Дүбірге толы дүние
Жұма, 17 тамыз 2012 7:03
Әскері қолдаған президент қауқарлы
Өткен жексенбі күні Египетте бетбұрысты кезең басталды. Жаңа сайланған президент Мохаммед Мурси елде айтарлықтай беделі бар Әскери кеңестің төрағасы, қорғаныс министрі фельдмаршал Хусейн Тантауи мен әскер Бас штабының бастығы Сами Ананды қызметінен босатып, олардың орнына басқа адамдарды тағайындады.
Жұма, 17 тамыз 2012 7:03
Әскері қолдаған президент қауқарлы
Өткен жексенбі күні Египетте бетбұрысты кезең басталды. Жаңа сайланған президент Мохаммед Мурси елде айтарлықтай беделі бар Әскери кеңестің төрағасы, қорғаныс министрі фельдмаршал Хусейн Тантауи мен әскер Бас штабының бастығы Сами Ананды қызметінен босатып, олардың орнына басқа адамдарды тағайындады.
Онда тұрған не бар, қай жерде де қарулы күштер ел басшысына бағынбай ма екен, деуге болар. Ал бұл елде әскердің, оның жоғары органы – Әскери кеңестің орны бөлектеу. Олар қашан да билік үшін күресте шешуші рөл атқарған, билік басындағылар оларға арқа сүйеген. Осы елдегі кешегі президент Мүбәракты тақтан тайдырған аласапыран кезде де әскерилер билікті өз қолына алып, жаңа президент сайланғанша басқару тізгінін ұстады. Тіпті президент сайланғаннан кейін де көп адамның көңілінде олар азаматтық өкіметке билікті бере қояр ма екен деген күдік жүрді.
Содан да біраз жұрт Мохаммед Мурсидің билігіне күмәнмен қараған. Сол күмән енді біржола сейілді десе болады. Президенттің жарлығымен Әскери кеңестің басшысы ауыстырылғаннан кейін қарулы күшке бақылау толық ел басшысының құзырына көшті деген сөз.
Бұған дейін әскерилердің беделі жоғары болуында заңдылық бар еді. Президент Хосни Мүбәрак әскерге, оның басшысы Тантауиге арқа сүйегені өз алдына, бұл елге үлкен қолдау көрсеткен АҚШ өз ықпалын әскерилер арқылы жүзеге асырды. Генерал Сами Анан Египет әскері мен Пентагон арасындағы байланысшы рөлін атқарған.
Бұл бұрынғысы болса, Мүбәрак тақтан құлағаннан кейін бүгінге дейін ел билігі Әскери кеңесте, оның басшысы Тантауидің қолында еді. Халық бұрынғы президентке қарсылығын қатты көрсеткенмен, Тантауиге шамасы келмеген. Талай рет әскерилерге қарсы ұран көтеріп көшеге, атақты Тахрир алаңына шыққанмен, одан әріге бара алмады.
Мұның бәрін президент Мурсидің жан-жақты ескергені анық. Тіпті жексенбідегі өзгеріске дейін олардың арасында талай кездесу де, келісім де болған шығар. Жалпы халықтың, саяси партиялардың, әсіресе Мурсидің жақтастарының қарсылығына қарамай, Тантауи мен Ананның президенттің кеңесшісі деген қызметке тағайындалуы да жайдан-жай емес.
Сарапшылар жаңа қорғаныс мекемесінің басшыларын тағайындағанда да бұрынғы әскер басшыларымен келісілген дегенді айтады. Оның да қисыны бар. Қорғаныс министрлігіне генерал Әбдел Фатах әл-Сисси тағайындалған. Бұрын әскери барлау қызметінде болған адам. Бас штабқа генерал Сидки Собхи барыпты.
Атап айтатын бір жай – президенттің шешімімен әскерилер заң шығару құқығынан айрылды. Оларға ондай құқық Әскери кеңестің бастамасымен президент сайланар алдында конституциялық декларация арқылы берілген еді. Соған сай президент әскерилерге бақылау құқығынан да айрылған. Әскери кеңестің құзыры президент өкілдігінен әлдеқайда жоғары еді. Енді бәрі керісінше болды.
Осылайша маусым айының соңғы күні қызметіне кіріскен Мохаммед Мурси билік тізгінін толық өз қолына алды. Үкімет те толық жасақталды. Оның басшысы болып бұрынғы ирригация министрі Хешам Кандилдің тағайындалуы да жаңа президенттің тірегін күшейтті деп тұжырымдауға болғандай.
Әсіресе әскерилердің биліктегі өкілеттігін шектеген президент Мурсидің шешімдерін қалың бұқара хош көріп, көшеге шыққаны да көп жайды аңғартады. Тіпті мұны қазіргі билікке оппозиция да мақұлдапты. Араб дүниесіндегі жетекші елдегі саяси жағдай оңға бұрылғандай.
Даудың басы – Pussy Riot панк тобы
«Атың шықпаса, жер өрте» деген бар. Қазір Pussy Riot панк тобын әлем біледі. Бұрын біреу біліп, біреу білмейтін әншілер тобы Мәскеудегі орыс шіркеуінде жосықсыз өнер көрсетіп, бір күннің ішінде әлемдік атақтылардың қатарына қосылды да кетті.
Бұл өзі үлкен саяси оқиғадан да зор болып тұр. Айталық, бір елде саяси төңкеріс болып, билік ауысса, оны бір-екі күн, ары кетсе бір апта айтады да қояды. Ал Pussy Riot панк-тобының сөз болғанына – бес ай. Уақыт өткен сайын оған байланысты әңгіме өрши түсуде, оларды қорғаушылар саны да арта түсіп келеді. Осыдан үш-төрт күн бұрын ресми мәлімдеме жасап, Исландия астанасы – Рейкьявиктің мэрі Ион Гнафф өзінің панн-тобын жақтаушылар қатарына қосылатынын жариялады. Бұл – бір ғана мысал.
Сонда Pussy Riot деген не, олар не жасап қойды? Жоғарыда айтқандай, біреу біліп, біреу білмейтін әншілер тобы. Осыдан бес ай бұрын Ресей православие шіркеуінің бас храмы – Құтқарушы Христ храмында әлем-жәлем, оғаш киім киіп алған үш әнші шіркеуде саяси мағынада ғибадат-өлең айтқан. Онда қазіргі билікті сынаған сөздер болды. Шіркеу адамдары әншілердің сайқымазақ қылықтарын бұзақылыққа балап, полицияға хабарлаған. Полиция олардың бұл бұзақылығын, дін орнын ғана емес, жалпы православие шіркеуін қорлағандық деп тауып, қамауға алған. Олар содан бері қамауда отыр.
Ал, Ресейдің құқық қорғау орындары оларды қалай жазалауын білмей әлек. Ең алдымен Кремльдегілер мұны басқаларға сабақ болғандай етіп соттауды ұйғарған. Басқаларға сабақ болсын дегенде, қатты жазаласа, бүкіл «өркениетті» Батыс қазірдің өзінде сол «өнер адамдарының» қамауда жатқанын артық көріп отыр, өре түрегелетіні анық. Бір күнде әлемге танымал болған әншілердің, жұрт біліп жүруі үшін, аттарын атаған жөн шығар: Надежда Толоконникова, Мария Алехина және Екатерина Самуцевич. Олар өздерінің қылықтарының орынсыздығын ақ жүректерімен мойындағысы да келмейді. Әсіресе, әлемдік атақты рок-музыканттардың хаттарынан кейін олар қамауда отырғаны айтарлықтай ұпай жинайтындарына көздері жетіп, кешірім сұраудан тартынып отыр. Кешірім сұрамағандарды кешіре салу Ресей құқық қорғаушыларына да қиын.
Шындығына келгенде, бас ауыртуға тұрмайтын осы бір дау Ресей мен Батыстың бірін-бірі айыптайтын үлкен желеуге айналды. Адам құқығын, сөз бостандығын аяқ асты еттіңдер дейді Батыс. Дінді қорлағандарды қолдайсыңдар, бұл да адам құқығына тиіскендік, христиандық мәдениетті қорлағандық деп ақталады Ресей. Бұлардың дауы әлі де біразға созылатын түрі бар.
Мамадияр ЖАҚЫП,
«Егемен Қазақстан».