29 Наурыз, 2019

Кешірім сұрауды талап етті

519 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мексика президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор жақында Испания Королі Фелипе VI-ға хат жолдады. Аталған хатта ол сонау 5 ғасыр бұрын испандықтардың байырғы Мексиканы жау­лап алу кезіндегі америкалық үндістерді өлтіргені үшін кешірім сұрауды талап еткен. 

Обрадор: «Бұл босқыншылық болды, онда көптеген әділет­сіз­дік­тер орын алды, қылыштар қарапайым халыққа жұмсалды», дей келе сол кезде қазіргі тілмен айтқанда адам құқықтарының бұзыл­ғанын алға тартып, халық­тың жөнсіз жапа шеккеніне, себепсіз және есепсіз қырыл­ға­н­ына Испания королінің жауап беруін сұрады. APF порталында жарияланған сөзінде Мексика басшысы: «Татула­са­тын уақыт жетті. Бірақ бірін­ші кешірім сұрайық», деген. Ал Испания тарапынан оған бірден бас тарту мағынасында жауап берілді. «Әлбетте, Испания мұндай кешірім сұрамайды», деп жазды Испанияның сыртқы істер министрі Джозеп Боррелл. Аргентинаға барған сапарында аталған министр: «Наполеон сарбаздарының Испанияға басып кіргені үшін Франциядан кешірім сұрауын талап етпейміз ғой», деп Мексика президентінің бұл сұрауы сәл негізсіздеу әрі таңданарлық іс екенін айтқан. 

Обрадор 1519 жылдың 14 наурызында испандық Конкис­тадор Хернан Кортес пен қазіргі Мексика жерінің байырғы халықтары арасындағы алғашқы шайқастың орнына келеді. Еheguardian сайты сілтеме жасаған туиттер парақша­сындағы видео жолдауында Мексика президенті адам өлімі мен құқықты таптау 1821 жылға дейін жалғасқанын жеткізген. «Осы уақыт ішінде мыңдаған адам ажал құшты. Бір мәдениет пен өркениетке басқа біреудің ұстаны­мын мәжбүрлікпен таң­ды», дейді ол. 

Мексика президентінің корольге жолдаған хатының маз­­мұ­­ны жұртшы­лыққа жария болып кетті. Соған қа­тыс­­ты Испания үкі­ме­ті оның көпке мәлім болғанына өкіні­шін білдіріп, дос­тық қарым-қатынасты ны­ғай­­туға үнде­ген арнайы жауап жазды. Жауап хатта: «500 жыл бұрын испан­дық­тардың қазіргі Мексика жеріне келуі заманауи көз­қа­растар тұрғысынан баға­лан­уы мүмкін емес. Бауырлас халық­та­рымыз әрқашан біздің ортақ өткенімізді агрессиясыз және сын­дарлы тұрғыдан, ортақ мұра­сы бар еркін халықтар ретінде қарастыра білді», делін­ген. Сондай-ақ Испания билігі президент Обрадордың хатына жазған жауабында заманауи Мексика аумағын жаулап алу кезінде испандықтар жасаған қылмыстарды, яғни осыдан бес жүз жыл бұрын өткен оқиғаларды қазіргі заман биігінен бағаламауға шақырды.

Ал Мексика басшысының айтуынша, аталған оқиғаның қандай зардап әкелгенін арнайы комиссия анықтауы қажет. Ол сонда ғана Испания кешірім сұрайтын шығар деген ойда. «Байырғы Мексика халқының басым бөлігі испандықтар келгеннен кейін, дәлірегі он жылдықтар бойы негізінен сол Еуропадан әкелінген аурулардан қайтыс болды», деген Обрадор құрылатын арнайы топтың зерттеуі арқылы 5 ғасыр бұрын бәрінің қалай болғанын, шын мәнінде қиянат жасады ма, жоқ па, белгілі болады деп сенеді. 

Мексика президенті Герма­ния секілді мексикалық үндіс­­тер­­­ді жазық­сыз қырғынға ұшырат­­­­қаны үшін Испанияның құн төле­уін, яғни репара­ция­ның (латын­нан аударғанда reparatio – қал­пына келтіру деген мағынаны береді, бұл – шабуылға ұшыраған мемле­кет­ке агрессия көрсеткен мемле­­­кет­тің құқықтық құжат­та анық­тал­­­ған көлеммен материал­­­дық шығынды өтеуі – А.Ш.) қарас­тырылғанын қалай­тын­дай. Неміс­тер елі Бірінші дүние­жүзі­лік соғыстан кейін Версаль бітім шарты бойынша талап еткен тарапқа 269 миллиард алтын марка, яғни шамамен 10 мың тонна алтын төлеуге тиісті болды. Репарациялық комиссияның шешімімен аталған сома 132 млрд-қа қысқартылды. Соның өзін Германия, Lifejournal-дың мәліметінше, 2010 жылы ғана өтеп біткен. Ал қазіргі таңда тұрақсыздыққа бейім экономикасымен Испанияға төлем төлеу тиімсіз екені анық. 

Осылайша Мексика сонау 500 жыл бұрынғы тарихи оқиға­ның әділдігін іздеп, мың­да­ған адамның өліміне кешірім сұратып, зауал үшін сауал тастайды және зерттеуді талап етеді. Ал қазақ даласында қолдан жасалған кешегі, орын алғанына бір ғасыр да өтпеген ашаршылықтың, онда­ғы зардап шеккен, қынадай қы­рылған бірнеше миллион халық­тың құнын кім сұрайды, кім өтейді?.. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»