29 Наурыз, 2019

Қазақ сазының қызғыш құсы

1767 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Арқа жұрты биыл көктеммен ерте қауышқаны көрініп тұр. Қасат қардың көбесін қақырата сөккен мизамшуақ маңайды мамыражай маусымға шомылдырып, майдың желі жұмсақ еседі. Бозторғайдың сиқырлы әуені боз қыраттарды сырлы сазға бөлеп, Сарыарқаның кең жазирасы осы жатқанда Тәттімбеттің шертпе күйлеріндей төгіле, Қоянды жәрмеңкесінде Біржан ән салып жатқандай тербеледі. Қырдың қазағы малын әлдеқашан далаға жа­йып, тірлігі көп-көрім оңалып қалғаны да байқалады. Аңғарған жанға дала тынысының өзінен сол мекенді қоныс еткен әлеуметтің көңіл күйін барынша шамалау қиын емес. Байтақтың төсі ән салып жатса, оны жайлаған жұрттың да көкірегінен тұнық әндер еркін төгілетіні белгілі.

Қазақ сазының қызғыш құсы

Семейден пошта арбасымен Қу болысына лаулап, ат айырбастап, бірнеше күн­дік жолдың көбін еңсерген зиялы екеудің орысша киінген, түрі де азиатқа онша келіңкіремейтін ақшыл сары, шоқша сақалдысы осынау көрініске әң­гіме арасында мұқият қарап келеді. Оның қасындағы ақсүйек азаматтың да оқы­ған қазақ екенін бірден аңғаруға болады. Сөзі халықшыл, ойын азат айтып, бойын текті ұстап отырады. Қимылын бекзат бағатын екеуді алғаш көргеннен-ақ бір-бірінің әңгімесін ғана емес, тұтас тұлғалары да бір-бірін толықтырып келе жатқанын бағу қиын емес. Шынында да бұлар кім еді? Арқаның құйқалы қонысы саналатын – сол кездегі Меңдешов болысы, кейіннен Қу, Егіндібұлақ ауданына бұл екеуі нендей указбен келе жатуы мүмкін? Бұл әдепкі сыйластықтан қазақ руханиятына кейін қандай игілік келді? Бір ғана анық жайт бар, ол – осынау екі зиялыны қазақтың мәдени бай қазынасы, көшпелі түркі жұртының ескі әні мен кө­не күйі ет жақын туыс, тіпті ең жақын бауыр еткені еді. 

Екеудің бірі, өзіміз де шамалап отыр­ғандай,1920 жылы қазақтың тұңғыш астанасы Орынборға келіп, ұлан-бай­тақ даланы өз ықтиярымен шарлап, ұлты­мыздың көне сарындарын көмбеден ар­шып ала, әлемге музыка ғылымының сауат­­ты тілімен алғаш таныстырған бел­­гі­лі этнограф ғалым, музыкатанушы,­ та­лант­­ты композитор – Александр Затае­вич болатын.

Оның қасындағы текті қазақ болса – сол сапар барысында 1926 жылы Бал­­қантаудың бауырына ақ боз үй тік­кізіп, қазақтың ширақ жігіттеріне тап­сыр­ма бергізіп, ұлтымыздың ұлық өне­рін насихаттатуға, ұқыптап жинатуға Затаевичті қазақ ортасына ертіп әкеле жат­қан ҚАКСР Халық комиссарлары кеңе­сінің төрағасы Нығмет Нұрмақұлы еді. 

Белгілі журналист, ғалым Зарқын Тай­шыбай жазғандай, Затаевич сол сапарында өте сәтті жолжазбалар жазып, екі апта ішінде Қарқаралы, Қу, Баянауыл жағынан 400-ден аса ән мен күйді хатқа түсірген. Қу бауырында ол Ғаббас Айт­баев, Мұсылманқұл Әбсалықов, қарт күйші Көрпебай сияқты өнер иелерімен кездеседі. Қарқаралыға соғып Қали Бай­жановпен, Керекуге аялдап әнші Май­рамен танысқан. Затаевичтің өзі: «Осынау олжалардың жемісі «Қазақ хал­қының 500 әні мен күйі» деген атпен 1931 жылы Мәскеуде кітап болып басылып шықты. Бұл жинаққа Қарқаралы-Қу сапарында жазып алған 285 шығарма кірді» деп жазыпты. Затаевичтің заты бөлек дара болмысын айшықтаған З.Тайшыбайдың «Қазақ өнерінің жанашыры» деген мақаласына үңілген тұс­та өнер өсиетіне адал маман жайлы та­рихтың тың беттеріне таң-тамаша жолығасыз. Тіпті, аталған мақаланы оқып отырып, Затаевичтің қазақ әні мен күйін жинап топтастырғаннан бөлек, Париж сахнасында Әміредей ғажап дауыс иесінің өнер көрсетуіне сол тұста француздың ұлы жазушысы әрі музыкант Ромен Ролланмен Затаевич 1925 жылы Мәскеуде танысып, сол адамның беделімен, «нарком» Лунчарский ар­қылы Семейден Әмірені Затаевичтің ал­дырғанын білеміз. Аталған мақалада «Тіп­ті Ахмет Жұбановтың өзі «Мен Әміре туралы Затаевичтің 500 әні» арқылы алғаш рет білген едім» деп көр­сетеді», деп жазылады. 

Биыл сол қазақ музыкалық этно­гра­фия­сының негізін салушы, композитор һәм зерделі зерттеуші Александр Затаевичтің туғанына 150 жыл толып отыр. Саналы ғұмырының сан саланы ке­зең­дерін қазақтың ескі ән-күйлерін жи­нап, көне сарындарды нотаға түсіріп, қазақ ән-күйінің тарихына қатысты кітап жазуға арнаған өнер шырақшысының ұлт­тық руханиятымызда алар орны ерекше.

* * *

Қазақтың кең-байтақ алып сахара­сы қадым замандардан бері ежелгі өркениет­тер мен мыңжылдық мәдениеттердің бұ­­рын­нан тоғысқан берекелі ортасы сана­­лады. Қатпар-қатпар тарих қазақ сана­­сында ғасырлардан ғасырларға кө­ше жүріп, көркем мәтіндер мен саз­ды әуендердің астарында құпия өмір сү­ріп келгенін білеміз. Ол рухани кө­не қа­зыналарды кез келген адам же­те тү­сініп, жеке зерттей алмайды. Тек түй­сі­гінің түкпірі мен санасының саңы­лауы саф өнердің сиқырлы жүрісін жа­ңыл­май сезетін көкірек көзі ояу жан­дар ғана аталған игіліктерді тұтас игеруге талап қылады. Сондай санаткер тұлғаның бірі – Затаевич десек қателеспейміз. 

Ол жайлы қазақ зиялылары, әйгілі қаламгерлер жылы пікірлерін жанашыр тілектеріне жұптап, ұлт руханиятының ұрпақ игілігіне айналуына тізе қосып орасан зор жұмыстар атқарған. Мәселен, Алаштың арыстаны Әлихан Бөкейхан Затаевичтің 1925 жылы Мәскеуде басылып шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» атты толымды еңбегі жайлы «Бұл кітапты қолына алған қай қазақтың жүрегі торға қамалған тоты құстай алып ұшпас дерсің» деп жазса, жазушы М.Горький «А.Затаевичтің Қазақстаннан әкелген жаз­балары келешектің Моцарт­тары, Бет­ховендері, Шопендері, Мусорг­скийлері мен Григтері үшін таптырмас бай материал» деп тебіренген. 

Композитор-зерттеуші жайлы бұған дейін де көптеген еңбектердің жазылып, тың құжаттардың тыңғылықты зерт­телгені әмбеге аян. Сонда да қазаққа жа­ны жақын тұғырлы тұлға жайлы жаңа ұрпақ әр кез біліп, оқып отырғанын жөн санай­мыз ғой. Барлығымыз білетіндей, Александр Викторович Затаевич патша­лық Ресейдің Орёл облысы, Болхов қаласына жер аударылған поляк отбасында дүниеге келген. Затаевичтің қазақ орта­сына алғаш қадамы 1920 жылы бас­талғанын жоғарыда айтып өттік. Десек те композитордың Орынбордағы тіршілігі оңай болмағаны анық. Бұл жылдары Александр Затаевич Орынбор қаласындағы адамдар ауқаттанып, көп­шілік көңіл көтеретін орындарда фортепианода ойнап, отбасын асырауға аз-маз ақша тауып күнелткен кездері көп болған. Сол жылдары Қазақстан үкі­­метіне Затаевичтің жазған хатынан әлгі фортепиа­ноны жалға алып, айына төленетін 15 сом қаражаттың өзін та­ба алмағанын оқып, құлазып қаласың, өнер адамына деген өгей қоғамның өт­кір қанжарының суық жүзін бейсана сезі­несің... Алайда, Затаевич мырзаның сол фор­тепианода шебер ойнайтын сирек та­лантының арқасында 1923 жылы ұлт ұстазы Ахаңның мерейтойында ағар­тушының өзі шығарған «Қаракөз» әнін жұртқа ойнап берген деген мәлімет бар.

* * *

Затаевич қазақ музыкасына біржола ден қойғаны туралы Орынбордың теа­трында өткен кешке оның кездейсоқ келіп, сол концерттен алған айрықша әсері оны «Бүгіннен бастап қазақ ән­дерін жинаймын!» деген батыл да тарихи қадамын бастағанын білеміз. «Менің алдымнан күтпеген жерден ашыл­ған ғажайып қазынаның жанынан елемей өтіп кету мүмкін бе еді? Мәдениет әлеміне олар әлі күнге дейін мүлде беймәлім еді, сонымен қатар бұл мәдениет иелеріне қырылып бітудің апаты қолын соза бастаған кез еді... Сондықтан әлі де болса бүлінбей бүтін тұрғанда, жазып алуды жылдамдату керек болған еді!»  деп 1925 жылы наурызда біраз жылдық еңбегін қорытындылай отырып, А.Затаевич осылай жазыпты. 

Сол жүйелі де жоспарлы зерттеу барысымен, қазақ музыкасының қамбасына айналу жолында музыкатану­шы Затае­вич­тің қаржылық қиындықтарды қалай шешкені әр кезде жан-жақты жазылып келеді. Көп деректі Затаевич жайлы терең зерттеу еңбектер жазып, оның нақты насихатшыларының бірі бо­лып келе жатқан Қазақстанның ең­бек­ сіңірген әртісі, әнші, деректану­шы­ Серік Оспан келтіреді. «22 тамыз 1923 жылы Совнаркомның күн тәр­­тібінде: өнер зерттеуші, этнограф А.В.Затаевичке қазақ халқының әндерін жинақтап жинақ бастырып шығаруға қаражат бөлу мәселесі қаралды. Күн тәртібіндегі мәселеге байланыс­ты Сов­нарком – С.Сейфуллиннің ұсы­ны­сымен Совнарком отырысында Нар­компрос Ахмет Байтұрсынов: «Қазақ халқының бай музыкалық мұрасы туралы» орыс-қазақ тілдерінде баян­да­ма жасайды. Басқа жарыссөзге шық­қандар: «Онсыз да жетімсіз республика бюджетін Орынбордағы шеберхана­ларды жаңғыртуға, қызыл әскерді қар­жыландыруға бөлінсін» деген талаптар қояды. Пікір екіге бөлінеді. Шешуші сөз Совнарком төрағасында болатын, ол: «Александр Викторович Затаевичке 2280 рубль алтындай қаражат бөлінсін және оның шығармасын редакциялауға 200 рубль, барлығы – 2480 рубль алтындай Наркомпрос қаражатынан бө­лінсін. Белгіленген қаражат аймақтық қорлардан түсетін қаражаттар есебінен өте­луі Наркомпросқа ұсынылсын» де­ген шешім қабылдайды. Жас респуб­ликадағы қаржылай дағдарысқа қара­мастан Сәкен Сейфуллин «Қазақтың 1000 әнін» жинақтап шығаруы үшін қаражат тауып береді.

Осылайша, халықтың ғасырлар бойы жаса­ған баға жетпес аса бай музыкалық мұрасын жинап, сақтау және зерттеу жұ­мыстары қолға алынды. Сәкен игілікті іс­ті үкімет мүшелерінен бастап, өзі үлгі бо­лып А.В.Затаевичке екі күй, төрт ән орын­дап береді және халық ән-күй­лерін жетік білетін шебер орындау­шы­лар: Халық комиссарлары Сәкен Сей­фул­лин, Әліби Жангелдин, Мұхтар Са­матов, Ахмет Байтұрсыновтарды және қо­ғам қайраткерлері: Қайып, Салық Айна­бековтер, Махамбет Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Алма Оразбаева, Бейім­бет Майлин, Сәбит Мұқанов, Жүсіп­­бек Аймауытов, Иса Байзақов, Әл­кей Өте­кин, т.б. есімдерін беруі, оның қа­зақ ән-күйлерін жинақтауға деген­ жан­ашыр­лық үлкен қамқорлығын аң­ғарт­са керек. Ал Наркомпрос Ахаң болса өзі­не тап­сырылған бұл жауапкершілікті өте ыж­дағаттылықпен іс жүзіне асырып­ қана қой­май, өз орындауында 27 ән берген­дігіне, ал Жүсіпбектің – 29 ән, Бейімбеттің – 17 ән, Сәкеннің 4 ән 2 күй, т.б. Затаевичке жаз­­дырғанына тарих куә», дейді өнер зерт­теушісі Серік Кәрі­байұлы.

Расымен де А.Затаевичтің осынау жан­кешті еңбегі болмағанда, оны қолда­ған қазақтың зиялы қауымы болмағанда қазақ халқының сан ғасырлық музыкалық қазынасы құрдымға кетпесіне кім кепіл? 

Үш жыл ішінде А.Затаевич Орынбор­да қазақтың бір жарым мыңдай әні мен күйін жазып алғаны айтылады. Ал­ғашқы жинақ осы әндер мен күйлерден құралғаны белгілі. Сол кездегі астанамыз Қы­зыл­орданың Қырғыз мемлекеттік бас­пасынан 1925 жылы жарық көр­ген А.В.Затаевичтің «Қырғыздың (Қа­зақтың) 1000 әні» еңбегі одақтық мәде­ниет пен өнер әлемінде үлкен серпіліс болады. Араға алты жыл салып 1931 жылы «Қазақтың 500 ән мен күйі» еңбегі жа­рық көреді.

Қазақтардан бөлек, кеңес мәдение­тінің аса көрнекті қайраткерлері де Затае­вич­тің еңбегіне ерекше назар ауда­рады. Академик Б.В.Астафьев оған: «Сіз­­дің еңбегіңіз соншалықты зор, бұл ең­бегіңіз – шын мәнісінде эпикалық. Мен әндердің көпшілігін зер сала қарап шықтым. Бұл әндердің сонылығы, мотивтік логикасы, мелосы мен мәнерінің заңды түрде үйлескен құрылысы, ақыр аяғында олардың ритмикалық әр­түр­лілігі және интонациялық байлығы – міне осылардың барлығы фольклорға қосылған үлес, зерттеуші үшін ұзаққа кететін үлес!.. Сізді осындай еңбегіңізбен құттықтаймын!», деп хат жолдағанының өзі теңдессіз еңбекке берілген әділ баға екенін байқаймыз.

Орыстың әйгілі өнер зерттеушісі, фольклор­танушы, композиторы А.Кас­таль­ский де: «Қазақ музыкасы ескі қаз­балардан табылған көне жәдігер­лер сияқты көз алдыңа бүтін бір ғасыр­дың­ суретін әкеледі. Оған тереңдей түс­­кен сайын сол құрылым толық ашы­ла түседі. А.В.Затаевичтің қазақ да­ла­сындағы жазбалары бізге қазақ мінезінің болмысы мен дүниетанымын суреттейді. Әндердің жан-жақтылығы мен бай ғажайып сю­жеттері көзге бір­ден түседі. Олардың ән ыр­­ғағын ерек­ше сезінуі дарындылығында болса керек. Қазақ музыкасы, өзінің ер­кін және таңғаларлық өрнектілігімен, бір қалыпқа сыймайтындығымен, ерек­ше саздылығымен, мелодиялық жолақтар­дағы түсінуге қиын иірімдерімен таңғал­ды­рады. Тыңдаушысын еріксіз, біресе сал­танатты күйге түсірсе, бірде нәзік, ын­тық сез­імге бөлейді», деп За­таевич ең­бегіне жоғары баға беріпті.

Белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай да қазақ сазының қамқоршысы туралы пікірін жүйелі тарқатады. «А.В.Затаевич қазақ өнерін жинақтаған һәм зертте­ген тұңғыш ғалым, өнертанушы, этно­граф. Ол қазақ асқан өнерлі ел екенін айта отырып, оның басына түскен ауырт­па­шы­лық­тарды қызыл цензураға қарамай тіке айтуға батылы жеткен және сол үшін кезінде үкімет қаһарына ұшыраған адам. «Қазақтың 1000 әні» атты жинағының кіріспесінде: «Сіздердің осынау ұлы мұра­ла­рыңызды ашаршылық, індет, төң­керіс сияқты зұлмат қат-қабат баста­рыңызға түскен ауыр уақыттарда жазып алдым. Және тәңірдің жәрдемімен өзде­ріңізге қазына ретінде сыйлаймын», деп жазды. Ол кезде бұлай айту қа­терге тәуекел болатын. Арқа елінің Семей, Қар­қаралы, Кереку, Қызылжар жер­леріндегі атақты әншілерді тыңдады. Майра, Қали Байжанов, Иса Байзақов сияқ­ты әншілерді бағалады, олар туралы теориялық талдаулар жазды. Сәкен Сей­фуллиннен әндермен бірге күйлерді де жазып алды. «Абылайханның атты әскерінің маршы», «Тоқаның күйі» сияқ­ты шертпе күйлерді қағазға тұңғыш түсір­ген Затаевич еді. Қазақтың игі жақ­сыларының аузынан дастан, ән, термелер жазып қалдырды. Әрине Затаевич еңбегі тек фольклор жинаумен шек­тел­­ген жоқ, ол осы материалдарды ка­ме­­ралық-аспаптық туындыларға ай­нал­­дырды. Ол шығармалар осы күн­ге дейін орындалып келеді. Бұл орай­да Затаевичті ұлттық камералық мә­дениет­тің іргетасын қалаушы деп тануға әбден болады», дейді Ж.Жүзбай.

Бір сөзбен айтқанда, Затаевичтің ерен еңбегі – заманауи қазақ музыка өне­рі да­муына өлшеусіз ықпал етті. Музы­ка жанрлары жүйелі қалыптасып, төл му­зыка­танушылар сол қайнарлардан ба­­ғы­­ты айқын бастаулар алды. Қазақ хал­­қының музыка қорын зерттеуші, қа­зақ опе­расының негізін салушылардың бірі Е.Брусиловский, әйгілі композитор С.Про­кофьев, Н.Я.Мясковский, М.М.Ип­по­литов-Ивановтардан бастап, қаншама музыка мамандары Затаевич жинаған дү­ние­лерді өз шығармаларында сәтті қолданды.

Қазақ халқы үшін өлшеусіз еңбек жасаған музыка зерттеуші, Қазақстанның тұңғыш халық әртісі Александр Затае­вич 1936 жылы Мәскеуде өмірден өтеді. Мәскеудегі Новодевичье зиратын­да әй­гілі жазушы Антон Чеховпен қа­тар жерленген. Бір анықталмаған жайт, сол зираттағы құлпытасты кім ор­нат­қаны белгісіз. Ол көктаста жас қазақ домбы­ра­шы­сының бейнесі бедерленген. З.Тайшыбай ол құлпытастың біздің республика қаржысымен 1950 жылы қойылғанын жазып: «Әттең, ескерткішті кім, неге қойғаны жазылмаған. Қайран қазекем, осы жерде тағы бір ұпайынан айырылып қалыпты-ау! Ал біздің Қазақ­станымызда Затаевичке ешқандай белгі жоқ» деп түйеді 2000-жылдары.

* * *

Бүгінгі Алаштың азат таңында Алек­сандр Затаевич есімін еміс-еміс бол­са да­ айтып қалатын өңірлер, Құдайға шү­кір, баршылық. Бізге салса, қазақ қиы­ры­ның қай төрінде болсын, Затаевич есімі жарқырай жұртқа таныс тұрса дей­міз. Қазіргі күнде Шығыс Қазақстан облысын­да, елорда шәрінде қазақ әнінің қам­­қоршысына деген құрметті оның аты­на берілген көшелерден байқау қиын емес. Дегенмен, біз әңгімемізге көп­ арқау қылған Қарағанды, Солтүстік Қазақ­стан облыстары, Павлодар өңірлерінен де лайық­ты құрмет күтетініміз белгілі. Ол – қазақ әні мен күйіне жасалған тағзым мен тағы­лым болатыны рас.

Мирас АСАН,

«Egemen Qazaqstan»