Әлем • 09 Сәуір, 2019

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі: Достықты нығайтуға ниеттіміз

1374 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер таяуда журналистерді жинап, еркін форматта сұхбат берді.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі: Достықты нығайтуға ниеттіміз

Уильям Мозер өз сөзін: «Екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ниеттіміз. Біз Қазақстанды қолдап, өзара қарым-қатынастарымызды ны­ғайту ісін жалғастырғымыз келе­ді. Осыдан 20 жыл бұрын Алматы қаласындағы елшілікте жұ­мыс істеген едім. Содан бері бай­­қағаным, осы уақыт ішінде Қаза­қ­­стан үлкен табыстарға қол жеткізді. Мен елдің жетістіктеріне өте қуаныштымын, өйткені бұл – маңызды әрі айтарлықтай өр­леу», деп бастады.

Одан әрі У.Мозер елшілікте атқарылып жатқан жұмыстар­мен және жаңалықтарымен бө­ліс­ті. Ол алдағы аптада Алматы қаласының әкімімен кездесуді жоспарлап отыр екен. Өйткені онда жаңа консулдық салу ниеті бар көрінеді. «Бұл біз үшін өте маңызды. Құрылыстың уақыты жер теліміне қатысты келіссөз­ді бекітуге тікелей байланыс­­ты», деді елші. У.Мозердің сөзіне қарағанда, жаңа ғимараттың құрылысы шамамен үш жылға созылуы мүмкін. Алматыдағы АҚШ-тың консулдығы екі кең­седе орналасқан. Ал бөлек ғима­рат­тың болуы америка­лық заңнама талаптарына сай келе­ді. «Алматыда екі кеңсеміз бар. Біріншіден, жер сілкінісі болса, қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмаймыз. Жалпы, бізге артылған нақты қауіпсіздік ережелері бар, бірақ өз ғимаратымыз болмағандықтан, бұл талаптарды сақтай алмай отырмыз», деді ол.

Біз елшіден «Елбасы Н.Назар­баев АҚШ президенті Д.Трамп­пен кездесті. Бұл кездесу екіжақты ынтымақтастықты арттыруға қаншалықты септігін тигізді?» деп сұрадық. Сауалымызға орай елші: «Қос мемлекет басшы­ларының Вашингтонда кездесуі өзара қатынасты жаңа деңгейге көтерді. Өйткені онда екі ел арасындағы достықты нығайтуға септігін тигізетін жаңа бастамалар сөз болды», деді.

«Сол кездесуде Н.Назарбаев АҚШ президентіне Қазақстанның америкалықтар үшін визасыз тәртіп енгізгенін және сондай кері реакцияның АҚШ тарапынан болатынына үмітті екенін жет­кізген еді. Бұл жөнінде не айта­сыз?» деген сұрағымызға ол: «Бұл – АҚШ заңның көптеген мәсе­лелеріне қатысты дүние. Бұл орай­да Қазақстан тарапының орын­дауы тиіс бірқатар талап­тар бар. Сондықтан визасыз тәртіп мәселесі жақын уақытта шешіл­мейді. 2018 жылы қазақстандық 20 мың адам 10 жылға виза ал­ған. Азаматтары мұндай көлем­де виза алған басқа елді тауып көрі­ңізші...», деп жауап берді.

Соңғы уақытта Қазақстан би­лі­гінде елеулі өзгерістер болды. У. Мозер мырза бұл туралы: «Қа­зақ­стан билігінде тұрақтылық бар. Біз елде билік транзитінің қалыпты әрі бейбіт түрде өткенін жоғары бағалаймыз. Меніңше, Қазақстан осы тұрақтылығымен мақтануы керек», деді.

Елшіліктің жемісті жұмыс­тарының бірі ретінде тіл үйрететін бағдараламалар айтылды. «Бізде студенттерге, оқушыларға, ма­ман­­дарға арналған тіл курс­тары­мыз бар. Айталық, журналис­терге арналған тіл үйрететін бағ­дар­ламамыз жұмыс істейді. Біз жыл сайын АҚШ-қа 150 қазақ­­стандықты жолдамамен жі­бе­­реміз. Қазақстанның әр қала­сын­да біздің курстарымыз ашы­лған. Ел үшін тиімді бағ­дар­ла­мал­арды бұдан әрі қарай да жал­ғастыра береміз», деді У.Мозер.

Бұдан бөлек, елшілік қазақ­стандық шекарашылар мен әскери қызметкерлерді біліктілігін арттыру мақсатында оқытқан. «Біз қазақстандық шекарашыларды шекара аумағындағы және сол аймақтағы сауда-саттық қауіп­сіздігін сақтау бағытында кәсі­билігін шыңдауға көмектесу үшін оқыттық. Қазақстан қазір Ливанда дипломатиялық-әске­ри тұрғыда бітімгерлік бағыт ұста­нып отыр. Ал әскери қызмет­кер­лерге арналған бағдарла­ма­мыз жоғарыда аталған ұстаным мен миссияға лайықты қол жеткізу үшін қазақстандық әскерилердің біліктілігін арттыруға бағыт­талған», деді дипломат.

Ал әлеуметтік бағдарлама­ларға қатысты айтқанда У.Мозер қоғам­дағы маңызды мәселені қозға­ды. «USAID (U.S. Agency for International Development) агент­тігі Қазақстандағы ЖИТС-пен күресу мақсатында жұмыс іст­ей­ді. Бұл өте тиімді бағдарлама бол­ды, себебі Қазақстан аталған сыр­қатпен ауыратындарға және одан зардап шегушілерге кө­мек­тесуге мүдделі. Осы бағдар­ла­ма­ның арқасында Қазақстан ха­лық­аралық реабилитацияларды алып жатыр. Біз елдің туберкулезбен қарқынды күре­сіне де үлесімізді қосып келеміз», деді ол.

У.Мозердің алдында осы қыз­метті атқарған Джордж Крол­дың қазақ тіліндегі құттықтаулары мен ерекше үндеулері есімізде. Қазақ халқына жылы әсер қал­дыр­ған бұрынғы елшінің ізгі жолын жалғар ма деген ниетпен «Қазақ тілін үйренгіңіз келе ме?» деп сұрадық. Ол: «Әл­бетте, үйренгім келеді. Жан-жағым­дағы адамдардың бәрі қазақша сөйлеп жатқаны тілді үйренуге итермелейді. Біздің елшілікте ағылшын және қазақ тілдерін үйре­туге арналған тиімді әрі жүйелі бағдарламалар бар. Солар­­дың игілігін көру ниетім бар», деп жауап берді. Елші өзін жаңа дүние үйренуге, өзі жүрген елдің тілін меңгеруге үгіттеп жүрген қызметкерлері туралы да айтып өтті. «Қызметкерлеріміз­дің 80 пайызы – қазақстандық­тар. Олар жұмыстың негізгі бөлігін атқарады. Өйткені біз Қазақстанда немесе қандай да бір елде болсын жұмыс істегенде жергілікті азаматтардың күшін тиімді пайдалану жақсы нәтиже береді деп ойлаймыз», дейді У.Мозер.

«Қазақстанда тарихи әрі көрікті орындар жетерлік. Біз оны шетелдіктерге танытуға мүд­деліміз. АҚШ туристерінің немесе сол саланы жазатын журна­листерінің Қазақстанға саяхатын ұйымдастыруға деген ниетіңіз бар ма?» деп сұрадық елшіден. Ол: «Мынау өте жақсы сұрақ әрі керемет ұсыныс екен. Мен Мол­давада елшілік қызметте болға­нымда осы бағытта бағдарлама болды, ол туризмді жолға қоюға жәр­демдесті. Ал қазір қарап отыр­сам, шынында Қазақстанда он­дай жоба жоқ екен. Алда мұн­дай мүмкіндікпен екі елдің дос­тық қарым-қатынасы мен бір-бі­рін жақынырақ тануына себеп­кер болсам, мен үшін бұл үлкен құр­мет болар еді», деп жауап берді.

Сұхбат соңында У.Мозер ел­ші­­­лік­тегі киіз үйді көрсетті. Ол: «Маған қазақтың өнері, қазақ ас­ха­насы ерекше ұнайды. Оның ішін­де, ет тағамын ерекше жақ­сы көремін. Наурыз мей­ра­­мы ке­зін­де ұлттық киім киген адамд­ар­дың тартымды би мені шат­тыққ­а бөледі. Келе­сі нау­рыз­да Қазақ­стан­ның басқа да қала­ларында, айталық Шым­кентте болғым келеді», дейді АҚШ елшісі.