Лондон
Сенбі, 21 шілде 2012 7:46
«Бір көрсем екен дегізетін қалалар аз емес. Тағы көрсем екен дегізетін қалалар аз. Лондон – сол аздың арасындағы айрықшасы. Қасиетті Павел соборы, Букингем сарайы, Вестминстер сарайы, Тауэр, Виндзор қамалы, Тауэр көпірі сияқты ғажайыптарын айтпағанның өзінде, лондондықтардың киім киісі, жүріс-тұрысына дейін арғы аталарынан ауысқан, ағылшын аристократиясының даңқты дәстүрлерінен тамыр тартқан, терең тектілікті танытып тұратын кісілік қалпы да кім-кімді болсын тәнті етері талассыз.
Сенбі, 21 шілде 2012 7:46
«Бір көрсем екен дегізетін қалалар аз емес. Тағы көрсем екен дегізетін қалалар аз. Лондон – сол аздың арасындағы айрықшасы. Қасиетті Павел соборы, Букингем сарайы, Вестминстер сарайы, Тауэр, Виндзор қамалы, Тауэр көпірі сияқты ғажайыптарын айтпағанның өзінде, лондондықтардың киім киісі, жүріс-тұрысына дейін арғы аталарынан ауысқан, ағылшын аристократиясының даңқты дәстүрлерінен тамыр тартқан, терең тектілікті танытып тұратын кісілік қалпы да кім-кімді болсын тәнті етері талассыз. 2001 жылғы желтоқсанда Президентіміз АҚШ сапарынан қайтар жолда Лондонға бір күн аялдап, экс-премьер Маргарет Тэтчермен кездескені, әлемге әйгілі саясаткерге Отанымыздың құрметті наградасын – І дәрежелі «Достық» орденін табыс еткені бар еді. Сәтін салып, бір топ журналистер «темір ледимен» суретке де түсіп қалғанбыз. Лондонды сол жолы шала-шарпы ғана көргенбіз. Қаланың орталығын көлікпен желе-жорта аралауды, бір күн жүрсең де бір шетінен бір шетіне шыға алмайтын Британ музейіне 2-3 сағатқа бас сұғуды қанағат еткенбіз. Сондықтан да Парламент Мәжілісінің халықаралық байланыстар және хаттама бөлімінің Мәжіліс делегациясының Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіне сапарына қосылып, Лондонға барып-қайту жөніндегі ұсынысын өзіміз ықыласпен қабыл алдық» – 2007 жылғы 20 наурызда жарияланған «Байланыс беки береді» атты репортажда осылай деген екенбіз. Араға небәрі екі ай салып, Лондонға тағы жолымыз түскен. Онда ағылшындық автор Кристофер Роббинстің «Қазақстан: ұмытылған жер» атты кітабының тұсаукесеріне қатысып қайтқан едік. Үш рет келдік қой, біраз жерін көрдік қой, енді Лондон туралы арнайы жазармыз деп ойлап қойғанбыз. Тіпті сол мақалада: «Парламент орналасқан Вестминстерді аралап көрудің әсері бөлекше болды. Оны аттың жалы, түйенің қомында жолдап жатқан мына шағын материалда қозғамай-ақ қойған, бұйыртса, «Әлемге әйгілі…» авторлық айдарының аясындағы арнайы ма, әлде Лондон туралы мақаланың ішінде ме, әйтеуір, әдейі әңгімелеген жөн сияқты» деген де екенбіз. Қала жайындағы әдебиеттерді мүмкін болғанынша көбірек қамтиық, тағы да жан-жағынан қарастырайық деп қайта-қайта кідіре бергеніміз бар. Шекспирдің, Байронның, Диккенстің, Теккерейдің, Уайльдтың, Элиоттың шығармаларындағы Лондон суреттері баршаға белгілі. Оның сыртында бала күнімізден бұл біз үшін Шерлок Холмс пен доктор Ватсонның да қаласы ғой. Әйтеуір, оқимын деген адамға Лондон туралы жазылған нәрсе жеткілікті. Журналистік тіршіліктің бітпейтін жанталасымен жүргенде тағы талай уақыт өте шығыпты. Қалалар жайында көптен қолға қалам алмай кеткеніміз рас. Енді шегінерге жер жоқ: алты күннен кейін Лондон Олимпиадасы басталады. «Әлемге әйгілі қала» айдарының аясындағы бұл жолғы мақала Лондонға арналуға тиіс.
Кем қойғанда соңғы бір жылдан бері Англия астанасының адамзаттың аузынан түспей тұрғаны рас. «Теледидар басып қалсаң, радионы қосып қалсаң, газеттерді ашып қалсаң» дегендей, дәл осы күндерде Лондонсыз арна да жоқ, газет те жоқ, сайт та жоқ. Мұның бәрі түсінікті. Солай болуға тиіс. Спорт атты бір сиқыр адамзаттың ақыл-есін алып тұрған мына заманда төрт жыл сайын айналып соғатын ұлы мереке – Олимпия ойындарын ұйымдастыратын елдің де, соны өткізетін қаланың да атағы айрықша аспандап кететіні табиғи жай.
Ал биыл Лондонда Олимпиада өткізілмесе қалай болар еді? Тұманды Альбион астанасын адамзат ауызға ауық-ауық қана алар ма еді? Жоқ. Әрине, жоқ. Лондон – қашанда Лондон. Оның атағын 27 шілде мен 12 тамыз аралығында өтетін ХХХ Олимпиада асыратыны талассыз, сонымен бірге бұл Ойындардың атағын Лондонда өткізілгені асқақтата түсетіні тағы талассыз. Айтқандай, Лондон енді Олимпия ойындарын үш рет өткізген (бұған дейін – 1908, 1948 жылдарда) әлемдегі бірінші қала болады.
Лондонның айшығын ашып, айбынын асырып тұратын әшекейлі әлпештері аз емес. «Жаһан астанасы» деп те, «Кереметтер қаласы» деп те, «Өркениет жауһары» деп те, «Даңқты дәстүрлер қазынасы» деп те әспеттейді оны. Әйтсе де, жұрттың бәрінен өткізіп айтқан адам Сэмюэл Джонсон болса керек. Бұл жазушы сонау 1777 жылдың өзінде: «Егер сіз Лондонда зерігетін болсаңыз, онда сіздің өмірден жалыққаныңыз, өйткені адамның өмірден күтетін нәрсесінің бәрі бар мұнда» деп айтып кеткен екен.
Неге бұлай деген? Еуропа қалаларының арасындағы ең турист көп келетін қала Лондон болатыны неліктен? Аралда тұрған ел екеніне, көбіне ұшақпен жетуге тура келетініне қарамай, Шенген аймағына кірмейтініне, демек, арнаулы виза керек екендігіне қарамай, қаланың қымбатшылығына қарамай әлемнің қиыр-қиырынан адамдар неге мұнша ағылады Англия астанасына? Авторлық айдардың бүгінгі мақаласында осы сұрақтарға жауап қайтаруға тырысайық.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Отаршылдықты ойға алғаннан-ақ ойбайлай беретініміз бар. Ал дұрысында адамзаттың арғы-бергі тарихында отаршылдық кезеңін бастан кешірмеген ел де, жер де жоқтың қасы. Мысалы, осы Англияның өзін-ақ алайық. Былайынша қарасаңыз атам заманнан Ұлыбритания атанып келе жатқан сияқты. Жарты әлемді жаулап тұрғаны күні кеше ғана ғой. Тіпті қазірдің өзінде Канада мен Австралия ресми мәртебесі бойынша Ұлыбританияның доминиондары саналады: екі елдің де үкіметтерінің басшыларын Англия королевасы тағайындайды. Әрине, бұл ол елдердің толық тәуелсіздікке қол жеткізбегенін білдірмейді, тек дәстүрге беріктігін ғана көрсетеді, сонда да осы фактінің өзінде бір кезде дүн-дүниені дірілдеткен Британ арыстанының айбаты айқын аңғарылып тұр.
Қаланың негізін кельттер қалаған делінеді. Бриттар – кельт тайпасы. Ол есте жоқ ескі заманнан дәйектік деректер сақталмапты. Ал Еуропа жұрты дейді екенмен тарих жасайтын ел емес. Сондықтан Лондонның тарихын біздің дәуіріміздің 43 жылында император Клавдий бастаған Рим легиондарының Британия аралдарына басып кіріп, Темзаның сол жағалауынан Лондиний (Лондиниум) аталған бекініс салуынан бастайды. Оған дейін Юлий Цезарь ағылшын жағалауына екі рет (б.д.д. 55 және 54 жылдары) кеме түсіргенімен, нақты жаулап алу әрекетін жасамаған екен. Содан Лондиний төрт ғасырға жуық уақыт бойы римдік қала саналып келген. 886 жылы аралды даттықтар басып ала жаздаған. 1066 жылы Нормандия герцогі Вильгельм Жаулаушы Гастинг түбінде Гарольд әскерін қиратып, король атанған. Демек, осы ағылшындардың өзі заманында отар елдің кебін киген. Содан өздеріне бірдеңе жұғып, сағы сынып қалған ештеңесі жоқ. Бүгінгі Британия авторларын оқып қарасаңыз, кешегі империяның жер-жаһанды жаулаған жылдарын айтып жатқанын да көп көре қоймайсыз. Өйткені, өркениетті әлемдегілердің бәрі бүгінде мақтанатыны аз елдердің өткенімен мақтануға бейім екенін жақсы біледі. Айтқандай, бұл ойымыз жеке адамдарға да қатысты.
Ал енді Лондонға саяхатымызды бастайық. Неден бастаймыз? Дұрыс айтасыз, Биг-Беннен. Парижді айтқанда Эйфель мұнарасы, Мәскеуді айтқанда Кремль еске түсетініндей, Лондонды атағанда алдымен ойға Биг-Бен (суретте) оралады. Биг-Бен – Лондон символдарының ең бастысы деуге де болады. Би-би-си әлемдік қызметінің арқасында бұл мұнара қоңырауының үні бүкіл дүниеге тарап тұр. Темза бойындағы көпір жиегіндегі төрт қырлы осы мұнараның циферблат диаметрі 7 метрге жететін төрт сағаты, мұнараның ұшар басындағы салмағы 13, 5 тонналық қоңырау, бұл сағаттың жүре бастағанына тұп-тура 153 жыл болғаны кез келген жарияланымда жазылмай қалмайды. Негізінде, Биг-Бен дара ғимарат емес. Ол Вестминстер сарайы сәулет кешенінің бір бөлігі, ресми атауы – «Вестминстер сарайының сағат мұнарасы». Ал сарайдың сәулетін көзге елестету үшін қасбетінің (фасад) ұзындығы 266 метрлік бұл ғимараттың 3 гектар жерді алып жатқанын, дәліздері мен өтпежолдарының ұзындығы 5 шақырым екенін, 1200 бөлмесі, тұп-тура 100 баспалдағы барын айтып байқайық. Бұл – Ұлыбритания Парламенті. Ұлы Парламент. Мемлекеттік кеңес пен Парламенттің мәжілістері дәл осы арада… 1265 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазіргі сарай 1834 жылғы алапат өртте жанып кеткен парламент үйінің орнына салынған. Біз ана жылы сәтін салып, Қауымдар палатасының мәжілісіне қатысқанбыз, сол кездегі Премьер-Министр Тони Блэрдің парламент отырысындағы сөзін тыңдағанбыз. Бізді депутаттардың сұрақ қоюдағы, Премьер-Министрдің жауап қайтарудағы аристократтық тектілігі, саясат майданына жарасып тұратын артистизм де тәнті еткен еді. «Нағыз шарт та шұрт сөз сайысының әдемі үлгісін біз кеше Темза бойындағы әлемге әйгілі ғимаратта көрдік. Сипай қамшылаған сынның өзіне тулап түсетін біздегі кейбір Үкімет мүшелері Вестминстердегі депутаттардың Премьер-Министрді түтіп жеуге дайын тұрған түріне бір қарап қайтса, Астанаға барған соң мамыражай Мәжіліспен, сырбаз Сенатпен жылап көрісер ме еді деп те ойлайсың» деп те жазыппыз сонда. Англия парламенті – айрықша парламент. 1689 жылғы Құқық туралы билльге байланысты депутаттар парламенттік пікірсайыс барысында, Парламент ғимаратының ішінде айтқан сөздері үшін (тіпті жала жапса да) сот тұрғысынан қудаланбайтын болып белгіленген. Содан кейін аянсын ба? Тағы бір қызықты айта кетейік. Ағылшын парламентінің мүшелері жұмысқа еш уақытта түгел келмейді. Бәрінің бірдей келуіне болмайды да. Болмайтыны – орын тар. 1834 жылы салынған парламент үйінің Қауымдар палатасында отыратын 437 орын ғана бар. Ал депутаттар саны 646. Бәрі жұмысқа келіп тұрса не болады? Тағы бір назар аударарлық жай – 1642 жылдан ағылшын монархтарының табаны Вестминстерге тиіп көрмегендігі. Сол жылы король Карл 1 өзіне қарсы шыққан адамдарды қамауға алдырту үшін Парламентке баса-көктеп кірген екен, демократияны қорғау мақсатымен содан бері корольдер мен королеваларға ол жерге аттап басуға тыйым салыныпты. Дәстүр. Лондонның жүрегі саналатын орталық аудан Ситиге кіру үшін королеваның өзі қала мэрінен рұқсат сұрайтыны қалай? Дәстүр. Немесе шойыннан құйылатын зілдей телефон-автоматтарды алайық. Кейбіреулер кіріп-шығып та жатады. Былайша қарасаңыз, неменеге керек дейсіз? Ағылшындардың жаппай қалтафон пайдалануға көшкеніне кемінде жиырма жыл болған жоқ па? Дәстүр. Кешке жақын қолына сәкі ұстаған велосипедшілерді көресіз. Руліне шағын шам іліп қойған. Жаңағы велосипедші газды шамның тұсына келіп тоқтайды да, сәкісімен жоғары көтеріледі. Асықпай шамды жағады. Бұл неменеге керек? Қала деген онсыз да жап-жарық, жан-жақтан неонды жарнамалар және жанып тұр. Дәстүр. Лондондықтар, жалпы бүкіл британиялықтар әсіресе, монархиялық дәстүрлерді өзгеше өбектейді. Монарх отбасының мекенжайы – Букингем сарайының алдындағы аузын ашып, көзін жұмып тұрған, шын мәнінде ел өміріне нақты ықпалы жоққа жуық королева билігінің қызметін қамтамасыз етуге қалтасынан қанша қажет болса сонша салық суырып беруге дайын ағылшындардың бет-жүзіне қарасаңыз осыған көзіңіз жетеді. Сөйте тұра ағылшын консерватизмі тек өткенді қаз-қалпында қалдыруды жақтайтын, қатып-семіп қалған нәрсе емес. Мини-юбканың да, «Битлздың» да, панктердің де монархия рухына қанық суарылған осы елден шыққанын өзіңіз жақсы білесіз.
Шығыстағы Тауэр мен батыстағы Темпл орамы, оңтүстіктегі Темза мен теріскей жақ беттегі Холборн ауданының арасын алып жатқан Ситидің қақ ортасында Әулие Павел соборы тұр. Протестанттар мұны Римдегі католиктермен жарысып, белгілі бір дәрежеде бәсекелесіп тұрғызған. Ватикандағы Әулие Петр соборынан әдейі асырып түсірген. Латын крестіндей пішінмен, ұзындығының өзі 180 метр етіп салынған храмның 120 метрлік күмбезі Лондон сұлбасын құрайтын белгілердің бірі. Үлкен Пол деп аталатын салмағы 16 тонналық бас қоңыраудың күңгірлеген үні 37 шақырым жерден естіледі екен. Бұған қарап, бүкіл қала еститіндей көріп қалмаңыз: Лондонның бір шетінен бір шетіне шыққанша 100 шақырым жүруіңізге тура келеді…
Ситидің шығыс жақ бетінде атақты Тауэр қорғаны орналасқан. Ағылшын ұлтының тарихында айрықша орын алатын Лондон Тауэрі – Ұлыбритания символдарының бірі. Жалпы, Тауэрді қорған деудің өзі шартты. Интернеттен Тауэрдің 900 жылдығы тұсында жарық көрген бір кітапта «өзінің бүкіл тарихында Тауэр қорған да, бекініс те, сарай да, король қазыналарының қоймасы да, қару-жарақ арсеналы да, монета сарайы да, түрме де, обсерватория да, зоопарк те, туристерді тартып тұратын орын да болды» деп жазылғанын оқыдық. Тауэрге барғаныңызда Уэллс жазатын «уақыт мәшинесіне» мініп, алыс бір замандарға өтіп кеткендей күй кешесіз. Тауэрдің негізін Нормандия герцогы Вильгельм Жаулаушы қалаған деп саналады. Өзі басып алған англосакстарды қорқытып ұстау үшін тұрғызған екен о баста. Арыстан жүрек Ричардтың тұсында қосымша талай мұнаралар қосылып, бекіністік дуалдар тұрғызылыпты, одан кейін жан-жағынан ені 36 метрлік ор қазып, суға толтырып тастаған соң онсыз да қабырғасының қалыңдығы 4 метрлік Тауэрге тірі жан маңайлай алмайтындай болыпты. 1190 жылдан бері мемлекеттік түрмеге айналған Тауэрде нендей оқиғалар өткенін айтқаннан гөрі нендей оқиғалар өтпегенін айту жеңіл сияқты. Мұнда Шотландия, Франция корольдері, олардың отбасы мүшелері қамауға тығылған. Елдің өзінің қаншама атақты адамдары дәл осы жерде соңғы демін үзген. Генрих VІ, Эдуард V, Анна Болейн, Кэтрин Говард, Джейн Грэй деген атышулы тұлғалардың талайы осы жерде дарға асылған. Томас Мордың талқаны да осы жерде таусылыпты. Тауэрдің кейінгі кездегі тұтқындарының ішіндегі ең атақтысы – Рудольф Гесс. Гитлер өз партиясындағы орынбасарын Кеңес Одағына қарсы бірге соғысуды ақылдасу үшін Лондонмен жасырын келіссөзге жіберіп, ағылшын авиациясы ол мінген ұшақты Ла-Манштан өте бере атып түсіргені белгілі.
Тауэрде қарға көп. Жұрттың бәрі әлгілерді қорғап, қоршап, қамқор болады да жүреді. Егер қарғалар Тауэрді тастап кетсе, онда бүкіл Британияның күлі көкке ұшады деген наным бар екен. Содан да қарғаларға бас-көз болып, жем шашып жүретін арнаулы адамдар қарастырылған. Әлдеқандай жағдай болады деген бе, қарғалардың қанаттарын аздап қиыңқырап та қойыпты.
Лондонға жолыңыз түссе міндетті түрде Британ музейіне барғаныңыз жөн. Алып ауқымды алып жатқаны сондай, аспанынан ешқашан күн аумаған Британ империясы королева Елизавета І билік құрған ХVІ ғасырда қалыптасып, ХХ ғасырдың ортасына дейін өмір сүрді. Даңқы дүбірлеген ғасырларда оның құрамына Англияға, Уэльске, Шотландия мен Солтүстік Ирландияға қоса Үндістан, Канада, Австралия, Батыс Африка, Ауғанстан, Персия, Бирманың бір бөлігі, Тынық мұхиттағы толып жатқан аралдар кіргенін мектеп оқулықтарынан жақсы білеміз. Сол отарлардың бәрінен ағылшындар материалдық байлықпен қоса мәдени жәдігерліктерді де тасудай-ақ тасыған. Бұлардың рухани қазынаны қастерлеуі қайран қалдырады. Әлемге әйгілі Розетта тасын әуелде Египеттегі ағылшын экспедициялық корпусын талқандауға аттанған Наполеон флотының мүшелері тапқаны мәлім. Француз ғалымы Франсуа Шампольонның ұлы жаңалығы арқылы көне Египеттің иероглифтерін оқуға мүмкіндік туған еді. 1802 жылы жеңген Ұлыбритания мен жеңілген Францияның арасындағы Александрия бейбіт шартында соғыс қимылдарын тоқтату үшін ағылшындар қандай шарт қойған дейсіз ғой? Ағылшындар сонда атақты Розетта тасын британиялықтарға басы бүтін беруді талап еткен. Сол тасты қазір біз Британ музейінен көре аламыз. Тағы бір мысал. «Аванта» баспасының «Самые красивые и знаменитые музеи мира» (М., 2006) альбомында Томас Брюс Эльджин деген лордтың кезінде түрік үкіметінен Афинадағы Акропольде көне грек жәдігерліктерін зерттеуге рұқсат алғаны айтылады. Ол кезде Грекияның талай жері Осман империясының құрамына кіретін. Түріктердің тілін тапқан жаңағы лорд ақыры «Егер ол Акропольден жазуы немесе мүсіндері бар бірнеше тас тақталарды алып шыққысы келсе, онда оған ешкім кедергі келтірмеуге тиіс» деген пәрмені бар құжатқа қол жеткізеді. «Бірнеше» деген сөзді әрқилы есептеуге болатынын әккілікпен пайдаланған әлгі лорд Лондонға 200 жәшік жөнелтеді… Қазір Афинада жалаңаштанып тұрған Парфенонның тұтас әшекейбедерлері мен көптеген сәулеттік детальдары Британ музейіне солай келген. Мұнда Парфенон статуяларына бөлек зал арналған. Музейде әлемнің жеті кереметінің екеуінің – Галикарнас мавзолейі мен Эфестегі Артемида храмының мүсіндері бар екенін айтудың өзі көп жайды аңғартады.
Мұндағы талай экспонат адамның ақыл-есін аларлықтай. 1984 жылы Англияның солтүстік-батыс жағындағы шымтезекті батпақтан темір ғасыры (біздің дәуірімізге дейінгі 300-100 жылдар арасы ғой) адамының тамаша сақталған денесі табылған. Музейде сол тұр. Шөлдің ыстық құмында сол күйінде сақталып қалған ана бір адамның осыдан 5300 жыл бұрын өмір сүргеніне сенеріңізді де, сенбесіңізді де білмей аң-таң қаласыз. Британ музейіне жыл сайын 4 миллионнан астам адам келеді екен. Осы тұста Британ кітапханасы жайында да бір сөз айта кетейік. Оның қорында әлемнің барлық тіліндегі әдебиеттің, дыбыс және музыка жазбаларының, карталардың, маркалардың, сызбалардың 150 миллион данасы сақтаулы тұр. Кітап қоры жөнінен (25 миллионнан артық) ол алдына тек АҚШ Конгресінің кітапханасын ғана түсіреді.
Лондонның музейлерін айтсаңызшы. Бірінен бірі өтеді. Мадам Тюссоның балауыз мүсіндер музейінен бастап Жаратылыстану тарихының музейі, Виктория мен Альберттің музейі, Ұлттық галерея, Ұлттық теңіз музейі, Ғылым музейі, Дали ғаламы, Фрейд музейі, Ойыншықтар музейі, Империялық әскери музей, Театр музейі, Дизайн музейі… деп кете береді, кете береді. Осылардың бес-алтауына бара алдық. Әсіресе, Виктория мен Альберт музейі сәндік өнердің әлемдегі ең ірі коллекциясы ретінде қайран қалдырады. Онда Шығыс және Еуропа дизайнының 4 миллионнан астам экспонаты бар. Сол музеймен іргелес орналасқан (айтқандай, Қазақстан Елшілігі ғимаратының дәл жанында) Жаратылыстану тарихының музейінде ботаника, зоология, минералогия, палеонтология саласындағы экспонаттарға тіпті таңдай қағасыз. Қазып алынған динозаврлардың әлемдегі ең таңдаулы коллекциясы Лондон музейінде. Мұнда не көп, музей көп. Артиллерия музейі дей ме, Қоғамдық көлік музейі дей ме, Теннис музейі дей ме, Лондон каналдарының музейі дей ме, Бақ өнері музейі дей ме, Еврей музейі дей ме, әйтеуір ұшы-қиырына шыға алмайсыз. Олардың бәрін көріп үлгеру үшін Лондонға демалыс алып бару керек шығар. Мұнда тіпті өтірік музейлер де бар. Қалай дейсіз ғой? Бейкер-стрит көшесіндегі 239-шы үйде Шерлок Холмс музейі орналасқан. Ана жылы сол кездегі Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған бір топ депутаттармен бірге біз де бардық соған. Шерлок Холмстың өзі Конан Дойл қиялынан шыққан әдеби кейіпкер болса, оның Бейкер-стрит көшесіндегі 239-шы үйде өмір сүруі мүмкін емес екендігі белгілі болса, ол музей өтірік музей болмағанда қандай музей болады? Бірақ, барсаңыз тамаша әсерге бөленесіз. Конан Дойл кітаптарын қолға ұстап тұрып тексерсе де сәл ауытқу кетпейтіндей етіп жасаған-ау сабаздар. Әлі де сол Бейкер-стрит, 239 деген адреске, Шерлок Холмстың атына шатысқан, бытысқан істердің анық-қанығын тексеріп беруін сұраған хаттар келіп жатады екен. Тұрған үйінде музей ашылса, Шерлок Холмстың өмірде болғанына қалай күмәнданарсыз?
Лондон тарихы бай қала ретінде де, архитектурасы айшықты қала ретінде де, өнері өрелі қала ретінде де, тұрғындарының жетпіс жеті атасынан жеткен джентльмендік қасиетімен танымал қала ретінде де, сонымен бірге өмірге өте ыңғайлы қала ретінде де қатты қастерленеді. Қаланың Грин-парк, Гайд-парк, Риджентс-парк, Холланд-парк, Бэттерси-парк сияқты ғажайып парктері жасыл желегімен, саф таза ауасымен, әсем гүлзарымен жаныңды рахатқа бөлейді. Қалтаңыз көтеріп жатса Лондонның атақты отельдері, дүкендері, ресторандары, көңіл көтеру орындары, пабтары қандай керемет. Олардың бәрін жағдай келсе өз көзіңмен көргенге не жетсін.
Мақаланы аяқтауға жақындаған тұста құшақ жетпейтінді құшақтауға ұмтылдық па, Лондондай ұлы қала жайында бір мақалада қамти жазуға тырысқанымыз қалай болды өзі деп ойлана бастағанымыз да рас. Бірақ, «Әлемге әйгілі» айдары қандай қала жайында да, қандай адам жайында да, қандай құбылыс жайында да ақиқаттың бәрін ақи-тақи айтып, жеріне жеткізе сөз етуді мақсат тұтпайтынын көзі қарақты оқырман білуге тиіс. Танымдық журналистиканың мақсаты – көргендер мен көңілге түйгендерді көзінен тізе келіп, мәліметтер мен мағлұматтарды жұртшылыққа жинақтап, жүйелеп ұсыну. Олимпиада астанасына жол жүрердің алдында біз осынау әлемдік ұлы дода өткелі жатқан ұлы қаланың тарихы мен бүгінгі бейнесіне бір назар салып қоюды орынды көрдік.
Көпті көрген көне Лондонның тектілігі біздің қазақстандық спортшыларымыздың рухын көтеріп, жаңа жеңістерге жігерлендірсін деп тілейік.