Аймақтар • 04 Сәуір, 2019

Балқаш тұрғыны пәтерінде лашын ұстайды

1361 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Балқаш қаласының тұрғыны көпқабатты үйдегі пәтерінде лашын ұстайды. Табиғатта сирек кездесетін жыртқыш құстың бұл түрін ол республикалық «Қыран» федерациясының рұқсатымен Түркістан облысынан әкелген.

Балқаш тұрғыны пәтерінде лашын ұстайды

Құс иесі Жұмағазы Мұхаметжанов «Садақ, арбалет және дартс тарту  федерациясы» қоғамдық бірлестігінің Балқаш қалалық филиалының директоры, садақ атудан спорт шебері. Өзі жергілікті №9 қазақ орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.

«Лашын – текті құс, азаттықты жаны сүйеді. Мұндай құсты қолға үйрету – қиынның қиыны. Тазалықты жақсы көреді, тек қана жас ет жейді, – дейді ол. – Мұны асыраған адам да шылым мен ішімдікке жоламайтын, балағат сөз айтпайтын таза болуы керек».

Құсбегілер арасындағы республикалық жарыстарға үзбей қатысып жүрген Жұмағазының алдына қойған мүбәрак мақсаты бар. Осы лашынды қолға үйрету арқылы ол қалада өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойында аң-құсқа деген сүйіспеншілікті, құсбегілік өнерге деген қызығушылықты оятсам дейді.

Балқаштық мұғалім бір жарым жастағы құсына «Көкдауыл» деп ат қойған екен. Қолы қалт еткен кездері ол лашын құсын өзі еңбек ететін мектептің ауласында баптап, түрлі пәрмендерге бағынуды үйретеді. Мұны көріп, қызықтаған оқушы балалардың қатары күннен күнге көбейіп келеді.


Қарағанды облысы