Кино • 01 Сәуір, 2019

«Bilte» бастамасы

683 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кино үшін басты мәселе – өз тауарын сату, маркетингті меңгеру екені бүгінгі күні айдан анық болып отыр.

«Bilte» бастамасы

Кино нары­ғында өткір қойылып отырған осы мә­селемен мүдделі жандар арнайы айна­лыспаса, режиссердің еңбегі еш, тұзы сор болғаны – болған.

Сөйтсе де қоғамның өсуіне керекті, көрермен талғамын жаңа сапаға көте­ретін көркем туындылардың негізгі қоз­ғау­шы күші коммерциялық фильмдер екені белгілі болды. Кино – қымбат өнер. Сапалы өнер үлкен қаржының қолдауымен ғана дүниеге келеді. Бұған биік өнерді жасайтын шығармашылық тұлғалардың да, қарапайым адамдардың да көзі әбден жетті. Ал талантты режис­­сер­лердің бә­ріне министрлік бөле­тін қаржы жете бермейді, ол үшін «Қазақ­фильмге» кезекке тұруы керек, кезегі келіп жеткенше шығармашылық шабы­тынан айырылып, пісіп-жетіліп тұрған ойы мен идеясы солғын тартып қалуы мүмкін.

Міне, осы жағдайдың бәрін сараптай келіп, өнер саласында еңбек етіп жүрген шығармашылық ұжымдарға инвесторлар тартып,  отандық және әлемдік кино нарыққа қазақстандық сапалы туындыларды ұсынуды мақсат еткен «Bilte invest» компаниясы отандық киноиндустрия саласымен бірлесе жұмыс істеуді қолға алмақ. Инвестициялық ком­панияның іргетасын көтерген құрыл­тайшыларының бірі қаржыгер, продюсер Едіге Қожахметтің айтуынша, бүгінгі күнге дейін қазақстандық кино мен шоу-бизнес нарығы ірі бизнес өкілдері мен инвесторлар тарапынан мақсатты түрде қолдау көрген жоқ. Өнер мен қаржы бір-бірімен тығыз бай­ланысты болса да, екеуінің аты қатар аталмады, ал аталғандай болса, ол тек бір жақты меценаттық тұрғыдан ғана бай­ланыстырылатын еді. Қазір нарық қа­лыптасып келеді, табыстылық тұр­ғысынан қазақстандық инвесторлар бұл салаға енді көңіл аудара бас­тады. Белгілі режиссер Сатыбалды Нарым­бетов те мұндай игі бастаманы қол­дай­тынын және еліміздегі киноиндустрия саласын дамытуда дәл осындай шара­лардың қолға алынып жатқанына қуа­нышты екенін білдірді.

«Bilte invest» компаниясы, коммер­ция­лық кинодан бастап, медиа және ойын-сауық саласына, тіпті ютуб жобаларына дейін инаестиция салуды көз­дей­ді. Қазіргі уақытта қазақстандық, малайзиялық және жапониялық инвес­торлар жобаларды жүзеге асыруға білек сыбана кірісіп те кеткен. Тәжірибе ре­тінде алғашқы киноға қаржы салынып, ол қазір прокатқа шығуға дайындық үстінде. Дәл бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрерменге жол тартатын фильм «Мама + Папа» деп аталады. Сондай-ақ, компания тек кино ғана емес, музыка саласындағы про­дюсерлерді, шоу-бизнес өкілдерін де серіктестікке шақырып отыр.

«Bilte invest» компаниясы коммерция­лық мақсатта құрылғанымен, жұмыс бабында ұлттық, адамзаттық құндылықтарды дәріптеуге, адамгершілікті, ізгі қадір-қа­сиеттерді үлгі тұтуға барынша мән береді. Сонымен қатар қазақстандық шоу-бизнес және киноөнімдерін экспорттау бойынша жүйелі жұмыс атқару жоспарланып отыр», – деді Едіге Қожахмет.

Қазақстан киносына қаржы салуға ықылас танытып отырған малайзиялық кәсіпкер Хайрул Назим соңғы жылдары біздің еліміздің кино өнерін қада­ғалап жүргенін, сондықтан талантты шығармашылық топтың әлеуетіне сенім білдіретінін, ал мұның өз кезегінде Малайзия мен Жапонияның, жалпы Азияның кино прокатында жақсы мүм­кіндік сыйлайтынын жеткізді.

«Bilte invest» биылдың өзінде бес кинокартинаға инвестиция салуды жос­парлап отыр. Оның ішінде таза Қазақстан нарығына арналған коммерциялық фильмдер және халықаралық нарыққа арналған фильмдер бар. Компанияның тағы бір құрылтайшысы Алжанбек Болысбекұлының пікірінше, қаржысын көпшіліктің рухани талғамын қалып­тастыруға жұмсаған кәсіпкер көп нәрсе­ден ұтады. Бұл бір жағы, осы саладан тұ­рақты табыс көргісі келетіндерге жақ­сы мүм­кіндік болса, ең бастысы, серіктес кә­сіпкерлердің қаржысы адам үшін ізгі, пайдалы мақсатқа қызмет етеді.


    АЛМАТЫ