Руханият • 02 Сәуір, 2019

Ауылын Алатауға арқалаған...

761 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Садық Құнанбаев – елу бес жылға жуық уақыттан бері туған елі мен жерін жан-жүрегін жарып шыққан ән-жырына арқау етіп келе жатқан ақпейілді азамат. Ол сонау «Мойынқұм жастарының вальсі» атты алғашқы әнімен-ақ көпшілікті ерекше елең еткізген еді.

Ауылын Алатауға арқалаған...
Құрманғазы атындағы қа­зақ Ұлттық консерватория­сын бі­тірген Сәкең содан бері екі жүзден аса әуезді әнді дүние­ге әкеліп, халықтың  шынайы құр­метіне бөленіп келеді. Мә­селен, қазақтың белгілі ақыны Жақсылық Сәтібековтің сөзі­не жазылған «Анама» жә­не та­ғы басқа онға жуық әні қа­зақ ра­диосының алтын қо­рын­да тұр. «Орамал» (сөзі Мар­фуға Айтқожинанікі), «Махаб­бат мерейі» (сөзі Мырзаш Тұрға­новтыкы) және сөзін өзі жазған «Сенің бейнең», «Ауылым», «Тұлпарсазым», «Туған жерім – Талдыөзегім» сияқты әндерін жұрт әлі күнге дейін елтіп тың­дайды, сүйсіне айтады.


Садық ағамыздың ақындығы да бар. Көп әннің әрін ашатын «тілін» де өзі жақсы тауып, еке­уін екпіндетіп қоса туындатып жібереді, ондайда әуен мен сөз әдемі жымдасып, жақсы жарасым тауып шырайланып шыға келеді.


Өткен жылдың аяғында «Өнер» баспасынан Садық Құнан­­баевтың  «Тұлпарсазда ауы­лым немесе Садықтың саз­ды әндері-ай»  атты әндер жина­ғы жарыққа шықты. Мұнда ком­позитордың жүзден аса әні нотасымен берілген. Ең алдын­да көңіл аударып, көш бас­тап тұрғаны – «Тәуелсіздік – ұлы күн!», одан кейін «Туған елім – Қазақстан»,  «Астана – әнім ме­нің», «Айналдым Алма­тым­нан» деп жалғасып  кете барады.


Жинақтың бас жағында Са­дықтың әндеріне кезінде ыстық ықыласын, жылы лебізін білдірген әдебиетіміз бен өнеріміздің  Би­бігүл Төлегенова, Шерхан Мұр­таза, Қадыр Мырзалиев, Нұрғали Нүсіпжанов тәрізді тұғыры биік тұл­ғаларының сөздері кел­ті­ріліпті.


Қалың қазақтың қай­ран Қадыры «Бұл жігітті мен көп жылдардан бері білемін. Маған келгенде, алдымен өлеңін көр­сететін. Ән жазатынын кейін білдім. Алғашқы кітабы − «Менің  Мойынқұмым». Сол кітабына кезінде қолтаңба беріп, бір ауыз өлең жазғаным рас – «Құнан­баевтар қатарында тұр­ғаның –қандай жақсы, бауырым!».


«Садық-ау, тыңдадық қой 

әніңді мың,
Айтайын өлеңіңнің тәуірлігін.
Ауылын Алатауға арқалаған,
Бір ұлы сендей болсын 
Мойынқұмның!


13 тамыз, 2010 жыл, Алматы қ.» деп жазыпты өзінің ақ тіле­гінде.

Бұл әсем сазды  әдемі әнін әр жүрекке жетелеп жеткізіп жүрген өрісті өнер  иесі Садықтың шы­ғармашылығына берілген ла­йықты баға болар деп ойлаймыз.

Берікбай ҚАДЫҚОВ,


журналист 


Алматы облысы, Қарасай ауданы