29 Наурыз, 2019

Бейбітшілік үшін болған бомбалау

1238 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұрынғы Югославия Одақтас Республикасының аумағындағы негізінен албандар қоныстанған Косовода жергілікті тұрғындарға қарсы жүргізілген соғысты ты­йып, оларды «этностық тазартудан» құтқаруды мақсат еткен НАТО күштерінің осы елді бомбалағанына 20 жыл толып отыр. 

Бейбітшілік үшін болған бомбалау

Балқан түбегінде ұйымдасқан осы мемлекет ежелден қиын тағдырлы елдердің бірі. Тарихына қысқаша шолу жасап өтетін болсақ, оған көзіміз жете түседі. Оның аумағы 350 жылдай Осман империясының қоластында болды, ал ХVІІ ғасырда солтүстік аумағы Аустрия-Венгрия империясына қарады. Сербтердің тілі де, діні де, ділі де орыспен жақын, туысқан халықтар. 1878 жылы Осман империясына қарсы орыс еріктілері қатысқан көтерілістің арқасында Сербия өз тәуелсіздігін алды. 1912-1913 жылдары ол Балқан түбегінде басқа елдердегі «сербтерді құтқару» сылтауымен орыс империясының қолдауына сүйеніп, өзінің аумағын ұлғайту мақсатындағы ұрыстар жүргізді. Соның нәтижесінде Косованы, Македония мен Черногорияның бір бөлігін өзіне қаратып алды. Сербияның күшейіп, жан-жағына көз аларта бастағаны басқа елдердегі ұлтшылдардың да қанын қыздыра түскен. Соның бірі, 19 жастағы босниялық серб Г.Принцип Сараево қаласына, өзінің қоластындағы елін аралауға келген Аустрияның эрцгерцогы Франс Фердинанд пен оның әйелі София Хотекті өлтірді. Бірінші дүниежүзілік соғыстың басталу себебі осы. КСРО тарихы бұл оқиғаға мән бергізбей, оны сыныққа сылтау деп оқытып келгенімен, нақ осы қанды оқиға үлкен соғысқа соқтырды. 

Алайда елдің қалың халқы сербтер тарапынан мұнда да шовинистік саясат жүргізіліп, басқа этностардың, соның ішінде әсіресе, мұсылмандардың рухани дамуына көп кеселдер келтірілген. Сондықтан да сербиялықтарға қарсы өшпенділік оты Югославия халықтарында ұзақ жылдардан бері өршіп жатты. Елдің көсемі И-Б.Тито өлгеннен кейін оның орнында қалғандар мемлекеттің тұтастығын сақтай алмады. Бұған социалистік жүйенің күйреуі, ұлттық өрлеудің күш алуы да көп септігін тигізді. 1990 жылы Югославия одақтас республикаларында болған сайлаудың нәтижесінде орталықсыздану мен ұлттық өрлеуді жақтайтындар жеңіске жетті. Осының өзі бір орталықты қалайтындармен қайшылықтарға соқтырып, ақыры саяси дағдарысқа ұласты. Сербия президенті, ұлтшыл Слободан Милошевичтің күшке сүйенген саясатына, қантөгістерге қарамастан 1991 жылы сыртқы демократиялық күштердің қолдауымен Хорватия, Словения, Босния мен Герцеговина және Македония республикалары бөлініп шығып, өз тәуелсіздіктерін жариялады. Югославияның атына ие болып Сербия мен Черногория ғана қалған еді, соңғыларында 2006 жылы болған референдумның шешімімен олар да тәуелсіз мемлекет болып кетті. Енді елді Югославия деп атаудың реті жоқ-ты, сондықтан қазір ол Сербия деп аталады. 

Косово Сербияның автономды өлкесі болатын. Мұнда тұратын негізгі халық албандар. Олар сербтер тарапынан жүргізілетін шовинистік саясатқа ежелден қарсылық білдіріп, дүркін-дүркін шерулерге шығып тұратын. Билік басына С.Милошевич келгеннен бері шовинистік саясат тіпті өршіп кетті. Ол 1989 жылы жалпы Сербия бойынша референдум өткізіп, автономияның құқықтарын барынша шектеуге қол жеткізді. Әрине, бұл косовалықтарды тіпті ашындырды. Олар қарсылық акцияларын ұйымдастырып, жаппай толқуларға шығып тұрды. 1991 жылы референдум өткізіп, 99 пайыз тұрғындардың қолдауымен тәуелсіз Косово республикасын да жариялаған. Өздерінің президентін сайлап, Косованы құтқару армиясын да құрды. Міне, осы кезден сербтер мен мұсылмандар арасында соғыс басталған. Югославия армиясының бейбіт тұрғындарды қырып-жоюға жол беріп жатқанын көрген әлемдік қоғамдастықтың ашынған үні қатты естіліп жатты. Милошевич ешкімнің қарсылығына қарамай, қанды әрекеттерін жалғастыра берді. Ақыры бұл іске 1999 жылы НАТО-ның араласуына тура келіп, жоғарыда айтқан бомбалау басталды. Оның нәтижесін жоғарыда жаздық. Сербия өкіметі БҰҰ-ның қарарымен келісуге мәжбүр болған соң бомбалау тоқтатылып, аймақты уақытша басқару халықаралық қоғамдастық ұйымына берілді. Осыдан кейін Косово парламентіне сайлау өткізілді. Одан әрі көпшілік дауыс алған партия президентті сайлады. 2008 жылдың 17 ақпанында Косовоның парламенті оны тәуелсіз мемлекет деп жариялады. Бұған Сербия жағы қарсы болғанымен, Гаагадағы Халықаралық сот 2010 жылдың 22 шілдесінде оны заңды деп тапты. Қазір әлемнің 100-ден артық мемлекеті оның тәуелсіздігін таныған. 

Жалпы өткеніне 20 жыл толған бұл оқиға Шығыс Еуропадағы жағдайды күрт өзгерткен қақтығыстың бірі болды. Албан халқына қарсы жүргізілген қырғын тоқтады. Артынан халықаралық трибунал Югославия қауіпсіздік қызметтерінің албан халқын қыруға бағытталған «адамзатқа қарсы қылмысының» болғанын растады. Әрине, НАТО күштері де тек әскери нысандарды ғана емес, азаматтық нысандарды да қосақ арасында бомбалаған. Соның кесірінен 1700-дей бейбіт тұрғын қаза тапқан, оның ішіндегі 400-ге жуығы балалар. Сонымен бірге 10 мыңдай адам түрлі жарақат алған. Ал Югославияның сол кездегі президенті С.Милошевич 2001 жылы ұсталып, Гаагадағы Халықаралық трибуналға берілді. Ол сот процесі барысында 2006 жылы жүрек талмасынан көз жұмды. Алайда Милошевичтің өлімі де әлемде біраз шу шығарды. Оның аурудан қайтыс болғанына күмәнмен қарағандар аз болмады. Аталған ақпарат тараған кезде Сербия мен Черногория үкіметі оны өз жерінде жерлеуден бас тартты. 

Бұл соғыс тек адам шығынын ғана емес, сондай-ақ аймаққа экономикалық дағдарыс әкелді. Сербиялықтар бомбалау процесі Югославия-Сербия экономикасына 29,6 млрд доллар шығын әкелгенін жазады. Себебі әуе шабуылдарынан 50 көпір, 89 зауыт-фабрика, 14 аэродром, 48 аурухана, 70 мектеп, 120 энергетика объектісі зардап шеккен. Жарты миллион халық жұмыссыз қалды. Осыншама құрбан, шығын және басқа да қайғы-қасірет кейбір саясаткерлер мен әскери офицерлердің тарихи күрмеуді шеше алмай, оны қайта оған от салып, үдетуінің кесірінен болды десек, артық емес. 

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»