Аймақтар • 01 Сәуір, 2019

Жылыжайлар жетіспеушілігі елордада көкөніс бағасының көтерілуіне әкелді

816 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары елімізде жылыжай шаруашылықтарының біршама дамығаны белгілі. Соның нәтижесінде қияр, қызанақ, қырыққабат, сәбіз, пияз секілді дастархан мәзіріне күнделікті қажет болатын өнімдер бағасының жылдан жылға шарықтауына тежеу салынғандай болды.

Жылыжайлар жетіспеушілігі елордада көкөніс бағасының көтерілуіне әкелді

Дегенмен көктем келе көк­өніс бағаларының көтерілуі тағы да байқалып отыр. Әсіресе, сол­түстік өңірлерде, соның ішінде халық саны жылдан жылға артып келе жатқан Нұр-Сұлтан қала­сында қымбатшылық қалтаға сал­мақ салады. Міне, осындай кез­дері әкімдіктер тарапынан қолға алынатын қала базарлары мен сау­­да дүкендерін тексеру, баға­ның шарықтауына шектеу қою секілді жұмыстар биыл да қолға алынды. Дегенмен бұл бір реттік төтенше шаралар сипатында болғандықтан көкөніс бағаларын жүйелі төмендетуге нақты бір әсерін тигізе алмасы анық.

«Ел тұрғындарының ерте көктем уақы­тында қияр, қыза­нақ секілді өнім­дерге деген қажет­тілігін қамтамсыз ету үшін жылына 267 мың тонна жылыжай өнімдері өндірілуі керек. Әзірге біз бұл қажеттіліктердің 64 пайызын ғана жаба аламыз. Сондықтан өнімдердің бір бөлі­гін шеттен импорттауға тура келеді. Осы­ның бәрі бағаның көтерілуін тудырады. Бұл ретте бағаның көтерілгені үшін саудагерлер мен кәсіпкерлерге айып салу секілді шаралар аса бір тиімділігін бере қоймайды. Саудагерлер тексеру кезінде бағаны бір сәт­ке түсіргенімен, тексеру­шілер кетісімен қайта көтеріп жатады. Өйткені сұраныс бар, ал ұсы­ныс­тың мөлшері шектеулі. Демек, жылы­жай шаруашылық­тарын дамыту ісін әркез на­зарда ұстау қажет» дейді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсім­дік шаруашылығын дамыту стратегиясы басқармасының басшысы Алмат Қонақов.

Былтыр елімізде жаңа жылы­жай­лар салуға 8,5 миллиард теңге жұмсалған екен. Биыл қар­жы көлемі одан да арта түспек. Сондықтан әзірге, баға­ның шектен тыс көтерілмеуін әкім­ші­лік тұрғы­дан қадағалау, осын­дайға ұмтылатын қанағатсыз сауда­гер­лерді айыппұлмен шектеу секілді шараларға баруға тура келеді. Өйткені тұтынушы қара­пайым халықтың мүддесін қорғаудың басқа бір төтенше шарасы табылмасы белгілі. Мәсе­лен тұтынушылардың айтуы­на қара­ған­да, елорда базарларында қызанақ бағасы килосына 900-1000 теңгеге дейін саудаланатын болса, кейде тіпті 1400 теңгеге дейін шарықтап кететін тұстары бар. Міне, осындай кезде әкімдік тарапынан базарларға жүргізілетін рейдтердің тұтыну­шылар үшін пайдасы бар.

«Біз желтоқсан айында қызанақтар­ды килосына 400-600 теңгеден төлеп топ­тап сатып алсақ, қазір оның бағасы қымбат­­тап тұр. Сондықтан бізге де бағаны көтеру­ге тура келеді. Мәселен, қызанақ­тың баға­сын килосына 800 теңгеден сатып алатын болсам, оның бөлшек саудадағы бағасын 900-1000 теңгеден түсіре алмаймын ғой. Өйткені салық төлеуім керек, тасымал шығындары және бар. Егер күнделікті саудадан өз шығындарымды ақтап, отбасын асырайтындай табыс таппасам, онда не үшін сауда жасаймын?! Түптеп келгенде бағаны қымбат­татын біз емес» дейді қаладағы базарлардың бірінде еңбек ететін кәсіпкер Абадхан Мырзахметов.

«Астана» әлеуметтік кәсіпкер­лік кор­порациясы төрағасы­ның орынбасары Досбол Көшер­баевтың айтуын­ша, қияр мен қызанақ әлеуметтік ма­ңыз­ды тауарлардың қатарына жатпай­ды, себебі мұндай тауарлардың тізімін­де тір­келмеген. Сондықтан оны тұрақтан­дыру қорларынан сатып алудың өзі мүм­кін емес. Дегенмен, бұл мәселе жаңа қыры­­нан қарастырылу үстінде екен. Мау­сым кезіндегі көкөніс баға­ларын төмен­детуде сауда желі­леріне оны сатып алуға пайызсыз несие беру арқылы кәсіп­керлер­мен ке­лісімге келуге болатындай. Ал енді осын­дай шарамен жылы­жай шаруа­шы­лық­тарын да қамти­тын болса, әрине, мұның тиім­ді­лігі жоғарылай түсетін болады.

Тұрақтандыру қорының өкілі міне, осылай дейді. Бірақ бұл шараның өзі де түбегейлі бетбұрыс әкеле алмайды деген ойдамыз. Өйткені ерте көктем уақытында көкөніс жетімсіздігі бәрібір туындайтын болғандықтан, бұл шара бағаның көтерілмесіне толық кепілдік бере алмайды. Оның үстіне, базаршы мен дүкенші белгілейтін бағаны күндіз-түні кім аңдып отырады?! Нарық пен базар қашан да болсын бір ғана жайтты ескереді. Сатып алушы бар ма? Бар. Тауар жақсы өтіп жатыр ма? Өтіп жатыр. Ендеше бағаны неге көтер­меске?! Демек, басты мә­селе базарлар мен дү­кендерге келе­тін өнімнің өзін көбейтуде тұр. Мұнсыз мәселе толық және тұрақ­ты шешімін таба алмасы анық.

Қазақстандағы жылыжайлар­дың көбі оңтүстікте, оның ішінде Түркістан облысында орналасқан. Нұр-Сұлтанның маңайында да соңғы уақыттары салынған жылыжайлар бар. Мәселен Қарағанды облысында екі ірі жылыжай жұмыс істеп тұр. Одан босатылатын баға­­­ның өзі саудагерлер мен қар­апа­йым халық үшін қымбат тиетін секілді.

Қарағанды облыстық Ауыл шаруа­ш­ы­л­ығы басқармасы­ның өкілі Серік Әмірәлиннің айтуынша, қазіргі уақытта қияр­ларды жылыжайдан босату бағасы килосына 620 теңгені құрайды.

«Астанаға 15-20 тонна қияр, 15 тон­­на­ға жуық қызанақ саудалаймыз. Қыза­нақ­­тың бағасы әзірге белгісіз. Өйт­кені оны саудалау наурыз айының соңына таман басталады. Біздегі жылыжайларда өсірілетін өнімдер әдетте қымбаттау болып келеді. Себебі жылу мен жарықтандыруға едәуір шығын жұмсалады. Әрине, бұл бағалар импорттық көкөністер бағасына қарағанда бәрібір төмен. Біздегі жылыжай өнімдері өңірдегі халықтың сұранысын өтей алмайды. Сондықтан бәрібір импорттық көкөністерсіз болмайды» дейді ол.

Осыдан туатын қорытынды, елорданың маңайынан жедел­детіп ірі өнер­кәсіптік жылыжай салмай мәселе шешіл­мейді. Өйткені қала халқының саны жыл­дан жылға қарқынды түрде артып келеді. Сондықтан дәл осы ерте көк­тем кезінде аталған мәселенің де ушы­ға түсетіні анық. Биылғы көктемде бұл жағдай өзінің проблемалық сипа­тын анық көрсетті. Өйткені басқа өңір­лерде дәл Астанадағыдай баға көтерілуі байқала қойған жоқ. Мәселен хал­қы Нұр-Сұлтаннан да көп Алматы қала­сын алайық. Қала маңайында ірісі бар, ұсағы бар 94 жылыжай жұмыс іс­тей­­ді екен. Соның алтауы өткен жылы салынған. Алматы маңайындағы қияр­лар мен қызанақтарды жылыжайдан бо­сату бағасы килосына 400-450 тең­гені құрайды екен. Оның үстіне, Алматы Өзбекстан мен Қытайға жақын орналасқандықтан мұндағы импорттық тауарлардың бағасы да соншама қымбат емес. Яғни өнімдерді өндіру мен өткізу ісінде бәсекелестік қалыптаса бастаған. Сондықтан алматылық мамандар елордадағы көкөніс бағасы­ның шектен тыс көтерілуін негізінен «алыпсатарлықтан» туындап отыр деп санайтын көрінеді.

Мәселен, Текелі қаласындағы жылы­жай кешенінің атқарушы директоры Талғат Мұқанов өз өнімдерін Алматы қаласындағы «Алтын орда» базарына өткі­зетінін айтады. «Бізге осы базар жақын. Біз орта есеппен 400 тең­геден өткіземіз. Одан әрі бағаны көтергіміз келсе де, көтере алмаймыз. Өйткені жалпы базар бойынша баға төмен. Импорттық көкөністер бағасы да солай. Біз-ден қымбат бағаға өнімді ешкім алмайды. Ал Нұр-Сұлтанда көкөніс бағасы 1200-1500 теңгеге дейін шарықтауда деп естиміз. Демек, ара­дағы делдалдардың көп бол­ғаны ғой. Мұндай бағаның қалайша қалыптасып отырғанын түсіне алмадым» дейді ол.

Демек, елордадағы қияр мен қы­за­нақ­тың килосына 1400-1500 теңгеге дейін шарықтауы де­гені­міз – қолдан жасал­ған баға. Ал бағаның қолдан жасалуына ең бірінші кезекте жылыжайлар жеті­м­сіздігі түрткі болуда.