Руханият • 04 Сәуір, 2019

Алматыда Халықаралық джаз фестивалі басталды

728 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы қаласында 18 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Халықаралық джаз фестивалі басталды.

Алматыда Халықаралық джаз фестивалі басталды

4-7 сәуір аралығында Алматыда Халықаралық джаз фестивалі дәстүрге сай Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өтеді. Бұл фестиваль осы бағытты жанымен сүйетін музыканттардың өз арасында «Халықаралық джаз мерекесі» деп те аталады. Жиырма жылға жуық өмірдерегі бар ауқымды ән-күй мерекесінде 300-ден аса музыкант өнер көрсеткен. Ал биылғы фестивальде қазақстандық тыңдармандар Израиль, Венгрия, Австрия, Польша, Түркия, Германия және Франциядан келген топтар мен жекелеген әншілер өнерін тамашаламақ. Джаз фестивалінің сахнасында қазақстандық топтармен бірге Almaty Jazz Youth Band мектеп оркестрі де орындаушылық шеберлігін көрсетеді. «Біз Қазақстанның сахнасында, сіздердің Алматыдай ғажайып шаһарларыңызда өнер көрсететінімізге, сіздермен бірге музыка әуенімен бірге тербелетінімізге әлі сене алмай тұрмыз», – дейді израильдік джазмен Гай Минтус.

Фестиваль аясында шетелдік қонақтардың қатысуымен тегін дәстүрлі шеберлік сағаттары өткізіледі. Айта кетсек, 4 сәуір күні Польша мен Түркиядан келген музыканттар, 5 сәуірде Франция мен Израиль, 6 сәуірде Германия мен Австрияның джаз әртістері өнер көрсетіп, ал 7 сәуірдегі концерттік бағдарламаны Қазақстан, Венгрия және Америка музыканттары мен топтары түйіндемек. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп келе жатқан фестивальдің басты ұйымдастырушылары Алматы джаз мектебінің директоры Тагир Зарипов пен жобаның менеджері Қарлығаш Мақатова.


АЛМАТЫ