29 Наурыз, 2019

Қазақстан жолы жалғаса береді

443 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақстан жолы жалғаса береді

Халил АКЫНЖЫ,

Түркі Кеңесінің экс-Бас хатшысы (Түркия)

Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес өкіметі құлаған тұстан мемлекет тізгінін ұстаған, кеңестік ақыл-ойды жеңіп шыққан сирек кез­десетін мемлекет қайрат­кер­лерінің бірі ретінде есімі тарих­қа алтын әріппен жазылатынына еш күмән жоқ. Себебі мемлекеттік және ұлт құру барысында прагматикалық түсінікке иек артып, елдің келешегі үшін қабылдаған нақты шешімдері өз жемісін берді. 

Жасаған әрбір қадамы келесі қадам­ның іргетасын қалады және соларды жеріне жеткізіп орындай білді. Ол соңынан ешқандай қиындықтарды қалдыр­­мауға тырысты. Мысалы, көпте­ген жаңа тәуелсіз республикалар арасын­да алғашқылардың бірі болып шека­ра­сын бекітті, яғни екі ірі көршісі – Ресей мен Қытай, сондай-ақ басқа да көрші­лес елдермен келісімге келіп, шека­расын заңды түрде шегендеді. 

Кеңес өкіметінен тәуелсіздік алға­нына көп уақыт өтпестен, халықара­лық қоғамдастықта бедел­ді орынға ие мемлекет құр­ып, түрлі этнос­­тық топтар ара­­сында мамыражай келі­сі­мі бар Қазақстан халқын қалып­тас­­тырды. Мұның бәріне қысқа мерзімде – 30 жылда қол жетті. 

Кеңес өкіметі тұсында Қазақ­станның қызығын Орталық көрген табиғи ресурс­тары шет­ел­дік технологиялар мен ка­пи­талдары арқылы халықтың игілігіне жұмсалып, елдің дамуы мен өркендеуіне бағытталды. Білім саласын дамыту және келешегін күшейту, мемлекеттің ертеңгі көшбасшыларын дайындау мақсатында «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асты. 

Н.Назарбаев зайырлы және демо­кра­тия­­лық мемлекеттік құрылымның негі­зін қалады. Ол өзінің барлық көрші­ле­рімен ынтымақтасып, екі алып держа­ва­­ның ортасындағы Қазақстанның қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етті. 

Н.Назарбаев Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымында негізгі рөлге ие болып, ЕҚЫҰ-ның негі­зін қалаушы ретін­де таныл­ды. Сондай-ақ Шығыс пен Батыс ара­сындағы мәселелерді оңтай­лы шешуге атсалысып, Қазақ­стан­ның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшесі атануына зор үлес қосты. Ақылды мем­лекет қайраткері ретінде көпте­ген келіс­­пеушіліктерді өзі көреген­дікпен шешіп отырды. Мәсе­лен, 2015 жылы Ресей мен Түркия арасындағы дағдарыс кезін­де араағайындық танытуда Қазақ­стан зор құрметке ие болды. 

Осының барлығы Қазақстан­ның Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың басшы­­­лығымен қол жеткізген жетіс­тік­­­тері. Әрине олардың бәрі тарих бет­терінде қалатыны анық. Әйтсе де, жетіс­­тіктердің арасынан түркі әлемінің бола­ша­ғын қалыптастыруға зор үлес қосатын Түркі кеңесінің құ­рылуын атап өту керек. Қазіргі таңда Түркі кеңесі өзіне мүше мемлекеттер арасында туризмді дамытудан бастап білім саласы мен тарихты ортақтастыру, көшпенділер ойыны, студенттер алмасу, ғылыми даму секілді салаларда ынтымақтастық орнату жолында үлкен маңызға ие болып отыр. Бұл тұрғыда Н.Назарбаевтың бас­та­масымен құрылған Халықаралық Түркі академиясы түркітілдес мем­ле­кет­тер арасындағы ынты­мақ­тас­тықты нығайтуға зор үлес қосып келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қай жағдайда да үлгі болатын әрекеттер жасайтын. Мем­ле­кет басшысы ретіндегі өкі­лет­тігін тоқтату және бұл мін­дет­ті халқы арқа сүйей алатын азаматқа тапсыру – түркітіл­дес елдер арасындағы алғаш­қы жағдай. Түркі әлемінде мем­лекеттің негізін қалаушының өкілеттілігінен өз еркімен бас тартуына бұдан басқа мысал жоқ. Дегенмен, бұл аяқастынан қабылданған шешім емес, ол мемлекеттің негізін қалаушы ретіндегі міндетін біртіндеп заң шығарушы органға және Премьер-Министрге берді. Өзінен кейінгі Президентті де алдын ала таңдағаны білі­­неді. Тек бұл шешімінің Конституция негі­­зінде болуын қадағалап, таңдаған үміт­керін алдымен Сенат Төрағасы етіп сайла­ды. 

Қазақстанда Мемлекет бас­шы­лы­ғы­на келген Қасым-Жомарт Тоқаев – бұл міндетке толықтай дайын адам. Ол бұған дейінгі атқарған қызметтеріне лайық болды. КСРО Сыртқы істер министрлігінің кеңсесінде жұмыс істеді. Табысты кеңестік дип­ломат ретінде елінің тәуел­сіздігінің алғашқы жылдарында құрылып жатқан Сыртқы істер министрлігінің тізгінін қолға алды. Үкімет басшысы, Сенат Төрағасы, тағы да Сыртқы істер министрі қызметтерін ат­қарды. Әр қызметіне адами оң ниеті мен еңбек­қор­лығы арқа­сында жет­ті. Өзіне тап­сы­­рыл­ған міндетті үлкен жауап­кер­шілікпен орындайды. Халықаралық аренада да жемісті еңбек етіп, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары лауазы­мында да болды. Барлық түркі әле­мінде мұндай халықаралық биіктікке көте­рілген тұлға жоқ.

Жаңа Президентке Қазақ мемле­ке­­тінің негізін қалаушы­ның қолдауы зор көмек болады. Елбасы «Nur Otan» партиясының және Қауіпсіздік Кеңесінің тө­р­аға­лары ретінде көптеген жыл­­дар бойы бірге жұмыс істе­ген әріптесіне білгенін үйрететіні күмәнсіз.

Қазақстанның жаңа Прези­дентінің негізгі міндеті – Нұр­сұлтан Назарбаевтың жолын жал­ғастыру. Бұл тұрғыда аймақ­тық ынтымақтастық маңызға ие, алайда халықаралық қатынастар да ұмыт қалмайды. Елдің дамуы да тоқтамақ емес. Түркі әлемімен ын­тымақтастық жалғасып қана қой­май, қарқынды дамитыны анық.

Өз елі мен түркі әлеміндегі зор беделі­нің арқасында Елбасы, түркі әлемінің ақсақалы атанған Нұр­сұлтан Назарбаев үшін өзі­нен кейінгі кезеңнің де маңызы зор. Ал оның Қазақстан секілді өсіп-өркендеген мемлекеттің негізін қалау қызметі басқаларға үлгі.

Мақаланы аударған Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»