Қазақстан • 31 Наурыз, 2019

Рудольф Нуреевтің сахналық костюмдерінің көрмесі өтеді

709 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәуірдің 3 мен 5-і аралығында Алматыда өтетін Ballet Globe Dance Festival ІІІ Халықаралық фестивалі аясында ХХ ғасырдың аты аңызға айналған бишісі Рудольф Нуреевтің ең танымал сахналық костюмдерінің көрмесі ұйымдастырылады.

Рудольф Нуреевтің сахналық костюмдерінің көрмесі өтеді

Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрындағы сахналық костюмдердің көрмесі – Рудольф Нуреевтің мерейтойына арналған фестивальдің негізгі іс-шараларының бірі. Нуреевтің костюмдері Францияның ұлттық қазынасы болып саналады: асыл маталар, қайталанбас сән үлгісі, таңдаулы кестелер және сахнада ұзақ уақыт қолданылуы оларды балет әлеміндегі жарқын, эмоциялық және талассыз құбылысты баяндайтын бірегей жәдігерлерге айналдырды.

ArtClassic және Ballet Globe Dance Festival III Халықаралық фестивалінің бас продюсері Ерлан Андағұлов: «Нуреевтің қуатты жойқын хореографиясы костюмдердің пішіміне де қатысты ерекше көзқарасты талап етті. Көрермен таңданып, ал бишінің қимылдары еркін болуы тиіс еді. Сондықтан Нуреевтің костюмдері ер адам мүсінінің сымбатын ерекше көрсетіп, билеген кезде еркін қозғалатын арнайы пішімді қажет ететін еді. Нуреевтің сахналық киімі әрбір жаңа партиясында іске асыратын балет дәстүрлерінің қисынды жалғасына айналды» дейді. Көрме қонақтарына әрбір жәдігердің тарихы мен ерекшеліктері туралы тәлімгерлік дәріс ұсынылады.

Абай атындағы МАОБТ ғимаратына қойылатын сахналық костюмдер көрмесімен қатар, фотограф Франсе Левьенің (Francette Levieux) Нуреевтің шығармашылығына, оның «Баядеркадағы», «Аққу көліндегі», «Ромео мен Джульеттадағы»  ең танымал партияларына арналған экспозициялары да қонақтардың назарына ұсынылады. Левье өз еңбектерінде бишінің ерекше дарынын, энергетикасы мен тартымдылығын ғажап сақтап қала алған, көрермендерге балет аңызының дәуіріне бойлап, 50 жыл бұрын әлемдік сахналарда қанат жайған ортаға сүңгіп кетуге мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, фестиваль бағдарламасы балет өнерін қадірлейтіндерді Ж.Коралли мен Ж.Перроның хореографиясындағы А. Аданның «Жизель» спектаклімен, композитор Л.Минкустың музыкасына балетмейстер Александр Горский қойған «Дон-Кихот» балетімен, сондай-ақ, заманауи хореографиядан алынған сюжеттермен қуантады.

Рудольф Нуреевтің мерейтойына арналған Ballet Globe III халықаралық фестивалі Алматы төрінде Париждің ұлттық операсының, Нидерланды би театрының (NDT), Венгрия Ұлттық Операсының, «Астана Опера» МОБТ-ның, Ресейдің Үлкен театрының, Женеваның Үлкен театры және Монте-Карло Балетінің этуальдары мен жетекші солистерінің басын қосады.

Алматыдағы Ballet Globe ІІІ Халықаралық фестивалінің құрметті қонағы – Нуреевке ең жақын адамдардың бірі, оның шәкірті, «Гранд-опера» жұлдызы, есімі аңызға айналған хореограф және Бордо Операсы балет труппасының жетекшісі Шарль Жюд. Оның қатысуымен фестиваль күндері шығармашылық кездесулер, фильмдердің көрсетілімдері және балеттен бірегей шеберлік сабақтары өтеді.

Фестивальді Францияның Алматыдағы Бас консулдығымен бірлесе отырып, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ArtClassic компаниясы ұйымдастырып отыр.