27 Наурыз, 2019

Жасампаздық дәуірі

1901 рет
көрсетілді
38 мин
оқу үшін
Жасампаздық дәуірі

Ұлттың шынайы ұлылығы әрдайым тәуел­сіз әрі қуатты мемлекет құру үдерісінде кө­рініс тауып келді. Тарихи қауіп-қатерлерге толы қилы кезеңдерде жетістікке жету бақыты жер бетіндегі мыңдаған этностардың аздаған бөлігіне ғана бұйырды. Бүгінде әлем бойынша екі жүздей егеменді ел бар. Со­лардың ішінде ондаған мемлекет қана гео­саяси күшке ие болып, экономикасын өркендете алды.

Қиын-қыстау кезеңнен өткен бұл таң­дау­лы халықтар өздерінің болаттай берік болмысын қалыптастырып, күш-қуатына деген нық сенімге ие болды. Ал әрбір азаматтың тарихи маңызы зор мемлекет құру ісіне атсалысуы олардың бойында ұлттық мақтаныш сезімін ұялатып, береке мен бірлікке бастады.

Сонымен қатар әлем тарихы кез кел­ген елдің қарқынды әрі табысты дамуы ұлт көсемдерінің өз дәуіріндегі жоғары стра­тегиялық міндеттерге және мүмкіндіктер мен қауіп-қатерлердің ауқымды деңгейіне барабар ерен еңбегінсіз ешқашан жүзеге аспайтынын нақты дәлелдеп берді. Тіпті олар әрдайым жаһандық даму көшбасшылары болып саналатын халықтардың барлық ма­ңызды жетістіктері мен жеңістеріндегі шешуші факторлардың бірі ретінде танылды.

Сондықтан тарихтың бетбұрыс сәт­терінде биік белестерді бағындыру үшін халқын рухтандырып, болашаққа жол көр­сете алатын ұлт кемеңгерін дүниеге әкелген елдер ғана бақытты өмір кешеді.

Ұлттық рухты оятып, мемлекеттілігімізді жаңғырту миссиясы қазіргі жаһандық саясат сардарларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне тиді. Оның тұғырлы тұлғасы ғасырлар бойы бақытты ұрпағымыз үшін темірқазықтай жол сілтеп тұрады.

Тәуелсіздік таңы атқан кезде халқымыз жаңа Қазақстанның негізін қалап, қалып­тас­тыруды дәл осы азаматқа сеніп тапсырды. Уақыт осынау маңызды таңдаудың дұрыс­тығын дәлелдеді.

Оның шынайы егемендіктің негі­зін қалауға, тиімді экономиканы қалыптас­тыруға, үйлесімді қоғам құруға және ұлт тарихы­ның жаңа кезеңіндегі ел дамуының ба­сым­дықтарын анықтауға бағытталған көпқырлы қызметінің мазмұны мен мәні Қа­зақ­станның Тұңғыш Президентін қазіргі мем­лекеттігіміздің негізін қалаушы әрі ұлттың нағыз көшбасшысы ретінде мойындау үшін салмақты дәлел болады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи фено­мені ұлттың жасампаз әлеуетін үйлестіріп, әлемде «Қазақстан барысының секірісі» деген атауға ие болған жарқын болашаққа ұмтылу үшін бүкіл қоғамды жұмылдыра алуымен ерекшеленеді. 

Нақты істерді атқаруды, барлық жүйеде орнықтылықты сақтауды, стратегиялық жос­парлау мен кезең-кезеңмен дамуды көздеген Елбасының мұндай прагматикалық ұстанымы отыз жылға жуық уақыт ішінде елі­міздің мемлекет құрып, таңғаларлық нә­тижеге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Қоғам­ның барлық саласындағы үздіксіз трансформация үдерісі мен маңызды әрі жүйелі реформалардың арқасында дүние жүзі «Қазақстанның кереметі» жөнінде айта бастады. Әрине мұны жасаған да, авторы да – Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгінде мемлекеттік басқару мен көш­бас­шылықтың халықаралық теориясында ұлт­тық жаңғыру мен эволюциялық өзге­ріс­тер­дің жаңа әрі табысты үлгісі жасалды деп нық сеніммен айта аламыз. Бұлар­ды ауқымдылығы жағынан Жапонияда Мэй­дзи­дің, Түркияда Ататүріктің, АҚШ-та Франклин Рузвельттің, Германияда Людвиг Эрхард­тың, Сингапурда Ли Куан Юдің, Қытайда Дэн Сяопиннің реформаларымен салыстыруға болады.

Көптеген беделді сарапшылардың пікірі бойынша Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз халқының өсіп-өркендеуі және игілігі үшін қалтқысыз қызметімен, саяси көрегендігімен және бірегей стратегиялық ойлау жүйесіндегі айқын талантымен ерекшеленген әлемнің аса көрнекті мемлекет қайраткерлерінің қатарына кіреді.

Ұлы дала сан ғасырлық ұйқыдан оянып, қайтадан жүздеген жыл бұрынғыдай әлемдік дамудың алдыңғы сапына шығуға ұмтылған кезде саяси көшбасшылықтың осындай сапасы мен тиімді стилі ғасырлар тоғысында аса қажет еді.

Шынайы көшбасшылар бүгінгі күнмен өмір сүрмейді және конъюнктуралық категориялар тұрғысынан ойламайды. Уинстон Черчилльдің саясаткерлер келесі сайлау туралы, ал мемлекет қайраткерлері келешек ұрпақ жөнінде толғанады деген ұлағатты сөзі бар. Нұрсұлтан Назарбаев күрделі де қиын жағдайларда үнемі батыл қимылдап, нақты шешім қабылдады. Жауапкершілікті өзіне алып, ұлттық стратегиялық жоспарлау ісінің көкжиегін үздіксіз кеңейтті. 

Осы жылдары ол мемлекет құрылысының күрделі міндеттерін шешудің оңтайлы жолдарын табу үшін қарқынды әрі зияткерлік тұрғыдан үздіксіз ізденісте болды. Соның нәтижесінде өзекті ойлар мен мазмұнды мәтіндер, перспективті жобалар мен идеялар, өмірге қажетті бастамалар мен бағдарламалар дүниеге келді. Олар тәуелсіз Қазақстанның дәйекті дамуы және орнықты ілгерілеуі үшін сенімді негіз қалады. 

Н.Назарбаевтың инновациялық фор­мулалары мен бірегей жаңғыру логикасы­ның доктринасы алты негізгі бағытпен – оның саясатының жүйе құраушы діңгектерімен сәйкес келеді. Бұлар егеменді мемлекеттің және ұлттың жылдам қалыптасу үдерісінде ішкі тепе-теңдік пен белгілі бір қарқынды қам­тамасыз етеді.

Елбасының концептуалды моделінің осы «алты алтын ережесі» аясында оның бүкіл маңызды жетістіктері, аса ауқым­ды жұмыс­тары және жаңа жаһандық әлем­дегі қуатты әрі бәсекеге қабілетті Қазақ­стан­ды құру жөнін­дегі зор күш-жігері айқын көрінеді.

І. Қайта жаңғырған мемлекеттілік

Бүгінде, ХХІ ғасырдың екінші онжыл­ды­­ғының соңында, Қазақстан бүкіл әлемге қалып­тасқан әрі жарқын болашаққа ұмтылған мем­лекет ретінде танылды. Еліміздің өскелең ұр­пағы осы жағдайды тарихи оқиға және берік болмыс ретінде қабылдайды. Бұл – негі­зінен әділетті. Бірақ біз тәуелсіздігіміздің бас­тауында кім тұрғанын және қалыптасудың аса маңызды жылдары оның темірқазығы кім болғанын әрдайым есте сақтауымыз қажет. Кезінде алып «қызыл империяның» «жарық­шақтарының» бірі болған Қазақстан бірте-бірте мықты өңірлік державаға айналды.

Еліміз Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көреген басшылығының арқасында өзінің даму жолын айқындап, қайталанбас ұлттық бірегейлікке қол жеткізу үшін күрделі кезеңді бастан кешіргенін ұмытпауымыз керек. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жаңа егеменді еліміздің негізін қалау және эко­номиканың тиімді нарықтық үлгісін қалып­тастыру барысында күрделі әрі жаппай етек алған көптеген проблемаларға тап болдық. Халқымыздың көпшілігі не істерін білмеді. Әлеуметтік сала тоқырап қалды. Ал халықаралық деңгейде бізді терра инкогнито деп қабылдады.

Еліміздегі ауыр әлеуметтік-экономика­лық дағдарыс және қоғамдық сананы са­пы­рылыстырған өзгерістер жас мем­ле­ке­ті­міздің болашағына қатысты көптеген пес­симистік пікірлердің таралуына әкеп соқтырды.

Бәріміз үшін сындарлы болған осы кезең­де тәуелсіз Қазақстанның бас архитек­торына әрі идеялық тұрғыдан дем берушісіне айнал­ған Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың зор саяси таланты мен тұлғалық қасиеті тарих сахнасында айқын көрінді. 

Аз ғана уақыттың ішінде ол ежелгі Ұлы даланың қуатты державаларының тари­хи-мәдени мұрагері саналатын жаңа мем­лекеттің базалық негіздерінің бәрін ай­қын­дап, біртіндеп нақты іске асырды. Ең алдымен, Тұңғыш Президентіміздің күш-жігері еліміздің ұйымдастырушылық-құқық­тық негіздерін, институционалдық құры­лысты, қауіпсіздік пен халықаралық қатынас­тар­ды нығайтуға, қаржылық-эко­но­микалық еге­мендігімізді қамтамасыз ету­ге және ұлт­тық бірлік пен келісімге не­гіз­делген идеологияны қалыптастыруға жұмылдырылды. 

1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік еге­мендік туралы декларацияның қабылдануы бұл бағыттағы алғашқы қадам болды. Бірақ осы құжаттың зор тарихи маңыздылығына қарамастан, тәуелсіз Қазақстанның нақты тарихы 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылдаған сәттен басталады. Аталған заң мемлекет дамуының алғашқы кезеңін Конституция деңгейінде ресімдеп, еліміздің халықаралық құқықтық нормаларды құрметтейтінін көрсетіп, сыртқы саясаттағы дербестігін бекітті. Осы негіз қалаушы заңнамалық актінің арқасында ұлттық қауіпсіздік жүйесін құрып, өзіндік қаржы, салық және кедендік саясатымызды қалыптастырдық. Сонымен қатар бұл елімізді қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді жаңғырту үшін сенімді база әрі үйлесімді құқықтық мемлекет құру үшін мықты негіз болды.

Жас республикамыздың егемендігін заңды түрде ресімдеп, институционалдық тұрғыдан нығайту үдерісінің мәні зор еді. Әсіресе өзіміздің ұлттық рәміздерімізді анық­тап, оны азаматтарымызға және бүкіл әлемге таныстыру аса қажет болды. 

Бұл қадамның бүкіл идеологиялық маңызын түсінген Тұңғыш Президент Қазақстанның ресми Туын, Елтаңбасын, Ән­ұранын әзірлеуге тікелей өзі атсалыс­ты. Күрделі шығармашылық үдеріс 1992 жыл­ғы 4 маусымда аяқталды. Осы күн жаңа Мем­лекеттік рәміздер күні ретінде белгіленді. 

Шамамен 15 жылдан кейін еліміздің Әнұранының жаңа нұсқасы мақұлдан­ды. Әнұран мәтіні авторларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаев.

Егемендіктің маңызды визуалды-рәміздік атрибутының бірі саналатын ұлттық валюта 1993 жылы қарашада енгізілді. Қазақстан тең­гесі еліміздің экономикалық дербестігін айтар­лықтай күшейтті және қаржы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етті. 

Сондай-ақ тәуелсіз мемлекеттің не­гізгі атрибуты – халықаралық деңгейде мойын­далған аумағымыз. Көптеген дала импе­рия­ларының тарихында шекара түсінігі көбі­несе шартты ұғым болатын және ресми құжат­тарда сирек белгіленетін. Ал дамыған жаһан­дық институттар мен қазіргі заманғы халық­аралық құқық жағдайында «әлемдегі тоғы­зыншы аумақтың» мемлекеттік шека­расы­ның заңды түрде ресімделуі жас республика үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды болды, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің мәні зор басымдығына айналды.

Еліміздің құрлықтағы мемлекеттік шекара­сының ұзындығы – 13 400 шақырым. Құр­лық­тағы шекараны делимитациялау үдерісі қысқа мерзім ішінде, 1992-2005 жыл­дар аралығында жүзеге асырылды. Каспий теңізі арқылы өтетін шекарамыз 2018 жылы Ақтау қаласында шекара маңы ел­дері­нің тиісті құқықтық Конвенцияға қол қоюымен түбегейлі орнатылып, бекітілді. Енді мемлекеттік шекарамыздың бүкіл пери­метрі бойынша көршілес елдермен арамызда даулы және шешілмеген мәселе жоқ. Шекараның тұтастығы көпжақты және екі­жақты келісімдер жүйесі арқылы қамтамасыз етіліп, кепілдік беріледі. 

Қазақстан өз тарихында алғаш рет заң­ды түрде ресімделген және халықаралық дең­гейде мойындалған мемлекеттік шекараға ие болды. Жаһандық геостратегиялық бел­гісіздік және түрлі елдер арасындағы шекара мәселесіне қатысты қақтығыстардың өршуі жағдайын ескерсек, бұл – Елбасының негізгі жетістіктерінің бірі.

Елбасы дәйекті сыртқы саяси қызметпен қатар, мемлекеттік шекараны қорғау ісін күшейтіп, еліміздің аумақтық тұтастығын сақтау мәселесіне әрдайым айрықша көңіл бөлді. Осы стратегиялық міндетті қамтамасыз ету үшін 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығымен респуб­ликамыздың егемендігінің сенімді кепілі саналатын өз Қарулы Күштеріміз құрылды.

Жас мемлекеттің іргетасы енді қала­нып жатқан алғашқы жылдары Нұрсұлтан Назар­баев қысқа мерзімде өте маңызды жүз­деген заң жобаларын әзірлеп, бекітті. Бұл қоғамның барлық саласында ауқымды рефор­маларды уақтылы жүзеге асыруға мүм­кін­дік берді. Жалпы, тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президентіміз үш мыңға жуық заңға және жеті мыңдай жарлыққа қол қойды.

1995 жылғы 30 тамызда өткен республи­ка­лық референдумда Ата Заңның жаңа нұс­қасының қабылдануы мемлекетті құру­­дың бастапқы кезеңіндегі ерекше ма­ңыз­­ды оқиға болды. Бұл құжат елімізді жан-жақты жаңғырту үшін берік негіз қалады. Жаңа Конституцияда «Қазақстан Рес­пуб­ликасы өзін демократиялық, зайырлы, құқық­тық және әлеуметтік мемлекет ретін­де ор­нықтырады, оның ең қымбат құн­ды­лықтары – адам және адамның өмі­рі, құқық­тары мен бостандықтары» деп жа­зыл­ған. Сондай-ақ «Қоғамдық татулық пен сая­си тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм» Конституцияда бекітілген Қазақ­стан Республикасы қызметінің түбе­гейлі принциптері ретінде танылды.

Тұрмыс салтының түбегейлі өзгеруінің кез келген көріністері жұртшылықтың заңды қарсылығын туғызары анық. Бұл көбінесе наразылықтың ең радикалды түріне айналуы мүмкін. Саяси оппоненттердің бітіспес қақтығыстарын, радикалдардың қырғи-қабақ тартысын, тіпті кей жерлерде бір-бірін өлтіруге дейін баратын мағынасыз әрі нәтижесіз азамат соғысын бастан өткерген посткеңестік елдердің көбінде осылай болды.

Бақытымызға қарай, ескі кеңестік тота­литарлық жүйенің қалдығы және плюралистік қоғам мен нарықтық экономикаға көшу ісі трагедиялық катаклизмге ұрындырған жоқ. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саяси кемелдігі мен мемлекет ісіндегі даналығы кейбір көршілес елдердегідей келеңсіз жағ­дайларды болдырмай, үйлесімді әрі жалпы­ұлттық келісім мен бірліктің нақты үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік берді. 

Сонымен қатар кез келген қоғам жақсы мотивация мен пәрменді жұмылдырушы бас­тамаға зәру. Осыған орай Елбасы  мәдениет пен дәстүрді жаңғырту және қазақ тілін жан-жақты дамыту мәсе­лесін мемлекеттік саясаттың негізгі ба­сымдықтарының біріне айналдырды. Осы жылдары ұмытылған көптеген тарихи тұл­ғалар ақталып, қасіретті оқиғалардың әділ бағасы берілді. Еліміздің барлық өңірінде жүздеген еске алу шаралары мен салтанатты мерейтойлар өткізілді. Мұның бәрі халықтың патриоттық рухын біртіндеп күшейтті және қоғамдағы ұлттық дүниетанымның ны­ғаюына септігін тигізді.

Дегенмен, рухты көтеретін бастама­лар­­дың ішіндегі айрықша жоба – Астана қаласы. 1990-жылдардың ортасында ауыр әлеумет­тік-экономикалық дағдарыс пен үлкен саяси өзгеріс кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев елорданы Алматыдан Ақмолаға – мемлекеттің географиялық орталығына көшіру идеясын ұсынды. Оның ақылға қонымдылығы мен символдық мәнін, әсіресе еліміздің дамуына жол ашатын перспективасын сол кезде санаулы-ақ адам пайымдай білді.

Елбасының саяси ерік-жігері мен көрегендігінің арқасында Қазақстан кез келген мемлекеттің шамасы жете бермейтін осынау зор жобаны табысты жүзеге асырды. Аз ғана уақыттың ішінде Астана еліміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл өңірдің шын мәніндегі саяси, экономикалық, мәдениет және білім орталығына айналды. Жаңа елорда Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасқан қолайлы географиялық артықшылықты тиім­ді пайдалануға мүмкіндік берді. Ұлттық эко­номиканың негізгі қозғаушы күші болды. Сондай-ақ жұртшылықты жұмылдыратын қуатты орталыққа айналып, көптеген ауқым­­­ды бағдарламалар мен маңызды бас­та­ма­лар­ды байланыстыратын дәнекер қызметін атқаруда.

Бұл мақаланың форматы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихи оқиғалардың бәрін толық қамтуға мүмкіндік бермейді. Деген­мен, ең бастысы: Нұрсұлтан Назарбаев бас­­таған Қазақстан халқы қысқа мерзімде жаң­­­­ғыр­ған мемлекеттің берік іргетасын қалады.

Әлем картасында жаңа тәуелсіз ел – Қазақ­­стан Республикасы пайда болды! Қол жет­кізген жетістіктеріміздің бәрі қуатты мем­­лекеттіліктің, жұдырықтай жұмылған жұр­ты­мыздың және мықты көшбасшының арқасында жүзеге асты.

ІІ. Заманауи үлгідегі бәсекеге қабілетті нарықтық экономика

Тәуелсіз Қазақстан үшін әуел бастан эко­номиканы дамытудың басымдығы жаңа елдегі барлық қайта құру үдерісінің логикасын айқындады. Тұңғыш Президенттің мұндай прагматикалық әдісі бұрынғы шектен тыс орталықтандырылған әкімшілік-командалық экономикадан заманауи нарық­тық жүйеге көшу жөніндегі тарихи мәні зор мәселені тиімді әрі қысқа мерзім ішінде жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан посткеңестік кеңістікте табысты әрі ауқымды нарықтық реформаларды іске асыру жағынан көшбасшыға айналды.

Бұл шаралар кеңестік шаруашылықтың ыдырауынан кейінгі ауыр экономикалық дағдарыс, өндірістің құлдырауы және гиперинфляция жағдайында жүзеге асырылды. Бірақ Мемлекет басшысының дәйекті саясатының арқасында қиындықтарды ең­се­ріп қана қоймай, сондай-ақ ең бастысы – кәсіпкерлік пен бизнесті еркін дамыту үшін қажетті жағдай жасай білдік. Жаппай жеке­шелендірудің жүргізілуі, жекеменшік институтының енгізілуі кәсіпорындарды тиімді басқаруды қамтамасыз етіп, Қазақ­­станда нарықтық экономиканың толық­қан­ды тетіктерін құруға мүмкіндік берді.

1993 жылы ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енгізілуі еліміздің қаржылық егемендігін нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Сол арқылы қаржы жүйесін тұрақтандыруға және тәуелсіз ақша-не­сие сая­сатын жүргізуге мүмкіндік алдық. Нәтижесінде Қазақстан тікелей шетел инвестициясын тарту жөнінен ТМД елдері арасында алға шықты. Бүгінде оның көлемі 320 миллиард доллардан асты. Бұл – қолайлы инвестициялық ахуалдың әрі шетелдік серіктестердің елімізге және көшбасшымызға деген сенімінің айқын дәлелі.

Қомақты инвестицияның келуі отын-энергетика кешенінің және тау-кен метал­лур­гия саласының қарқынды дамуын қам­тамасыз етті. Бұл салалар үшінші мың­жыл­дық қарсаңында ел экономикасын тұрақтан­ды­рып, оның әрі қарай өркендеуіне жол ашты. Осыған орай 2001 жылы Ұлттық қор­дың құрылуы маңызды қадам саналды. Қор ұлттық экономиканы сыртқы қатерлерден қорғаудың және болашақ ұрпақ үшін қаржы жинақтаудың тиімді институты бола білді.

Дағдарысқа қарсы батыл саясаттың және терең нарықтық трансформацияның арқа­сында Қазақстан 1997-1998 жылдардағы Азия қаржы дағдарысының және 2008-2009 жыл­дардағы әлемдік қаржылық-эконо­мика­лық дағдарыстың қиындықтарын жеңді.

Жаһандық нарықтардағы жағдайдың өзгеруі, озық елдердің төмен көмірсутекті экономикаға өтуі, цифрлы дәуірдің басталуы Қазақстан үшін ХХІ ғасырдағы жаңа сынақ кезеңдері болды. 

Осы жаңа технологиялық жағдайды ес­керіп, Елбасы Қазақстан өнер­кәсі­бін ауқымды түрде жаңғыртудың жолын белгі­леп берді. Басты мақсат – ши­кі­зат емес тауарлар өндіруге бағытталған бә­се­­­кеге қа­бі­летті әрі әртараптандырылған эко­но­­ми­ка құру. Осы жолда үдемелі индус­трия­­лық-ин­но­вациялық дамудың мемле­кет­­тік бағдарла­маларын жүзеге асыру және «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ин­фра­құры­лымдық әлеуетімізді нығайту маңызды белес болды. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың заманауи ин­дуст­риялық саясатты іске асырудағы бас­ты талап­тарының бірі – қосымша құны жоға­ры өнім өндіру. Бүгінде бұл бағытта елеу­лі нәти­желерге қол жеткізілді. Соңғы жыл­дары 1250 жаңа өндіріс орны іске қосы­лып, өнім­нің жаңа 500 түрін шығара баста­дық. Қазақ­станның өнімі әлемнің 110 елі­нің на­ры­ғы­на экс­портталады. 2009 жылдан бе­рі қайта өң­деу секторындағы өндіріс көлемі 3 есе­ден асты. 

Қайта өңдеу секторының өнеркәсіптегі үлесі 36-дан 42 пайызға өсті, ал экспорттың жал­пы көлемінде қайта өңдеу өнеркәсібінің экс­порты 28-ден 32 пайызға артты. Машина жа­сау, соның ішінде автомобиль құрастыру қар­қынды дамып келе жатқан салалардың бірі­не айналды. Ел аумағында сатылған әрбір жаңа автокөліктің екіншісі Қазақстанда жасалған.

Тұңғыш Президент, сондай-ақ агроөнер­кәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін дамыту және оны әлемдік деңгейге көтеру мәселе­леріне ерекше мән берді. Еңбек өнімді­лігін арт­тыруға және өңделген ауыл шаруа­шы­лығы өнімінің экспортын ұлғайтуға ба­ғыт­талған реформалар аграрлық сектордың өр­кен­деуіне септігін тигізді. Еліміз бидай мен ұнды нарыққа шығаратын әлемдік экс­порт­таушылардың біріне айналды. Мал ша­руа­шы­лығымыз да біртіндеп дамып келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің көлік әлеуетін дамытуға баса мән берді.

Тұңғыш Президентіміздің стратегиялық көрегендігі мен ерік-жігерінің арқасында Қазақстан құрлықішілік тұйықталуды еңсеріп, еуразиялық маңызы бар транзиттік хабқа айналды. Ұзындығы 2 787 шақырым болатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі салынды. Транс­каспий дәлізі қалыптасты. Оған Қытайдағы Ляньюнган шығыс порты, «Қорғас – Шы­ғыс қақпасы» құрғақ порты, Каспий теңі­зіндегі Қазақстан порттары – Құрық пен Ақ­тауға дейінгі темір жол және автомобиль жолдарының желісі кіреді. Заманауи логис­тикалық инфрақұрылым салынып, тұрақты контейнерлік қатынас орнады. Осылайша Қазақстан жүк тасымалдаудың әлемдік жүйесінің маңызды бөлігіне айналды. 

Жалпы, елімізде осы жылдар ішінде 12,5 мың шақырымнан астам автокөлік жол­дары және 2,5 мың шақырымнан астам темір жол салынып, қайта жөндеуден өтті. Солардың ішінде «Орталық – Оңтүстік» (Астана – Қарағанды – Алматы), «Орталық – Шығыс» (Астана – Павлодар – Өскемен) және «Орталық – Батыс» (Астана – Ақтау) ма­гистральдарының құрылысы жүргізілуде. Еліміздің 16 әуежайындағы 12 жолаушылар терминалы және ұшып-қону жолақтары қайта жөндеуден өтті. 

Ел экономикасының негізі әрі көптеген қазақстандықтардың әл-ауқатының қайнар көзі – шағын және орта бизнес дамып келеді. Шағын және орта бизнеспен айналысып жүргендердің саны бүгінде 1,2 миллионнан асты. Бұл салада 3,2 миллион азамат жұмыспен қамтылған. 2018 жылы шағын және орта бизнестің үлесі 27 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш 2005 жылы 10 пайыздан сәл ғана асқан еді. 

Қазақстан жаһандық сауда және өндіріс жүйесіне табысты кіріге білді. Сыртқы сауда айналымы 1995 жылдан бері тоғыз еседен асып, 9 миллиард доллардан 85 миллиард долларға дейін өсті. 

2015 жылы ұзаққа созылған келіссөздер­дің нәтижесінде Қазақстан Дүниежүзілік сау­да ұйымына мүше болды. Соның арқасында еліміз сыртқы нарықтарда тең құқықтарға ие болып, Дүниежүзілік сауда ұйымының сауда дауларын реттеу және шектеу шараларының алдын алу жөніндегі мүмкіндіктерін пай­далануға қол жеткізді. 

Елімізде орнықты орта тап қалыптасты. Жан басына шаққандағы жинақ 1997 жылдан бері 240 еседен асып, 1900 теңгеден 2018 жылы 460 000 теңгеге дейін артты. 

Соңғы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде табысы күнкөріс шегінен төмен тұрғындар саны 15 есе қысқарды, ал нақты еңбекақы көлемі 4 есе өсті. 

2018 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы экономиканы әртараптандыру және қаржы қызметтерінің инновациялық кластерін қалыптастыру ісіндегі жаңа қадам болды. Бұл институттың қызметі бағалы қағаздардың ұлттық нарығын қалыптастыруға, оның халықаралық қаржы нарықтарымен интеграциялануына, шетелден және ел ішінен инвестиция тартудың биржалық тетігін дамытуға бағытталған. 

Елімізде бизнес ортасын жақсарту және іскерлік белсенділікті дамыту үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Дүниежүзілік банктің «Дуинг бизнес» рейтингінде Қазақстан тарихта бірінші рет 28-орынға тұрақтап, бизнес жүргізу үшін ең қолайлы отыз елдің қатарына қосылды. 

2012 жылы «Қазақстан-2030» жалпы­ұлт­тық стратегиясының барлық міндеттері мерз­імінен бұрын орындалды. Еліміз әлем­дегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатары­на және орташа даму деңгейіндегі мем­лекет­тер тобына қосылды. Қазіргі бағ­дары­­мыз – «Қазақстан-2050» стратегиясы. Со­ның нә­ти­жесінде біздің республика Эко­номи­ка­­лық ынт­ы­мақтастық және даму ұйы­мы­ның жоғары стандарттарына сай болып, әлем­­нің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылады. 

ІІІ. Эволюциялық саяси даму және қоғамдық тұрақтылық

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет құру ісінде әуел бастан «алдымен – экономи­ка, содан кейін – саясат» қағидатын ұстанды. Ол сол жылдардағы саяси ахуалдың бар­лық қиындықтарын өз басынан өткеріп, жұрт­шылықтың күдігі мен үмітін терең сезі­не білді. Жауапкершілік деңгейі жоғары болған­дық­тан және әр нәрсеге прагматикалық тұр­­ғы­дан қарағандықтан Елбасы түрлі эксперименттер мен жөнсіз қадамдарға мүл­де барған жоқ. Сол себепті, Қазақстанда эволюциялық және кезең-кезеңмен даму қа­ғидаты басшылыққа алынды. 

Уақыт осындай ұстанымның тиімділігін дә­лелдеді. Біз мықты экономика құрып, бір­те-бірте күшті азаматтық қоғамы бар орнық­ты­ әрі теңгерімді саяси жүйеге қадам басып келеміз. 

Осы жылдар ішінде мемлекеттік-саяси құрылымның және қоғамдық қатынастар жүйесінің жалпы даму логикасы, ең алдымен, мемлекеттік басқарудың тиімді жұмыс істейтін демократиялық институттарын құруға бағытталды.

Атап айтқанда, 1995 жылғы Конс­титуцияға сәйкес біртұтас мемлекеттік би­лікті жүзеге асырудың орнықты тетігі жасалды. Оның негізін биліктің үш тармағы – атқарушы, заң шығарушы және сот билігі құрайды. Тепе-теңдік және тежемелік жүйесі (сенімсіздік білдіру вотумы, импичмент, вето құқығы және т.б.) арқылы би­ліктің тармақтарға бөліну қағидатына ке­пілдік берілді. Конституция президенттік басқару формасын жария етті. Президенттің ерекше мәртебеге ие болуы, биліктің бар­­лық тармақтарының үйлесімді қызмет етуін қамтамасыз етуі және мемлекеттік ор­ган­дардың жұмысы үшін халық алдында жа­уапты болуы осы басқару нысанының өзіне тән ерекшелігі саналады.

Жалпы, 1990 жылдың 24 сәуірінде құрыл­ған президенттік институт егемен елі­міз­дің бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің басты элементіне айналды. Мұндай жағдай 1995 жылғы 25 сәуірде Президенттің өкі­леттігін ұзарту жөніндегі республикалық ре­ферендум барысында түпкілікті түрде ре­сімделді. Оның қорытындылары Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен саясатына қоғамдық қолдау көрсетудің деңгейі жоғары екенін айқын көрсетті. Кейінгі жылдары мұндай қолдау арта түсті. Елімізде өткен барлық президенттік сайлаудың нәтижелері соған дәлел. 

Нағыз көшбасшының ұлылығы мен болмысы ұзақ мерзімді басымдықтарды белгілеп, мемлекеттің даму бағытын дер кезінде үйлестіре білуімен айқындалады. 

Саяси және экономикалық салада тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында жүргізілген түбегейлі құрылымдық реформалар мықты президенттік билікті қажет етті. Бірақ жаңа тарихи кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев Парламент пен Үкіметтің рөлін күшейтіп, билік өкілеттіктерін қайта бөлген дұрыс деп шешті. Сол себепті Тұңғыш Президент еліміздің саяси жүйесінің жаңа құрылымы мен тепе-теңдігін белгілеп, 2017 жылы конституциялық реформа жүргізуді ұсынды. 

Бұл қадам жаңа демократиялық стан­дарт­тарға және азаматтық қоғам инс­ти­тут­тарын дәйекті түрде дамытуға бағыт­талған еліміздің саяси жүйесінің эволю­ция­сындағы жаңа кезеңге жол ашты. Осы реформа арқылы Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті азаматтардың құқықтары мен бос­тандықтарын қорғау, егемендігімізді ны­ғайту, демократиялық қағидаттарды дамыту және мемлекеттің тиімділігін арттыру ісіндегі Парламент депутаттарының рөлін күшейтудің стратегиялық перспективаларын айқындады.

Осылайша Қазақстан парламентарийзмі Қазақ КСР-нің ескірген Жоғарғы Кеңесінен заманауи қос палаталы кәсіби Парламентке дейінгі күрделі эволюциялық жолдан өтті. Қоғамдық-саяси күштер кеңінен өкілеттік алып, ел өміріне елеулі ықпал ете бастады. 

Бүгінгі таңда республикамызда орнық­ты көппартиялы жүйе қалыптасты. Қазіргі уақытта 6 саяси партия ресми түрде жұмыс істеп келеді. Солардың үшеуі Парламент Мәжілісіне сайланды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 1993 жылдың соңында елімізде екі-ақ саяси партия (Социалистік және Қазақ­станның Ұлттық Конгресі) ресми түрде тіркелген болатын. 

Президент басқарған «Nur Otan» партия­сы әлеуметтік маңызы бар бастамаларды және жұртшылық үшін өзекті жобаларды дәйекті түрде іске асырып, Қазақстанның қо­ғамдық-саяси кеңістігінің мықты топтас­тырушы буынына және халықтың түрлі өкіл­дерінің мүддесін қорғайтын күшке айналды. 

Қоғамдық-саяси құрылымдардың қыз­метін реттейтін «Саяси партиялар туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заң­дар пікір алуандығын қамтамасыз етіп, аза­маттардың республикалық, өңірлік және жергілікті деңгейде шешім қабылдау ісіне атсалысуы үшін барлық мүмкіндіктерді берді. Бұл жағдай еліміздің қарқынды қоғамдық-саяси өмірінде айқын көрініс тапты. Мәселен, Әділет министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, қазір елімізде респуб­лика­лық және өңірлік деңгейде 23 мыңға жуық қоғамдық бірлестік тіркелген.

Тәуелсіздік алған соң төртінші билік қарқынды дами түсті. Елімізде түрлі мем­лекеттік емес коммерциялық, қоғамдық радиостансалар, телеарналар мен мерзімді басылымдар ашылып, табысты жұмыс істеп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының еркіндігі қамтамасыз етілді. БАҚ еркіндігіне заң жүзінде кепілдік берілді. 

Нәтижесінде отандық журналистика халықты ел ішіндегі және әлемдегі жағдай туралы ақпаратпен қамтамасыз ететін тиімді қоғамдық бақылау институтына айналды. Қазіргі таңда Қазақстанда түрлі меншік нысанын­дағы 3 393 бұқаралық ақпарат құралдары тіркел­ген. Солардың ішінде 2 829 мерзімді басылым, 133 телеарна, 70 радио және 361 ақпарат агенттігі мен желілік ақпарат көздері бар. 

Сонымен қатар Елбасы мем­лекет­­тік қыз­меттің жаңа меритократия­лық жү­йе­с­інің қалыптасуына зор мән берді. Оның басты қағидаттары – демокра­тия­лы­лық, жал­пыға қолжетімділік, қызметтің ашық­­тығы, қоғам­дық пікірдің ескерілуі және жұрт­­шы­лық­пен ұдайы диалог жүргізу, мем­­леке­ттік қыз­мет­шілердің кәсібилігі мен құзыреттілігі. 

Өткен ғасырдың 90-жылдары Кеңес Одағы ыдыраған сәтте ғалымдар мен саясат­керлердің көпшілігі этностық және конфес­сияаралық қарама-қайшылықтардың салдарынан Қазақстан құрдымға кетеді деп болжады. Американың атақты саясаттанушысы Збигнев Бжезинский Югославияның көпке белгілі баянсыз тәжірибесіне сүйене отырып, біздің өңірді, тіпті «Еуразиялық Балқан» деп атады. Оқиғаның осылай өрбу қаупінің жоғары болғанын атап өткен жөн. Дегенмен Қазақстанның Тұңғыш Президенті бейбіт өмірдің, этносаралық және конфессияара­лық қатынастардың нәзіктігі жоғары екенін түсініп, стратегиялық маңызы зор осы са­ладағы барлық жағымсыз үрдістердің алдын алып, оларды тиімді түрде бейтараптандыру үшін бірқатар жүйелі шаралар ұсынды. 

 Атап айтқанда, мемлекет діни наным-сенім бостандығына кепілдік беріп, елі­міздегі дәстүрлі діни бірлестіктердің еркін жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Зайырлы мемлекеттің конституциялық қағидатын жүзеге асыру үшін жағдай жасалды. Соған сәйкес ешбір дін мемлекеттік және жалпыға міндетті дін ретінде белгіленбейді. Мұндай қадам ислам, христиан, иудаизм және басқа да конфессия өкілдерінің үйлесімді қатар өмір сүруін қамтамасыз етті. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт бастамалары Астанада тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі аясында институцияланып, белсенді ілгерілеп келеді. 

Этносаралық келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін 1995 жылы еліміздегі 130-ға жуық этностың басын қосқан бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 

Жалпы, бүгінде Тұңғыш Президенттің үштұғырлы тіл және барлық этностар мен конфессия өкілдерінің теңдігі саясатының негізінде қоғамды демократияландыру, Қа­зақстан парламентарийзмі мен азаматтық қоғам институттарын дамыту, сондай-ақ елімізде жалпыұлттық бірлік пен келісімді қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарғанын нық сеніммен айтуға болады. 

ІV. Әлеуметтік бағыттағы мемлекет құру

Әлеуметтік бағыттағы мемлекет – тәуел­сіз Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген басты жетістіктерінің бірі. Биліктің болмысын заманауи тұрғыда түсінудің өзі оның қоғам мен адамдарға бағытталғанын білдіреді. Тұңғыш Президентіміз адамның, оның білімі мен қабілеті еліміздің басты капиталы әрі құндылығы екенін үнемі айтып келеді. Қабылданған барлық бағдарламалар мен құжаттар, шын мәнінде, үйлесімді түрде дамыған тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Тек әлеуметтік бағыттағы мемлекет жоғары тұрмыс сапасын және адами капиталдың толықтай жүзеге асуын қамтамасыз ете алады. Сонымен бірге нарық жағдайында қоғамдағы масылдық пен патернализм белгілерінен арылып, әлеуметтік басымдықтарды белгілеу ісінде ақылға қонымды тепе-теңдікті табу қажет.

Еліміздің әлеуметтік саясаты осы қағи­даттарды басшылыққа алу арқылы қалып­тасты. Оның негізгі басымдықтары – сапалы медицина және білім беру саласы, өнімді жұмыспен қамту және атаулы әлеуметтік көмек көрсету. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларын­да жүргізілген реформалар осыған қол жет­кізуге мүмкіндік берді.

2000-жылдардың басында денсаулық сақтау саласы реформаланды. Бұл меди­цина­дағы басқарудың жаңа үлгісін қалып­тас­тыруға жол ашып, мемлекеттік емес сек­тор­дың дамуын қамтамасыз етті, сондай-ақ озық емдеу орталықтарын салуға мүмкіндік берді.

Осы саланы одан әрі жетілдіру мақсаты­мен бірқатар бағдарламалық құжаттар мен заңдар қабылданды, сондай-ақ Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры құрылды.

Денсаулық сақтау саласы тұтастай жаң­ғырып, инфрақұрылымы жаңартылды, ме­ди­циналық қызмет көрсету мен басқару­­дың әлемдік стандарттары енгізілді, заманауи меди­цина мамандары даярланды.

Денсаулық сақтау ісіне бөлінген қаражат мөлшері 1991 жылы 6 миллион теңгені құра­са, 2017 жылы 1,2 триллион теңгеге жетті. Бұл жылдары Қазақстанда 219 аурухана, 1200-ге жуық емхана, амбулаториялар мен медицина орталықтары салынды.

Жаңа медициналық сервистік қызметтер, соның ішінде скрининг бағдарламасы, кар­диологиялық қызмет көрсету жүйесі пайда болды. Еліміздің бүкіл өңірінде өз мамандарымыз зерттеулер жүргізіп, жоғары технологиялы отаның барлық түрін жасап келеді. Қазақстан озық медициналық кластер қалыптастырып, халықаралық медициналық туризмнің орталығына айналды.

Ең бастысы, тұрғындар денсаулығының көрсеткіші айтарлықтай жақсарды. Мәселен, елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 1991 жылы 67,6 жас болса, 2018 жылы 72,5 жасқа жетті. Мемлекетіміздің әлеуметтік саясаты­ның жетістігі демографиялық көрсеткіштің артуынан байқалады. Жыл сайын елімізде шамамен 400 мың бала өмірге келеді. Ана өлімінің деңгейі 5 есе, сәбилердің шетінеуі 3 есе азайды.

Тұңғыш Президентіміз бұл саланы үнемі назарда ұстағандықтан бүгінде елімізде ден­саулық сақтаудың тиімді әрі сапалы жүйесі қалыптасты.

Медицинамен қатар білім беру саласы мем­лекеттің әлеуметтік саясатының маңыз­ды құрамдас бөлігі саналады. Шығыста «Білім – ең қымбат қазына. Өйткені оны ұр­лап кету, жоғалтып алу, жойып жіберу мүм­кін емес» деген қанатты сөз бар. Қа­зір­­гі таңда оның құндылығы еселеніп артып отыр. Білім деңгейі барша елдер мен кон­ти­нент­тердің нақты даму индикаторы саналып, олар­дың ілгерілеуі мен жаһандық бәсекеге қабі­лет­ті­лігінің перспективасын айқындайды.

Қазақстанда білім беру саласындағы рефор­­малар оқытудың әлемдік стандарт­тарын енгізуге, мемлекеттік емес білім беру сек­торын қалыптастыруға, қажетті ма­ман­дарды мақсатты түрде даярлауға, ақ­­па­рат­тық технологиялар мен электронды оқыту үде­рісінің элементтерін енгізуге бағыт­тал­ған. Бірыңғай ұлттық тестілеудің енгізілуі бар­лық мектеп түлектері үшін жоғары оқу орын­дарына түсу кезінде тең мүмкіндікке ие болуына және оның ашық болуына жағдай туғызды. Қазақстан 2010 жылы білім саласында Болонья декларация­сына қосылды. Нәтижесінде, жоғары оқу орындарында халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалған үш сатылы «бакалавриат – магистратура – докторантура» моделі енгізілді. 

Білім саласының инфрақұрылымдық базасы түбегейлі жақсарды. Тәуелсіздік жылдары білім саласында 2837 нысан бой көтерді, со

Соңғы жаңалықтар