29 Наурыз, 2019

Елеулі еңбекпен елеусіз жүрген жандар

551 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әлеуметтік көмек туралы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі жарияланғаннан бері жиі ауызға алынатын болды. Оған соңғы уақыттағы көп балалы аналарға қатысты жайттар қосылды. Мұның бәрі елдегі әлеуметтік жағдайдың түйткілді мәселелерін алға шығарды. Алайда, үнемі қоғам назарында жүрсе де, елеусіз қалып қалатын бір топ бар, бұл – әлеуметтік сала қызметкерлерi. 

Елеулі еңбекпен елеусіз жүрген жандар

Жақында Астана қаласы әкімді­гі­нің «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болдық. 1981 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан мемлекеттік мекемеде Үкімет тарапынан балаларды сауықтыруға бар­лық жағдай жасалған. Айта­лық, сенсорлық бөлме, арнайы Монтес­сори кабинеті, физиокабинет (ЛФК), логопед, психолог, дефектолог кабинет­те­рі, әлеуметтік-тұрмыстық бейімдеу бөлмесі, лекотека, кітапхана, арт-терапия кабинеті, музыкалық зал, тігін, шеберхана, қысқы бақ, ойын, спорт алаңы, дене шынықтыру залы, спорт алаңы бар. Ал ондағы мамандар медициналық, тұрмыстық, психологиялық, педагогикалық, эконо­микалық, құқықтық, мәдени, еңбек қызметтерін, яғни 8 түрлі әлеу­мет­тік қызмет түрін көрсетеді. 

Ерекше балаларға ерекше қызмет

Орталық директоры Серік Елемесұлы: «Қазір біз 280 адамға қыз­­мет көрсетеміз. Балалардың бас­ым бөлігі – ақыл-ой кемістігінің ауыр және терең деңгейіндегі жандар. Сон­дай-ақ 114 балада ДЦП диагнозы бар, яғни арбада отыратындар. 35 бала аутизм­ге, басым бөлігі талма (эпилеп­сия) ауруына шалдыққан. 30-ға жуық балада даун синдромы, көптеген бала­ның бір басында 2-3 диагноздан бар. Қызмет алушылардың жартысына жуығы өз еркімен тамақтана алмай­ды», дейді. Мұндағы ерекше бала­­­ларға ерекше қызмет қажет. Орта­лық­та осы қызметті дәрігерлер, медбике­лер, мұғалімдер, психологтар, логопедтер мен дефектологтар атқа­рады. Үшінші топта арнайы маман­дан­ған жоғары білімді және қызмет алушылардың күтімімен айналысатын арнайы маманданған білімі жоқ тәрбиешілер мен көмекшілер еңбек етеді.

Ақыл-ой кемістігі бар адамдармен жұмыс істеу берік жүйкені қажет етеді. Өйткені бұл – эмоционалды және психологиялық жағынан ауыр жұмыс. Біздің білетініміз осы екеуі ғана, алайда, осындай орталықта қызмет ету – физикалық тұрғыдан да ауыр. Жоғарыда атап өткендей, барлық қызмет алушылардың тең жар­тысы жүріп-тұра алмайды. Бірақ олар тамақ ішіп, таза ауада серуендеп, жуынып, тазалануы қажет. Осының бәрі қызметкерлердің мойнында.

Жер мен көктің арасындай жалақы

Екінші мәселе – жалақы. 1,5 мөлшерлемемен жұмыс істегендердің өзіне 64 мың теңге көлемінде еңбек­ақы төленеді. Оның 18 пайызы әртүрлі ұстап қалатын төлемдермен қызмет­кер­дің қолына жетпейді. Еңбек өтілі және арнайы маманданған білімі жоқ әлеуметтік сала қызметкерлерінің былтырғы 32 мың 800 теңге жалақысы биыл 42 мың теңгеге өскен. Оның өзі Мемлекет басшысының бастамасымен, Жолдаудағы нақты тапсырманың негізінде жүзеге асырылды. Еліміздің халықаралық деңгейдегі беделі мен халықтың әл-ауқаты азаматтарының әлеуметтік жағдайымен өлшенеді. Ал осы салада қызмет ететіндер елде­­­­­­гі ең төмен жалақыға жұмыс іс­тей­­­ді. Мәселен, осы орталықтағы стацио­­­нарлық бөлімнің мамандары тәу­лік бойы қызмет етеді. Ал күн­дізгі бөлімдегілер таңнан кешке дейін, яғни 10 сағат жұмыс істейді. Олар­дың қосым­ша табыс табатын тіпті мүм­кіндігі жоқ. Енді ойлаңыз, 42 мың теңге неге жетеді? Әсіресе, Астанада. Үй алу арман, шетелге шығу қиял, тамақ пен жолақыға жетсе жарады. АҚШ клиникаларындағы әлеуметтік қызметкерлердің жылдық жалақысы – 42-54 мың доллар аралығында. Сонда айына 1 млн 300-1млн 700 мың теңгенің арасында алады. Оны біздің әлеу­­меттік қызмет көрсетушілер жы­лы­­­­на да ала алмайды.

«Көп қызметкердің үй-жайы жоқ. Осы жағы алаңдатады. Қазір мемле­кет­­тік бағдарлама бойынша берілетін үйлерге қол жеткізгеннің өзінде ай сайын кемі 60-70 мың теңге төлеуі тиіс. Немесе үй қаржысының 20 пайызын жинауы керек. Ал бұл жалақымен миллиондардың басын құрау мүмкін емес», дейді С.Елемесұлы. Осы күні Астана қаласында 1 миллион теңгелік қаржылай сертификат беру жобасы басталды. Астана қаласы әкімдігі осы жобамен орталық қызметкерлеріне қаржы бөлуге дайын екенін жеткізген. Бірақ бұл жоғарыда айтқан 20 пайызды толық өтей алмайды, оған қоса ай сайын төлеп тұратын қаражат тағы бар. Сондықтан да қызметкерлер бұл сертификатқа қызығушылық танытпайтын көрінеді. 

Кеудеден кері итерген ведомстволар

Үшінші түйткіл. Орталық дирек­торының айтуынша, ондағы медби­­­келер мен мұғалімдер нақты министр­лік­терге қарасты медици­на­лық немесе педагогикалық қызмет­кер­лер қатарына жатпайды. «Биыл біздің мұғалімдерді тіпті Астана педагог­­тары­ның қатарынан шығарып таста­­ды. Қалалық білім басқармасы «Сіздер бізге қарамайсыздар» дейді. Меди­­циналық қызметкерлерімізді Ден­саулық сақтау министрлігінің қара­­мағындағы түрлі ведомство­лар ұйым­дас­тыратын семинар, практи­кум­дарға шақыр­майды. Мұғалім­деріміздің білік­тілігін көтере алмай­мыз. Астана қала­сының білім басқар­ма­сы толық ақпа­рат бермейді», дейді орталық бас­шы­сы.

Аутизммен күресудің жаңаша түр­ле­рі кең тарап келеді. Барлық сала күн сайын жаңарып келеді. Себебі талап солай. Қазіргі ата-аналар бала­­ла­рының қатарға қосылғанын, қалам ұс­тап, сөйлесіп, кітап оқып, жүру­ді үйренгенін, өз бетінше өмір сүре алатын деңгейге жеткенін қалай­­ды. Тамағы тоқ болса, аман жүрсе бол­ды деген дүние өткен шақта қал­ған. Мұның бәрін орталық қыз­мет­­кер­ле­рі­нен талап етеді. Заңды. Өйткені әр ата-ана баласының адам бол­ға­нын аңсайды. Дегенмен, орталық түзету­мен емес, қызмет алушылардың жағдай­ын қалыпты, төмендетпей ұстап тұруға бағытталған. «Солай бола тұра қызмет­кер­лердің кәсіби­лі­­гін шыңдауда шектеу немесе ке­дер­­гілер болмаса, осы талап­тарды да орындағымыз келеді», дейді С.Елемес­ұлы.

Осыншама түйткілдерге қарамас­тан орталықтың және ондағы мүм­кін­­­дігі шектеулі, түрлі диагноз­да­ғы қызмет алушылардың жетіс­тік­­тері жетерлік. Ел ішін былай қой­ған­да, Грекияда гиманстикадан 10 алтын, Ита­лияда 4 алтын, 1 күміс, Польша­да­ғы бүкіләлемдік ойындарда жеңіл атлетика­дан 3 алтын, 1 күміс, Жапо­ния­да конькимен жүгіруден 5 алтын ұтқан. Ал орталық бұрын қызмет алушы­ларды 3 жастан 18 жасқа дейін қабыл­дай­тын, биылдан бастап 29 жасқа дейін­гі түрлі диаг­но­зы бар аза­мат­­тарға да қызмет көрсе­те­ді. 

«Бұл – біздің еңбек»

32 жылдан бері осы орталықта табан аудармай еңбек етіп келе жатқан Ольга Евгеньевна мұнда екінің бірі қызмет етуге шыдай бермейтінін, балаларды жан-тәнімен жақсы көретіндер ғана жұмыс істейтінін жеткізді. Оның айтуынша, орталықтағы көптеген қызмет­керлер – балаларын жалғыз өсі­ріп отырған аналар. Сондықтан оларға тұрғын үй мәселесін қазіргі айлы­ғымен түпкілікті шешу мүмкін емес. Педагог қандай ауыр деңгейде болма­­сын, балаларының қоғамға қосыл­­ғанын, қоғамның оларды қабыл­да­ға­нын қалайды. Шетелдегі олимпиа­да­ларға балаларды алып барғанда байқағаны, олар мүм­кін­дігі шектеулі жандарға жылы, толерантты, қалыпты қарайды. Бізде қоғам бұл санатты әлі то­лық қабылдамайды. 

Ольга Евгеньевнаның айлығы аз, жұмы­сы ауыр, жауапкершілігі зор қыз­метке неге келгенін білгі­міз келді. Ол: «Балалар мені тар­тып тұрады. Көз алдымдағы бала­лар ән айтуды, өзі киінуді, билеуді үйренгенде мен ғажап күй кешемін, рахаттанамын», дейді. Бір бала қасық ұстауды үйренсе – жетістік, екінші бала сөйлескісі кел­се – жұмыстың же­місі, енді бірі жүруге талпынса – еңбектің жанғаны. Қам­қор жүректі мұғалім: «Бір бала өз аяғымен жүруді үйренді. Әлеу­мет­тік қызметкерлер олар­дың ата-анасын табады. Отбасына жетеді. Олимпиадада жүлдегер болдық. Бұл – біздің еңбек. Онда орталықтағы әрбір қызметкердің еңбегі бар», дейді. Менікі демей­ді. Әр баланың жетістігіне ортақ қуана біледі.

Берекелі ұжымға келіп, мере­ке­­лі күндер сыйлайтын ерік­ті­лер де бар екен. Олар осындағы қызмет алушы­ларға көтеріңкі көңіл күй ғана емес, сенбі-жек­сен­бі күндері қызмет­кер­лер­ге аз да болса демалыс сыйлап, бала­лар­дың таза ауада серуендеп, уақытты пай­далы өткізуіне атсалы­сады. 

Елеулі болсын десек... Жүйкеге салмақ түсіретін мұндай жұмыс­пен 60-63 жаста зейнетке шығу, кешіріңіз, оған жетудің өзі екіталай. Әлеуметтік сала­да еңбек ететін, әсіресе мүмкіндігі шек­теулі жандарға қызмет көрсе­­те­тін мамандардың зейнетке шығу жасын құқық қорғау орган­дары қызмет­кер­ле­рімен теңестіру қажет. Өйткені олар «погондылардан» көп болмаса, аз жұмыс істемейтініне аталған мекемеге барғанда-ақ көзіміз жетті. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»