29 Наурыз, 2019

Әлеуетті мемлекеттің әлеуметтік саясаты

499 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Гүлшара Әбді­қалықова бастаған жұмыс тобы Ақмола облысында болып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде әлеуметтік қолдауды күшейту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы қойған міндеттер үдесінен шығу үшін атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.   

Әлеуетті мемлекеттің әлеуметтік саясаты

Кездесуге көп балалы отбасы­лардың, мемлекеттік қолдауға мұқтаж, әлеуметтік жағынан осал топтар­дың өкілдері көптеп жиналды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Б.Сапарбаев, Денсаулық сақ­тау министрі Е.Біртанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі Құры­лыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитетінің төрағасы М.Жа­йымбетов кездесу барысында Елбасы тап­сыр­масын жүзеге асыруға байланысты мәсе­ле­лерге кеңінен тоқталып, түсін­діріп берді. 

– Еліміздің батысындағы бір­қатар облыстарды аралап, әлеуметтік қамқорлық шаралары жайында ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүр­гіздік. Ол өңірлердегі көкейкесті мәсе­ле­лерді саралаудамыз. Бүгінгі күні елі­мізде жаңа серпінді даму кезеңі басталды, – деді Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова. Барлық жерде ең басты мәселе тұрғын үйге тіреліп отырғандығын көріп отырмыз. 

Г.Әбдіқалықова атап көрсеткендей, негізгі жұмыс үш бағытта өрбиді. Оның ішінде ең аз қамтылған отбасыларға атаулы көмек көрсету, сондай-ақ меди­цина және білім саласына қатыс­ты мәселелер бар. Бұл орайда, медици­наның алғашқы қолжетімділігі, дәрі-дәрмектің сапасы және бағасына көңіл бөлінеді. Ауылдың еңсесін көтеру де кезек күттірмейтін мәселе. Бұл орайда мынадай жақсы жаңалықты екпін түсіре айта кеткен орынды болмақ. Мәселен, көп балалы ауыл тұр­ғындарына жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін көлемі 500 мың теңге­ден 20 миллион теңгеге дейін мемлекеттік гранттар мен шағын несиелер беріледі. 

– Біз мүгедектерге өз кәсіптерін ашу үшін көмек көрсетуіміз қажет, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Берді­бек Сапарбаев. – Көп балалы аналар мен мүге­дек балаларды тәрбиелеп отырған ана­лар үшін үйде әлеуметтік жұмыс орындарын ашу ұйымдастырылады. Бұл орайда жергілікті әкімдіктермен жұмыс жүргізудеміз. Үйде оты­рып-ақ қаржы табуға болады. Ол үшін әлеу­­меттік жұмыс орындарын ашумен бірге, сұ­ра­ныс­қ­а ие кәсіптерге қысқа мерзімде оқы­тып үйрететін курстар ұйымдастырылуы керек. 

Халықтың әл-ауқатын арттыратын бас­ты жайт – жалақы мөлшері. 2019 жыл­дың 1 маусымынан бастап білім беру сала­сын­дағы қызмет­керлер­дің табысын 30 па­йызға дейін көбейту көзделіп отыр. Мек­тепке дейін­гі ұйымдардың тәрбиешілері, олар­дың көмекшілері, интернат меке­мелерінің тәрбиешілері, әдіскер­лер, балабақшалар мен колледж­дердің әлеуметтік педагогтары, психо­логтар, қосымша білім беру ұйым­дары­ның қызметкерлері, техникалық персо­налдың жалақылары жоғарыдағы айты­лған мөлшерде өсетін болады. Ден­саулық сақтау ұйымдары қызмет­керлерінің жалақысы да 30 пайызға көтеріледі деп межеленіп отыр.

Өңірлерді дамыту мәселесі де басты назарда. «Құтты мекен» жобасына мемлекеттен 920 миллиард теңге бөлінбек. Бұл қаржының біраз бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалалары маңындағы инфрақұрылымды жақ­сартуға жұмсалады. Атап айтатын болсақ, осы мақсатқа 90 миллиард теңге жұмсалмақ. Моноқала­лар­ды дамытуға 30 миллиард теңге бағытталмақ. 

Әлі күнге дейін шешімін таппай отырған ауыз су мәселесі де бар. Бұл мәселе Ақмола облысына да қатысты. Өйткені өңірдің бірнеше елді мекені әлі күнге ауыз суды ашық су көздерінен алып пайдалануда. Тасымалдап ішіп отырғандар да аз емес. Міне, осындай қиын түйінді шешу үшін жалпы еліміз бойынша 140 миллиард теңге жұмсалмақ. Газ және электрмен қамтамасыз ету бағытына 190 миллиард теңге көзделген. Ел ішіндегі түйінді мәселенің бірі – жол. Жол мәселесін шешуге, жергілікті жолдардың желісін кеңейтуге 350 миллиард теңге қарастырылса, денсаулық сақтау саласын дамытуға 120 миллиард теңге бөлініп отыр.

– Медицинаның қолжетімділігін қамта­масыз етіп, сапасын жақсарту барысында ең алдымен кадр мәселесін шешуіміз керек, – деді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. – Қазіргі күні кейбір дәрігерлер маман кадрлар жетіспегендіктен, бір жарым жүктемемен жұмыс істеп жүр. Сондықтан алдағы уақытта жоғары оқу орнында грант бойынша білім алған түлектің жергілікті жерде үш жыл қызмет етуін міндеттеуіміз қажет. 

Құрылыс және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов көп балалы отбасы­ларға тұрғын үй салу мәселесі және ол пәтерлердің кімдерге берілетіндігі туралы түсінікті етіп айтып берді. Сондай-ақ елді мекендерді таза ауыз сумен қамту мәселесіне де тоқталды. Алдағы жеті жыл ішінде осы мақсатқа мемлекеттен 140 миллиард теңге қаражат бөлінбек. Бағдарлама жүзеге асқан кезде барлық елді мекен таза сумен қамтамасыз етілетін болады. Астана төңірегіндегі елді мекендерде де бірқатар түйінді жайлардың бар екендігі белгілі. Мәселен, Қосшы, Қоянды, Талапкер ауылдары. Ол жерлердегі қиын түйін шешімін тапқан соң облыс орталығына іргелес қоныстанған елді мекендердің мәселелері де мұндай жанашырлықтан қалыс қалмайды. 

Мұнан соң көпшілік тарапынан өздерін толғандырып жүрген сұрақтар қойылды. Алдымен сөз алған «Асыл аналар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әсел Базарбаева алимент мәселесін көтерді. Бұл бір қоғамдық дертке айналып кеткен жай. Сұрақ қоюшының айтуына қарағанда, нақты бір адамның алиментке қарызы 11 миллион теңгеге дейін жеткен. Көп балалы аналар да алименттерін өндіре алмай жүр. Бұл сұраққа Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова жауап берді. 

– Өңірлерді аралаған кезде жалпыға ортақ осындай сауалдар қойылуда. Мен таяу­да Жоғарғы сот төрағасымен кездестім. Ар­найы комиссияда мәселені қалай шешуге болатындығын ойластыратын боламыз. Шынын айту керек, бұл жерде табысын жасырып отырған адамдардың да бар екендігі белгілі болып отыр. Сондықтан таяу арада тиімді шара түрін ойластырамыз. 

«Nur Otan» партиясының хатшысы Фархад Қуанғанов бүгінгі кездесуде сөз болып отыр­ған барлық мәселелердің партия тарапынан қатаң бақылауға алынғандығын, ел игілігін молайтатын жайлардың жүзеге асуына көмек берілетіндігін тілге тиек етті. 

Екі күндік жұмыс сапарының алғашқы күні Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған жұмыс тобы Көкшетау қаласындағы «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы, «Аза­маттарға арналған үкімет» ком­мерциялық емес акционерлік қоға­мында, бірқатар мемлекеттік мекемелер мен ұжымдарда, кәсіпорындарда болып, халыққа әлеуметтік қолдаудың мәнін түсіндірді. Кездесу барысында еңбекақы, еңбек қауіпсіздігін сақтау, өндіріс көлемін арттыру, денсаулық саласының жұмысын жақсарту туралы мәселелер көтерілді.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan» 

Ақмола облысы