Орынборға ревком мүшелері де келді. Бөкейден Меңдешев, Оралдан Қаратаев, Әйтиев, Арғаншиев келді. Мәскеуден ревком бастығы болған Пестковский келді. Бұлар да кеңселерін ашып, орналасып жұмысқа кірісті. Бірақ Қырғыз (Қазақ) орталық мекемелерінің келіп орналасуына, Орынбордың Қырғыз (Қазақ) республикасының орталығы болуына Орынбордағы ұйымдар онша жақсы қарамады. Наразылау болып тұрғандары сезілетін еді.
Солай етіп Орынборда мен «Соғыс комиссариаты хабарлары» газетін тағы шығаруға дайындалдым. Бірақ бір күні Сейтқали Меңдешев мені шақырып алды, оныменен бірге Әйтиев отыр еді. Ол қазақша газет шығару мәселесін қозғады. Қазір «Соғыс комиссариаты хабарлары» емес, ревком органы қазақша газета шығару керек деді. Сол отырыста не деген газета шығарамыз, аты қалай болады деген мәселе болды. Меңдешевтің ұсынуы бойынша газетаның аты «Ұшқын» болатын болды. Мені соғыс комиссариатының саяси бөлімінен шақырып алып, «Ұшқын» деген қазақша газета шығаруды, редакция ұйымдастыруды тапсырды. Сол уақытта Орынборда қоңсы Бөрте болысынан оқушылар қазақ жігіттері бар еді. Бернияз Күлеев, Қамбетов, Мерғали, соларды жұмысқа шақырып, редакция ұйымдастырдым. Ревком редколлегия составын көрсетіп таныс етті. Редколлегияға мені председатель қылды. Күлеев, Ишмұқамбетов, Ахметсапа Юсупов редколлегия мүшелері болып белгіленді. Ахмет Байтұрсынов редколлегияда болған сияқты. Ұмытпасам, Ордадан уақытша келген Халел Есенбаев, Шақат Бегалиндерді уақытша редакцияға жіберді. Біраздан кейін Тұнғашин Тоқтамыс келді. Ташкеннен келген Хайретдин Болғанбаев біраз уақыт істеді. Солай етіп ноябрь айында Орынборда қазақша «Ұшқын» газетасы шыға бастады. Редакцияға Орынбордың бір (Неплюевская) көшесінен жай берілді. Бастап «Ұшқын» жұмасына бір рет, соңынан екі-үш рет шығып тұрды. Газета екі беттік сары қағазға басылып тұрды. Осы күнге дейін ұмытпаған бір жұмысым: ол кезде Орынборда «Бізің жол» деген татарша газета шығатын. Сейтқали Меңдешев сол газетаға бір мақала жазып, Қырғыз (Қазақ) ревкомының келгенін, Орынбор Қазақ республикасының орталығы болғанын айтып бір мақала жаз, татар көпшілігіне білдір, таныстыр деп маған тапсырды. Мен сол тапсыру бойынша татар газетасына мақала жаздым. Ол мақалам сол газетаның бір нөмірінде басылып шықты. Солай етіп «Ұшқын» газетасы Қазақстанның бірінші сиезіне дейін шығып тұрды. Бірінші сиез белгілі 1920 жылы октябрь айының басында (октябрьдің 4 күні ескіше) ашылды...
«Ұшқын» Қырғыз (Қазақ) ревкомының органы өлкелік газета болып шығып тұрды. Сол кездегі жағдайды, ревкомның жұмысын көпшілікке таныстыру, бірінші сиезге даярлық жұмыстарын көпшілікке білдіріп отырды.
1919 жылдың аяғы, 1920 жылдың бас күндерінде Батыс Алашорда үкіметі адамдары Совет үкіметіне бас иіп беріліп, Орынборға келіп берілді. Бұлардың ішінде үкімет составы Жаһанша Досмұқамбетов, доктор Халел Досмұқамбетов, Кәрім Жаленов, Күсепқалиев тағы басқалар бар еді. Бұларменен бірге келгендердің ішінде Алаш орда әскер отрядтарының командирлері, 25-30 адам бар еді. Әскерлердің ішінде Бисенов, Мұрат Қаратаев тағы басқалар бар еді. Осылар қатарында Колчак әскері қапталында деректориада болған бөкейлік Уәлидхан Танашев келді.
Қырғыз (Қазақ) ревком бастықтары Алаш орданың бастықтарын қабыл алып, ұшырасулары болған күні Алаш орданың басшыларын қабыл алып ұшырасу кешін ұйымдастыруды маған тапсырды, бұның үшін арнаулы азық-ауқат, қаржы берді.
«Ұшқын» газетасы редакциясында ұшырасу кешін ұйымдастырып, жастармен ұшырасу болды.
Әлі ұмытпаймын, мәжіліс кешін ашқанда мен сөзімді «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып елін тапқан соң» деп халық мақалымен бастап едім.
Алаш ордашыларды қабыл алу осындай жағдайда өтті, барлығы өздерінің тиісті орындарына орналасты.
Осы 1919 жылдың аяқ кезінде партияға адам алу туралы Ленин жұмалығы (Ленинская неделя) болды. Сол жұмалық күндерінде партияға кіріп, мен партия билетін алдым. Партия қатарында болып, тағы жұмысымды істей бердім. Мен (Сафиев) «Ұшқын» газетасы редколлегиясының председателі болып, 1920 жылдың май айына дейін істедім...»
Орда мен Оралда
Мамыр айында Тамимдар Сафиев қатты сырқаттанып қалады. 10-15 күн төсек тартып жатып, азырақ тәуір болған соң демалысқа сұранып, Бөкейге, Ордаға жүріп кетеді. «Ұшқын» газетін шығарып, менің орнымда Ахметсапа (фамилиясы ұмытпасам Юсупов еді) қалды. Басқа қызметкерлер Бернияз Күлеев, Тұнғашин Тоқтамыс, Мұқанғали Ишмұқамбетовтар еді» деп жазады кейіпкеріміз.
Бір қызығы туған жеріне келген Тамимдар Сафиевті жерлестері жібермей қояды. Меңдешевке тікелей хабарласып, «Сафиев Бөкейде кооператив ұйымдастыру жұмысына қажет» деп арнайы сұрап алады. Сөйтіп ол кооператив ұйымдастыру үшін Талөпке, Жаңақала уездеріне уәкіл болды. Бұл кезде оның досы Халел Есенбаев та Талөпкеде уез атқару комитетінің төрағасы болып қызмет етуші еді.
Тамыз айында Сафиев қайтадан Орынборға шақырылады. Ревкомның тапсырмасымен Жымпиты уезінде газет шығару, баспахана ісін ұйымдастырады. Қыркүйек айында Ордаға барып, қазанда Орынборда болатын Бірінші Қазақстандық сиезіне делегат болып сайланады.
«Октябрьдің 4-і күні Қазақстанның бірінші сиезін Радус Зенкович ашты. Сиез делегаттарының ішінде еңбекшілер делегаттарымен қатар, алашордашылар, байлар партиясында болғандардың да делегат болып сайланғандары бар еді. Мен білгеннен сиезге делегат Әлихан Бөкейханов, Аббас Ермеков, Уәлидхан Танашев, Ахмет Байтұрсынов, тағы сондай адамдар бар еді. Сиезде бұл адамдар туралы сөз болды. Бірақ оларға шешуші дауыс берілмей, кеңесте дауыс берілді, сонымен қатар оларды сиездің төрі алдыңғы қатарға өткізбей, есік жаққа отыруға мәжбүр етті. Сиез 8-10 күндей созылды, күн тәртібіне қойылған мәселелер шешілді, тиісті қарарлар қабыл етілді. Сайлау болды. Совнарком председателі Радус Зенкович болды. Орталық атқару комитетінің (ЦИК) председателі Сейтқали Меңдешев, секретары Бөкейханов Ғабдол болды. Бөкейден келген делегаттардан бірнеше жолдас Залиев, Құлшурин, Теміралиев, Шомбалов, Милютин үкімет составына кірді. Қалған бір сайлану Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиев Орталық комитет мүшелеріне кандидаттар қатарына кірдік.
Сиездің жабылар күндерінде, бір күні бірқатар қазақ оқығандарының жиналысы шақырылды. Бұл жиналыс ол кезде шығып тұрған «Ұшқын» газетасының редакциясында болды. Бұл жиналысқа келгендерден менің есімде қалғандар Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Саматов, Садуақасов, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиев, Бернияз Күлеев, Ахмет ... бар еді.
Жиналыста таза сайланған (ЦИК) Орталық атқару комитетінің органы етіп газета шығару, ревком органы «Ұшқын» газетасының атын өзгерту мәселесі қаралды. «Ұшқын» газетасын Қазақ Орталық атқару комитетінің органы етіп, атын өзгерткенде не деп ат қоямыз? – деген сөз болды. Қысқасы жиналыс «Ұшқын» газетасының аты өзгертіліп, «Еңбекші қазақ» болсын, ревком органы емес, Қазақ Орталық атқару комитетінің органы делінсін деген қарар қабыл етті. Газетаның редакторы болып Маннан Тұрғанбаев белгіленсін делінді, редакция коллегиясына кімдер сайланғаны есімде жоқ...»
Тамимдар Сафиевтің кейінгі өмірі де газет жұмысымен байланысты. Ол 1920-1923 жылдары Бөкей облысы тұтынушылар одағының басқарма мүшесі, 1923-1925 жылдары Бөкей губерниялық сотының аға хатшысы болып қызмет еткенімен, кешікпей газет ісіне оралды. 1925-1928 жылдары Орал губерниялық «Қызыл ту» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып қызмет етті.
«Жолдас Тәмем!
Сенің жауапты хатшы болып, маған орынбасар болып екі жыл баспасөз майданында бірге қызмет істесіп, мазмұн-құрылыс жағынан газет есебіне кіргізген, «Қызыл туды» аяққа бастырған, жұртқа көсем қылып танытқан еңбегімізді, қолға қол ұстасқан күндерімізді ескеруің үшін осы суретімізді алдыңа тартам.
Баспасөз – тап құралы, баспасөз майданы – адал майдан, еңбекші (жұмыскер) табының қарауында тұратын, көсем болатын майдан. Біз сол майданда келешекте де тұруымыз тиіс.
Жолдасың Рақым.
2.ХІІ.1927.
Орал қаласы» – деп жазады «Қызыл ту» газетінің 7 жылдық тойында естелікке түсірілген ұжымдық фотоның сыртына басылымның сол кездегі редакторы, кейін «халық жауы» атанып ату жазасына кесілген тағы бір арыс Рахым Сүгіров.
Кейінгі өмірі
Тамимдар Сафиевтің өмірінің бір кезеңі туған ұлтына – қарақалпақ ұлттық баспасөзінің қалыптасуына арналғаны мәлім.
Қарақалпақ жазушысы Қаллы Айымбетов өзінің «Халқ даналығы. Өткен күнлерден елеслер» атты кітабында (Нөкис, «Қарақалпақстан» баспасы, 1988): «Т.Сафиевтиң анкетасында миллети қарақалпақ деп жазылғаны ушын «Қызыл туў» деген газетада ислеп атырған жеринен оны Қарақалпақстанға жиберипти» деп жазады. Біздің ойымызша Т.Сафиевтің Нөкіске ауысуына сол кездегі саяси оқиғалар да себеп болуы мүмкін. Саяси сауатты, келе жатқан қауіпті алдын ала сезетін сауысқаннан сақ Тамимдар 1921 жылы «ұлтшылдығы үшін» деген жаламен ВКП(б) қатарынан бір мәрте шығарылған болатын. Ол 1920 жылдардың соңында Қазақстанда тағы бір саяси қуғын-сүргіннің бұлты үйіріле бастағанын сезген сияқты. Партия қатарына 1925-1927 жылдары үміткер бола жүріп, тек 1927 жылы ғана қайтадан қабылдана алған екен.
Сонымен, 1928 жылы Т.Сафиев Қарақалпақ обкомының орталық органы «Мийнеткеш Қарақалпақстан» газетінің жауапты редакторы болып тағайындалып, 1931 жылға дейін жасайды. 1931-1933 жылдары Бүкілодақтық коммунистік журналистика университетінде оқып келген соң, «Қызыл Қарақалпақстан» газетінің бас редакторы болады. Алайда 1935 жылы «ұлтшыл әрекеттері үшін» айыпталып, партия қатарынан шығарылады. Бұл сүргіннен оның қалай аман қалғаны белгісіз. Әйтеуір Мәскеуге кетіп, қарақалпақ тіліндегі оқулықтарды шығарумен айналысатын «Учпедгиз» баспасына жұмысқа тұрады. Сол кеткеннен Нөкіске де, Қазақстанға да оралмай, Мәскеуде қалып қояды. 1958 жылы Н.А.Баскаковтың жетекшілігімен шыққан «Қарақалпақ-орыс сөздігі», 1967 жылы «Орыс-қарақалпақ сөздігі» кітаптарын шығаруға атсалысады.
Шәрип Бабашевтің дерегінше, Т.Сафиев 1975 жылы 9 қаңтар күні Мәскеу қаласында қайтыс болған.
Батыс Қазақстан өңіріндегі қазақ басылымдарының қалыптасуына көп еңбек еткен, ел газеті «Egemen Qazaqstannyń» бастауындағы «Ұшқын» газетін шығарушылардың бірі болған Тамимдар Сафиевтің аса құнды естеліктерінің жазылуына, сақталуына себепші болған – аяулы қазақ зерттеушісі Мұстафа Ысмағұлов екен. Өйткені бес дәптерден тұратын араб жазулы естеліктерінің басында Тамимдар Сафиев бұл жазбаларды Мұстафаның сұрауымен жазғанын анық айтады. Мұстафа ағамыз тарих үшін өте құнды бұл естеліктердің түптің түбінде қажет боларын сезіп, жаздырып алған әрі қорықпай сақтаған.
Қазақ ССР тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамының Әдебиет және жазба секциясының жолдамасымен 1979 жылғы 6 маусым-29 шілде аралығында арнайы іссапарда болған Мұстафа ағамыз 30 маусым күні Мәскеуге келіп, марқұм Тамимдар Сафиевтің үйіне арнайы барғанын жазыпты.
«Тамимдардың әйелі казак-орыс қызы еді. Олардан туған Вера Тамимдарқызы Сафиева әкесінен қалған жазба мұраларды мұқият сақтап отыр екен. Қолжазбалардың арасында қазақтар мен қарақалпақтардың фольклорлық мұралары, көне фотосуреттер көп. 17 беттен тұратын «Жұмбақтар», 17 беттен тұратын халық әндері, Тамимдар Сафиевтің ата-анасымен бірге түскен фотосуреті, т.б. дүниелерді алдым. Бір үлкен кітап шкафындағы кітаптар өте құнды. Вера Тамимдарқызы оны музейге немесе кітапханаға сатқысы келеді. Оның мекенжайы 121406, Мәскеу облысы, Пушкино қаласы, Маяковский көшесі, 7 үй, 22 пәтер, Степанова Вера Тамимдарқызы» деп жазады іссапар есебінде Мұстафа Ысмағұлов. Тамимдар Сафиевтен қалған ол архивтің кейінгі тағдыры белгісіз. Бірақ Мұстафа ағамыз алып қалған деректер бүгінде Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында мұқият сақтаулы. Бүгін назарыңызға ұсынылып отырған естеліктер мен көне суреттер – осының айғағы.
Батыс Қазақстан облысы