24 Сәуір, 2012

Сынақтан күтеріміз көп

269 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сынақтан күтеріміз көп

Сейсенбі, 24 сәуір 2012 7:16

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің жеке құрамын кезектен тыс аттестаттаудан өткізу  мәселесі бүгінде кең талқылануда. Сақшылар қыз­метін ілгері дамытатын мұн­дай бастамалар мен  түбегейлі өзгерістер келешекте заңның бұзылуын, қағидатсыздықтың орын алуын болдырмау ниетінде міндеттелгені аян.

 

Сейсенбі, 24 сәуір 2012 7:16

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің жеке құрамын кезектен тыс аттестаттаудан өткізу  мәселесі бүгінде кең талқылануда. Сақшылар қыз­метін ілгері дамытатын мұн­дай бастамалар мен  түбегейлі өзгерістер келешекте заңның бұзылуын, қағидатсыздықтың орын алуын болдырмау ниетінде міндеттелгені аян.

Ағымдағы жылдың 8 сәуі­рінде Елбасы «Қазақстан Рес­пуб­ликасы құқық қорғау орган­дарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жарлыққа қол қой­ғаны белгілі. Аттестаттаудан кейін полицейлердің еңбек­ақы­сы мен әлеуметтік кепілін кө­бейту мә­селесі де қаралуға тиіс. Қайта ат­тестаттау әр полицей алды­на қойылған талабы мен лауа­зымына жауап беруі тиіс дегенді білдіреді. Оған поли­цейлердің кәсіби дағдысы, білім деңгейі мен дене  тәрбиесі дайындығы да сай бо­луы шарт. ІІБ-нің әр қызметкері теория­лық және дене тәрбиесі дайын­дығы бойынша емтихан тап­сыру­мен қатар, атқарып отыр­ған лауа­зы­мына сәйкес психо­логиялық және мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау үшін бірқатар тест тапсы­ра­тындығы – өте құптарлық іс.

Кең көлемде жүргізілгелі отырған бұл шараны кадрлық саясатты нығайту, еліміздің ішкі тұрақтылығына, құқық тәрті­біне, заңның сақталуына жауап­ты адамдардың кәсіби деңгейін жетілдіру мақсатында қолға алын­ған маңызды қадам деп білемін. Қазақстан қоғамы бұл ат­тестаттауды жалпы полиция қыз­метін шын мәнінде тиімді ету­­ге, ел ішінде құқық қорғау ор­гандары қызметкерлерінің мәр­тебесін көтеруге мүмкіндік беретін уақыт талабы деп қабыл­дауда. Ішкі істер саласы ақыл-ой өрістің жоғарылығын ғана емес, сондай-ақ азаматтық және құқықтық толығуды талап ететін қызметтің ерекше түрі. Был­тырғы жылы еліміздің бірқатар қалаларында орын алған ке­леңсіз оқиғалар өз міндетін ат­қаруда дайын емес болып шық­қан кейбір полиция қызмет­кер­лерінің кәсіби және психоло­гиялық деңгейін байқатты. Іріткі салушы ойы бұзық қылмыс­кер­лермен күресуге, жалпы қарулы қақтығысқа дайындық тәжірибе­сінің жоқтығы – тәуелсіз елдің тыныштығына жауапты қызмет өкілдері үшін үлкен кемшілік.

Сөз етуге көңіліміз соқпаса да, БАҚ арқылы елдегі кей ке­леңсіздіктерден хабардар болып отырмыз. Соның бірі, полиция қызметкерлері жазым болған оқиғалардың денінде, сараптама көрсеткендей, қорғанудың қара­пайым ережелерін сақтама­ған­дық­ жатыр. Оның сыртында елмен тығыз байланыстағы, тәртіп пен тыныштық күзетінде жүр­ген әрбір қызметкер  үшін маңызды мінез – төзімділік пен байсал­дылық, өзін өзі ұстай білу қа­сиеттері бүгінгі құқық қорғау ор­ганы қызметкерлерінде аза­йып бара жатқандай.

Кадр саясаты әрқашанда бас­шылық құрам мен қол астын­дағылардың, мемлекеттік құры­лымдар мен атқарушы биліктің,  ең бастысы халық пен олардың құқығы мен бостандығы сеніп тапсырылып, оларды қорғау қа­тарында тұрғандардың арасын­дағы өзара қарым-қатынастың күр­делі тізбегінде маңызды бө­лігі болған және болып қала бермек. Әрине соңғы кездері ішкі істер органдарына кездейсоқ, пайдакүнем  адамдардың ену деректері орын алып жатқандығы ешкімге құпия емес. Өз өкілет­тігін асыра пайдаланып, теріс іс-әрекеттермен, полиция қызмет­керлеріне жат қылықтармен көзге түсіп жүрген деректер сол біліктіліктің төмендігінен туын­дауда. Жеке құрамды аттестаттау іріктеудің, курсанттарды, офи­церлерді, сержанттар құрамын оқытудың жаңа тиімді талап­тарын анықтауға мүмкіндік беріп қана қоймай, өмірлік ұста­нымдары жеке қара бастарының қамын ойлайтын, арам ниеттерін жүзеге асыру үшін келген қызметкерлерден полицияның қатарын тазартуға да мүмкіндік береді.

Болашақ полицейлерге қо­йыла­тын талаптар негізді әрі аса қажетті болғаны жөн. Бүгінгі курсанттардан, ертеңгі полицейлерден қылмыстың ашылуы, құқық бұзушылықтың алдын алу сапасы жоғары деңгейде талап етілетін болады. Мұның бәрі жалпы алғанда еліміздегі тұрақтылыққа  тікелей байла­нысты. Менің ойымша, кезектен тыс аттестаттау қызметтік, дене шынықтыру  және жауынгерлік даярлықты жетілдіру бойынша кадр аппараты жұмысындағы әлсіз тұстарды анықтауы тиіс, бұл өз кезегінде міндеттеріне атүсті қарайтын қызметкер­лер­ден арылуға мүмкіндік береді. Ал құқық қорғау саласына кездейсоқ келіп қалған азаматтар өз кезегінде басқа саладағы қызметтерде өз білімдерін, күш-қуаттарын толықтай көрсете алуы мүмкін.

Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың профессоры.

АЛМАТЫ.