Ал бұл жолы ҰҒА академигі кезекті есебінің шешімін тапқан Сүлеймен Демирел атындағы университеттің 1 курс студенті Жәния Кеңесоваға 100 АҚШ долларын ұсынды. Академиктің жасырған есебі – азайту амалының тепе-теңдік дәрежесін есептеу болса, Жәния сол есептің бесінші дәрежелі тепе-теңдігіне шешім тапты. Азайту амалының келесі заңдылығын табуға академик 500 АҚШ долларын тігіп отыр.
– Мен жастарға тапсырған есептің бірде-біреуінің шешімін білмеймін. Сондықтан оны жастарға жасырамын. Жалпы, есептің шешімін табуға әрқалай уақыт кетеді. Жәния Кеңесова бұл есептің шешімін бір аптаның ішінде тапты. Бірақ жеңілдеу болсын деп тапсырманы аса қатты қиындатпадым. Мақсатым – балалардың ізденіске деген құштарлығын арттыру, бұл азайту амалының заңдары ғой. Барлығы қосу амалдарын көбірек біледі, азайту амалын ешкім зерттемеген. Соны балаларға әдейі бердім, көрсін деп, үйренсін деген ниетпен. Есепті шешуге он шақты бала бақ сынап көрді, ал осы қызымыздың ұсынған шешімі жаңа заңдылық болды, бесінші дәрежелі тепе-теңдіктің шешімін тапты, – дейді академик.
Ол соңғы жылдары жастардың математика ғылымына қызығушылығы төмендегеніне ғалым ретінде қынжылатынын айтады. Сондықтан жастарды құлшындыра түсу үшін осындай байқау ұйымдастырып, өз есебінен ынталы, талантты студенттерге арнайы сыйлық тағайындауды жалғастырып келеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ