22 Қыркүйек, 2012

Шарайна

278 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарайна

Сенбі, 22 қыркүйек 2012 7:01

33 мың әскерін шығарды

АҚШ Ауғанстанға 2009 жылы енгізген 33 мың адамнан тұратын әскери құрамасын елден шығарды. «Ассошейтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, Ауғанстан аумағында жалпы саны 68 мың әскери қызметші қалып отыр.

 

Сенбі, 22 қыркүйек 2012 7:01

33 мың әскерін шығарды

АҚШ Ауғанстанға 2009 жылы енгізген 33 мың адамнан тұратын әскери құрамасын елден шығарды. «Ассошейтед пресс» агенттігінің хабарлауынша, Ауғанстан аумағында жалпы саны 68 мың әскери қызметші қалып отыр.

Жоспар бойынша АҚШ пен НАТО-ның әскери күштері Ауғанстаннан 2014 жылдың соңына дейін толық шығарылуы тиіс. Ал аталған 33 мың әскери қызметшіні ел аумағынан алып кету бірнеше айға созылды. Дегенмен, ауғандық әскерилерге елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басы бүтін өткізіп беру мәселесі жоспарланған мерзімнен әрі қарай созылуы да мүмкін. Бұған ауғандық әскерилер мен полицейлердің соңғы кезде НАТО әскерилеріне жиі шабуыл жасауы себеп болып отырған секілді. Осы жылдың басынан бері Ауғанстанда НАТО-ның 250 әскери қызметкері қаза тапқан. Олардың көпшілігі – америкалықтар.

 

Тұрғындардың үрейін басу үшін

Мехиконың маңындағы Несауалькойотль қаласына әскерилер мен федералдық полицияның күштері енгізілді. «Рейтер» агенттігінің ақпараттарына қарағанда, енгізілген әскерилердің саны 700-ден асады.

Оған Мехико штаты конгресінің мүшесі Хайме Серрано Седильоның өлтірілуі себеп болған. Оны қала көшелерінің бірінде белгісіз біреулер пышақтап кеткен. Қылмысты кімдер жасағаны, оның себеп-салдары белгісіз болып отыр. Штаттағы қауіпсіздік департаменті өкілінің түсіндіруінше, қалаға әскерилердің кіргізілуі тұрғындарды үрейлендірмеуге және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты. Өйткені, конгрессмен өлтірілгеннен кейін қалада бір-біріне қарсы бандалардың өзара есеп айырысатыны жөнінде өсек-аяң тараған. Соның салдарынан мәдениет және сауда орындары жабылып, адамдар көшеге шығудан қорыққан.

 

Азамат соғысының салдары

Сирия билігі Алеппо қаласында 100-ден астам ауғандық терроршының көзі жойылғанын мәлімдеді. SAНA мемлекеттік агенттігінің таратқан ақпараттарына қарағанда, үкіметтік әскерилер бұл операцияны бірнеше күн ішінде жүзеге асырған.

Осының нәтижесінде 100-ден астам терроршы өлтіріліп, пулеметтер орна­тылған 15 автокөлік жойылған. Сонымен қатар, Дамаскіде 100-ге жуық содыр тұтқындалған. Кеше белгілі болға­нын­дай, Дамаск қаласының маңайында Сирия армиясының тікұшағы атып түсіріл­ген сияқты. Бұл жөнінде Сирия билігі мен мемлекеттік БАҚ-тар ешнәрсе айтпай отыр. Президент Башар Асадтың әскерилері мен оппо­зициялық күштер арасындағы қақтығыстың басталғанына 18 айдан асты. Осы жылдың жазында ол кең көлемдегі азамат соғысына ұласты.

 

Тыйым салу қажет деп санайды

Ресейліктердің үштен екісі шенеуніктердің шетелдерде дүние-мүлік ұстауларына толық тыйым салу қажет деп есептейді. Бүкілресейлік қоғамдық пікірлерді зерттеу орталығының жүргізген сауалдамасының қорытындысы осыны көрсетіп отыр.

«Коммерсанть» басылымында жарияланған сауалдаманың мәліметтері бойынша аталған мәселеге сұрау салынған ресейліктердің 61 пайызы заңнаманы қатайту шенеуніктер мен депутаттарға қатысты екендігін айтқан. Ал 28 пайызы шенеуніктердің шетелдерде активтер ұстауына тыйым салудың қажеті жоқ, бірақ оларға ерекше есеп жүргізген жөн, деп жауап берген. Сондай-ақ сұрау салынғандардың 62 пайызы бұл талаптарды орындамағандарды қатаң жазалап, бас бостандықтарынан айыру жазасына тарту түрлерін енгізу керек деп есептейді.

Саяси баспана сұрады

Тбилиси түрмесіндегі жазасын өтеушілерге зорлық-зомбылық жасағаны туралы түсірілген бейнежазбаның авторы Владимир Бедукадзе Бельгия билігіне өзіне және отбасы мүшелеріне саяси баспана беруді өтінген ресми хат жолдады. Бұл жөнінде ИТАР-ТААС агенттігі хабарлады.

Бедукадзе Грузия билігі өзіне және отбасына қауіп төндіріп отыр, қысым көрсетіп жатыр, деп мәлімдеген сияқты хатында. Ол сондай-ақ Бельгия аумағында өзін толық қауіпсіз сезіне алмайтынын да айтқан. Бедукадзе бұрын  Гландск түрмесінде істеп, осы жылдың мамырында басқа елге кеткен екен. Қазіргі кезде ол Бельгия аумағында тұрып жатқан көрінеді. Түрмедегілерге зорлық-зомбылық көрсетілгені туралы бейнежазба 18 қыркүйекте көрсетілді. Соның кесірінен алдымен Грузияның жазаны орындау істері жөніндегі министр Х.Калмахелидзе, одан кейін ішкі істер министрі Б.Ахалая отставкаға кетті.

Аумақтық даудың салқыны

Қытай үкіметі пианист Юнди Лидің Жапонияға гастрольдік сапармен баруын тоқтата тұрғаны жөн деп тапты. Жоспар бойынша ол Жапонияға 2013 жылдың қаңтарында баруы тиіс еді.

Жапония басылымдарының жазуынша, Қытай билігінің бұл шешімі Жапония мен Қытай арасындағы аралға қатысты туындаған дауға тікелей байланысты. Екі елдің арасындағы дау Шығыс Қытай теңізіндегі адам тұрмайтын (Қытай оны Дяоюйжаою, Жапония Сенкаку деп атайды) аралға байланысты өршіген еді. Өйткені, үстіміздегі жылдың тамызында жапондық белсенділер тобы осы аралға барып, Жапонияның туын орнатты. Бұл Қытай тарапына ұнамады. Оның соңы Қытай аумағындағы Жапония компанияларының жұмысын тоқтатуына соқтырды.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.