29 Наурыз, 2019

Әлеуметтік көмекті реттейтін заңдар қабылданды

492 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар ұйымдастыру мәселелерімен қоса, үш заңды қабылдады. Сенаторлар бұған дейін Қа­зақ­станның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалған Дархан Сатыбалдының депутаттық өкілеттігін тоқтатуға байланысты дауыс беріп, қаулы қабылдады. 

Әлеуметтік көмекті реттейтін заңдар қабылданды

Ант берді, төраға сайланды

Сонымен қатар жаңадан депутат болып тағайындалған Қайрат Қо­жам­жаров ант берді. Ол пала­таның Халық­аралық қаты­нас­тар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің құрамына енді. 

Оған қоса, Мұхтар Құл-Мұ­хаммед Сенаттың Ха­лық­аралық қатынастар, қор­ғаныс және қауіпсіздік тұрақты ко­ми­тетінің төрағасы болып сай­лан­ды.

Жалпы отырыстың күн тәр­ті­біне сәйкес депутаттар Қа­зақстан Рес­пуб­ликасы Пар­ламентінің Мәжі­лісі мақұлдаған «Қазақстан Респуб­ликасы мен Вьетнам Со­циалистік Рес­пуб­ликасы ара­сындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын да қабылдады.

Бұл мәселе бойынша баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукиннің айтуынша, аталған шартқа 2017 жылдың 15 маусымында Ханойда қол қойылды. 

– Шарт қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейді, сон­дай-ақ жасалған қылмыс тұр­ғысында күдіктінің кінәсін дә­­лел­деуге қажетті тергеу амал­дарын жүр­гізу ескерілген. Жал­пы, бұл шарт стандартты құжат болып саналады, – деді Бас прокурордың орынбасары. 

А.Лукиннің айтуына қара­ғанда, дәл осындай шарттар біздің еліміз бен 27 мемлекеттің арасында бекітілген. Ал соңғы жылдары Вьетнаммен арадағы ынтымақтастық деңгейі жоға­ры­лай түскен. Оның ішінде, эконо­микалық байланыстар қарқын ала бастаған. Былтыр екі елдің арасындағы сауда айналымы 500 млн АҚШ долларынан асқан. 

Жәрдемақы көлемі ұлғаяды

Ал сенаторлар қараған келесі заң жобасы Мәжіліс мақұлдаған «Арнайы экономикалық және индустриялық ай­мақтар туралы» құжат болды. Аталған заң жобасы арнайы экономикалық жә­не индустриялық аймақтарды құру, жұмысын жүргізу және тарату қағидат­тарын қарастырған. 

Заң жобасы бойынша баян­дама жасаған Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму ми­нистрі Роман Ск­лярдің айтуы­на қарағанда, Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тікелей ин­вестицияларды тартуға жә­не экспорттық өн­дірісті ын­та­ландыруға басты назар аудару қажеттігін тапсырған. 

– Осыған байланысты Үкі­мет­ке арнайы экономикалық және индус­триялық аймақтар бойынша заңна­маны жақсарту тапсырылды, – деді Р.Скляр. 

Баяндамашының айтуынша, заң жобасының мақсаты – индус­триялық аймақтың қыз­метін құқықтық регламенттеу. Осыған байланысты заң­на­мада индустриялық аймақтар қызмет ат­қарып, таратылғанға дейінгі барлық цикл қарастырылған. Ми­нистр осы орайда арнайы экономикалық және индус­триялық аймақтардың қатысу­шы­ларына жер телімдерін беру­дің жаңа тетіктері енгізіл­ген­дігін атап өтті. 

Сондай-ақ бірінші оқы­лым­­да қа­ралған, бұған дейін Мә­жіліс мақұлдаған «Қазақ­стан Рес­­публикасының кейбір заң­намалық актілеріне арнайы эко­номикалық және индус­триялық ай­мақтар, инвестиция­ларды тарту, экспортты дамыту және ілгерілету, сон­дай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жо­ба­сында әлеуметтік аз қам­тылған азаматтарды және көп балалы отбасыларды әлеу­мет­тік қолдау мәселелері қарас­ты­рылған. 

Айталық, осы заңның аясында аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылып отыр. Атаулы көмек көрсету шамасы ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін ұлғаяды. Аз қамтылған отбасылардағы әрбір балаға арналған ең төменгі төлем 20 789 теңге сомасында белгіленеді. Сондай-ақ мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының және бала кезінен бірінші топ­тағы мүгедекті күтіп бағу­шы адамдарға ай сайынғы мем­лекеттік жәрдемақының мөл­шерін 30 пайызға ұлғайту арқылы аз қамтылған азаматтар мен көп балалы отбасылар­ды әлеуметтік қолдау шарала­ры көзделеді. Заң атаулы әлеу­меттік көмекті тағайындау мен төлемінің дұрыстығын бақылау шараларын кү­шейтуді көздейді.  

Сонымен қатар заң аясын­да білікті педагогтер, дәрігерлер, полицейлер және басқа да мамандар үшін «7-20-25» бағ­дарламасы шеңберінде жеңіл­дікті ипотека бойынша бастапқы жарналарды жергілікті бюджеттен ішінара субсидиялау тетігі енгізіледі. 

Елдік мәселелер – сенаторлар назарында

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева жалпы отырыс барысында бүгінгі күні қоғамды аса толғандырып отыр­ған бірнеше экологиялық тосын жағ­дай­ларға Үкіметтің назарын аударды. 

– Өздеріңізге мәлім, өткен жыл­дың соңында Жайық өзе­нін­де балық­тар жаппай қы­рыл­­ған болатын. Бұл төтенше жағ­дайдың мән-жайын анық­тау үшін арнайы ведомствоаралық комиссия құрылып, тексерулер жүр­гізілді. Нәтижесінде қыл­­мыстық істер қозғалды. Де­­ген­мен, балықтардың жаппай қы­рылуының нақты себеп­терін және қоршаған ортаға келті­рілген залалды анықтап, осы төтенше жағ­дайды қалыпқа келтіру бойынша жүр­гізіліп жат­қан жұмыстар жөнінде жұрт­шы­лықты кеңінен әрі ашық түрде хабардар етуге айрықша мән берілуі қажет.

Сонымен қатар 13 наурызда Маң­ғыстау облысындағы «Қа­лам­қас» мұнай кен орны­ның бірінде газ жанды. Эко­ло­гия­лық мәселелерге жауапты мем­лекеттік органдардың қор­шаған ортаға және тұрғындарға әсер ететін ешқандай ахуал жоқ деген ресми мәлімдемелеріне қа­рамастан, бұл апатты жағдайға нақты баға берілуі тиіс. Ауаның, ілеспе судың және топырақтың сапасына күнделікті тексеріс жүргізу керек. Бұл мәселе Мем­­лекет басшысының жеке бақы­­лауында. Сондықтан осы экологиялық мәселелерді еңсе­ру бойынша жедел шара­лар қа­былдау қа­жет­тігіне Үкіметтің назарын ауда­рамын. Қажет бол­ған жағдай­да, осы са­лаға қа­тысты заңна­маға тиіс­ті тү­зе­ту­лер енгізу жұмыс­тарын қолға ал­ған жөн, – деді Д.Назарбаева.

Дәстүрлі депутаттық сауал­дар жолдау кезінде сенатор Георгий Ким, Нұр-Сұлтан қа­ласында жуырда бол­ған ірі жол-көлік апатының салдарын ескере келе, жолаушылар қауіп­сіздігінің сақталуына Үкі­мет назарын аударды. Оған қоса, осы сала­дағы жеке және заң­ды тұлғалардың жауап­кер­шіліктеріне маңыз берілуін сұрады. 

Ал Төлеубек Мұқашев «Қа­ламқас» кен орнындағы апат жа­йында, Рысқали Әбдікеров жұ­мысшыларға жалақыны кешік­тіріп төлейтіндердің жауап­­кер­­шілігін арттыру туралы, Сәуле Айт­паева қоршаған орта­ны қорғау және балалар ден­саулығын сақтауға байланыс­ты депутаттық сауалдарын жолдады. 

Ал Әлімжан Құртаев елі­міз­дегі киік­тердің қырылуына бай­ланыс­ты Үкімет басшысына маңызды мәсе­лелерді ұсынды. 

– Елімізде браконьерлік қыл­мыс көз ілеспес жылдам­дық­пен өршіп барады. Халық арасында «мүйізді мафия» деп аталатын қанды қылмыстың көрігі қызып тұр. Ақшаға құнығып алған браконьерлер жүздеген киікті азаптап, мүйізі мен тұяғын кесіп алып, денесін далаға лақ­тырып кетіп жатыр. Киіктің мүйізінің бір килограммы 200 мың теңгеден жоғары бағаға са­тылады. Қытайдың базарында 3,5-5 мың АҚШ долларына дейін бағаланады, – дей келе, – «мүйізді мафияға» еліміздегі құқық қорғау органдарының өкілдері қол­дау көрсетіп ке­ле­ді. Өйткені ұйым­дасқан қыл­мыстық топтардың қара базар­да құны қымбат киіктің мүйі­з­ін жинау, шетелге шығару ісін тұрақты жолға қойғаны бай­қа­лады. Парламент депутаттары браконьерлер мен құқық қорғау қызметкерлерінің ауыз жаласып алғанын қатаң айыптайды, – деді. 

Ә.Құртаев: «Қазақстанда киіктерді қорғау туралы жаңа, бөлек заң қабыл­дауымыз керек. Сол заңда киік атқан, киелі жануарлардың өміріне қауіп төндірген адамдарды өте қатаң жаза­лайтын жаңа бап енгізілуі тиіс. Елі­мізде киік атуға мүл­дем тыйым салып, оның мүйізі мен тұяғын экспорт­тау қыл­мысына толықтай тосқауыл қою үшін мәңгілік мораторий жариялағанымыз абзал. Киік атып, қолға түскен адам­ның дүние-мүлкін толық кәмпес­келеу – ең қатал жазалардың бірі болмақ. Киіктерді қорғау мақсатында Қазақстанда Ұлт­тық парк ашу керек. Ауыл ша­руашылығы ми­нистрлігіне бағынатын «Охот­зоопром» мекемесінен киіктерді қорғау қызметін алып, жаңа мекеме құратын кез келді» деген ұсынысын білдірді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»