20 Наурыз, 2019

Британ оқырмандарының қызығушылығын оятты

1198 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен аптада Ұлыбританияда ұйымдастырылған Лондон кітап көрмесінде (London Book Fair) қазіргі қазақстандық баспа саласының туындылары таныс­тырылды. Жоба аясында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландиядағы елшілігінің қолдауымен отандық баспалардан соңғы жылдары жарыққа шыққан кітаптарын қалың оқырман назарына ұсынды. 

Британ оқырмандарының қызығушылығын оятты

Айтулы жоба Мемле­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттарының бірі саналатын «Жаһандағы зама­науи қазақстандық мәде­­ниет» жобасы негізінде жүзеге асырылды. Қазіргі қазақ әде­бие­ті үлгілерін БҰҰ-ның 6 тілі­не аударуды мақсат тұтқан ауқым­ды жинаққа проза және поэзия бағыттары бойынша барлығы 60 автордың шығар­масы енді. 

«Бұл – Британия және Батыс халқын әдебиетіміз ар­қы­лы еліміздің тарихы мен мә­­де­ниетін таныс­ты­ру­ға ба­ғытталған өте ма­ңыз­­ды жоба. Елші ретін­де Қазақ­­стан­ға деген қызығу­шы­лық­­тың күн санап артып жат­қа­нын көру – мен үшін үлкен қуа­ныш. Бұл жоба осындай қызы­ғу­шы­лықты әрі қарай арттырып, нығайта түсетін катализатор болады деген сенімдемін»,  деді Е.Ыдырысов.

Көрме шеңберінде халық­ар­а­лық ірі баспа ұйым­­дары­ның өкілдерімен Қазақ­стан­да іске асып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқу­лық» жобасының ба­ры­­сы тал­­қы­ланды. Атап айтсақ, «Cambridge University Press», «Oxford University Press», «Pearson» және өзге де та­нымал баспалар жаңа оқу­лықтары мен кітаптарын «Ұлт­тық аударма бюросына» та­ныс­тырып, оларды аударма жобасына қосуды ұсынды. 

Сондай-ақ, айтулы кітап көр­месінде «Атамұра» корпо­ра­циясының «Kazakhstan Geography. Atlas», «Dombyra», «The Kazakh Customs and Traditions», «Flowers of Kazakh­stan», «The traditions of the Kazakh dastarkhan», «Мек­теп» баспасының «Kazakh Ornament», «Алматыкітап» баспа­сының «Alpamys Batyr», «Koblandy Batyr», «Kozy Korpesh – Bayan Sulu», «National Clothes of Kazakh People», «Felt Art of Kazakhs» сияқты қазақ және ағылшын тіл­дерінде басылған қазақ мәде­ниетінің түрлі аспектілері жайындағы танымдық басылымдары британ­дық оқыр­мандардың қызы­ғу­шылы­ғын тудырды. Әсіресе «Ұлт­тық аударма бюросы» ұсын­ған Ілияс Жансүгіровтің ағыл­шын тіліне тұңғыш рет ауда­рылған «Құлагер» поэмасы көпшіліктің сұранысына ие болды. Ұлттық аударма бюросы қаржыландыр­ған бұл басылымның ағыл­шын тілін­дегі аудармасын бри­тандық ақын Белинда Кук жасады. 

Жинақтардың ағылшын тіліндегі нұсқасы осы жыл­дың қыркүйегінде жарыққа шығады деп жоспарланған. Оны ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысымен «Cambridge University Press» баспа үйі айналысады. Танымал университет баспасы жоба­ға тәжірибелі аудармашылар мен беделді әдебиетші ма­ман­­дарды тартқан. Өзге тіл­дер­дегі антологияларды ауда­рып басу және насихаттау ісіне Испания, Қытай, Мысыр, Ресей және Франция мем­лекеттерінің жетекші бас­па ұйымдары атсалысады. Айтулы жоба келешекте отан­дық баспа өкілдерінің халық­аралық ірі баспа ұйымдарымен жан-жақты әрі өнімді қарым-қатынас орнатуына кең жол ашады деп күтілуде.  

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Еgemen Qazaqstan»