Чанды ғана алға жіберіп, күміс медальды иеленді. Бұл – Қазақстанның мәнерлеп сырғанаушыларының әлемдік додада жеңіп алған алғашқы жүлдесі еді. Араға екі жыл салып Тен қола медальды қоржынға салды. Шанхайдағы бәсекеде ол испаниялық Хавьер Фернандес пен жапониялық Тацуки Матидадан ғана қалып қойды.
Денистің әлі де еліне, ел спортына берері көп еді. Алайда былтырғы жылдың жазында даңқты жерлесіміз Алматының қақ ортасында қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Ол небәрі 25 жаста еді...
Бүгін Жапонияның Сайтама қаласында жалауы желбірейтін әлем чемпионатында барша қазақстандық жанкүйерлер Элизабет Тұрсынбаеваға ерекше сенім артады. 19 жастағы аруымыз бұған дейін де көптеген халықаралық додаларда табысты өнер көрсетті. 2016 жылы жасөспірімдердің Дүниежүзілік Олимпиадасында қола медальды еншіледі. Одан кейін Азия ойындарын үшінші орынмен қорытындылады. 2018 жылы Оңтүстік Кореяда алауы тұтанған қысқы Олимпия ойындарында 12-сатыға табан тіреді. Әлем чемпионаттарына үш мәрте қатысып, мынадай нәтижелерге қол жеткізді: 2016 жыл – 12-орын, 2017 жылы – 9-орын және 2018 жылы – 11-орын. Оның сыртында, басқа да толып жатқан турнирлерде жеңіп алған жүлделері бар.
Жуырда ғана Ресейдің Красноярскі қаласында аяқталған қысқы Дүниежүзілік Универсиадада Тұрсынбаева күміс медальды мойнына ілді. Осы нәтижеге қарап, қазір оның бабы өте жақсы екенін байқауға болады. Оның үстіне, бұл күндері Элизабеттің тәжірибесі де толысып, күрделі элементтерді асқан шеберлікпен орындап жүр. Енді барша Алаш жұрты айтулы спортшының жолына үлкен үмітпен қарауда. Күншығыс елінде өтетін жарыста Элизабет Тұрсынбаева әлем чемпионатында жүлде алған қазақ қыздарының көшін бастаса, керемет болар еді...
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»