05 Мамыр, 2012

Ел сенімі ақталса

255 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел сенімі ақталса

Сенбі, 5 мамыр 2012 7:36

Құқық қорғау қызметі ел тыныштығының кепілі болумен қатар, қарапайым халықтың сенім артар тірегі де. Себебі, адамдар арасында қандай да бір түсінбеушілік жағдай туындай қалса, міндетті түрде құқық қорғау қызметіне жүгінетіні ақиқат. Тіпті, ауылдық жерлердің өзінде бұзақылар бір-бірімен қағысып қалса, учаскелік полицияға барып, мәсе­лені шешеді. Сондықтан, әрбір құқық қорғау­шы өте сауатты, мәдениетті және елмен дұрыс тіл табыса алатын білікті де білімді маман болуы тиіс.

Сенбі, 5 мамыр 2012 7:36

Құқық қорғау қызметі ел тыныштығының кепілі болумен қатар, қарапайым халықтың сенім артар тірегі де. Себебі, адамдар арасында қандай да бір түсінбеушілік жағдай туындай қалса, міндетті түрде құқық қорғау қызметіне жүгінетіні ақиқат. Тіпті, ауылдық жерлердің өзінде бұзақылар бір-бірімен қағысып қалса, учаскелік полицияға барып, мәсе­лені шешеді. Сондықтан, әрбір құқық қорғау­шы өте сауатты, мәдениетті және елмен дұрыс тіл табыса алатын білікті де білімді маман болуы тиіс. Осыған байланысты ел Президенті «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының бас­ты бағыты» атты Жолдауында еліміздегі құқық қорғау орган­да­рының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы айтқан болатын. Елбасының бұл сөзі шынымен-ақ қоғам дамуы үшін, құқық қорғау органдары үшін шешімін табу керек мәселе болып келген. Мұны талдаған зиялы қауым да аттестаттаудан өткізуді жеделдетіп қолға алу керек екенін де айтып жүрген болатын. «Халық сұраса, хан түйесін сояды» демекші, Елбасы айтып, елі қолдаған бұл сынақ күшіне енді. «Қазақстан Рес­публикасы құқық қорғау органдарының қызмет­кер­лерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу туралы» Жарлыққа қол қойылды.

Бұл кезектен тыс аттестаттаудың мақсаты қан­дай дегенге тоқталатын болсақ, бұл бизнес пен қоғам­ның қолдауына жауап беретін қазіргі заманғы құқық қорғау жүйесін құруға арналған кадрлық әлеуетті қалыптастыру болып табылады. Сөйтіп, құқық қор­ғау саласының атына жаманат келтіріп, күйе жақ­ты­рып алып, беделін түсіріп жүрген кейбір қызмет­керлердің қызметіне сай еместігін анықтап, мамандар арасын тазарту. Сонымен бірге, адал және кәсіби қызметкерлерді іріктеудің тиімді тетіктерін құру, құқық қорғау органдарының кадр саясатын сапалы түрде өзгерту және оған халықтың сенімін арттыру.

Осыған байланысты жарлықпен Жоғары аттес­таттау комиссиясы туралы ереже, оның құрамы, Кезектен тыс аттестаттауды өткізу қағидасы және тиісті іс-шаралардың жоспары бекітілді. Құқық қор­ғау органдарының қызметкерлеріне кезектен тыс аттестаттауды өткізу кезінде аттестаттаудан өтуші­нің қызметіне, оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтауына баға берілетін болады. Аттестатталатын қызметкердің адами бет-бейнесін айқындайтын оның кәсіби және жеке бас ерекше­ліктерін бағалауға ерекше назар аударылатындығы қатаң тапсырылды. Сондықтан, бұл нағыз білім­ділер мен біліктілердің сынағына айналмақ. Кезін­де бұқпантайлап өтіп кеткен қызметкерлер қақпа сыртына шығарылады. Өйткені, осы сынақты алу үшін сай тасындай жасақталған Жоғары аттес­таттау комиссиясы, орталық және өңірлік аттестаттау комиссиялары құрылып отыр.

Аттестаттаудың жүйесі де жеңіл-желпі өтем деушілерге ерік бермейді. Себебі, сыннан өткен әрбір құқық қорғаушы Қазақстан Республикасының заңнамасын білумен қатар және логикалық ойлау қабілетін компьютерлік тестілеуді, тиісті құқық қорғау органы қызметінің ерекшелігін ескере отырып дене шынықтыру, әскери және қызметтік даяр­­лық бойынша белгіленген нормативтерді тапсыруды, сондай-ақ психологпен әңгімелесуді бастан өткереді. Онымен қоса, қызметкермен Президент жанындағы Жоғары аттестаттау комиссиясы, не тиісті аттестаттау комиссиясы өткізетін әңгімелесу болып, тиісті шешім шығаруын қамтиды.

Сыбайлас жемқорлықпен табанды күресуді те­мір­дей тәртіпке айналдырған Елбасы бұл комиссия жұмысының да аяғын шалыс баспауын қатаң ес­керт­ті. Президент жанындағы құқық қорғау орган­дарының қызметкерлерін кезектен тыс аттестаттаудан өткізу жөніндегі жоғары аттестаттау комиссиясы туралы ережеде міндеттер айқындалды.

Мәселен, комиссияның міндеттерінде кезектен тыс аттестаттаудан құқық қорғау органдары бірінші басшыларының бірінші орынбасарларын және орын­басарларын, құқық қорғау органдары ведом­ство­лары басшыларын және олардың орынбасарларын, құқық қорғау органдары орталық аппа­рат­тарының департаменттері бастықтарын (Бас про­куратураның және Қаржы полициясының құзы­ре­тіне тіл саясаты, ақпараттық және құжаттамалық қам­тамасыз ету, мемлекеттік құпияларды қорғау мә­се­лелері кіретін департаменттерінен, сондай-ақ тыл­дық және қаржылық қамтамасыз ету департа­мент­терінен басқа), құқық қорғау органдарының ау­мақ­тық немесе оларға теңестірілген мамандан­дырылған бөліністерінің басшыларын және олар­дың орынбасарларын, құқық қорғау органдарының ведом­ство­лық жоғары оқу орындарының басшыларын және құқық қорғау органдарының орталық аппаратта­ры­ның республикалық аттестаттау комиссияларының құрамына кандидаттарды өткізу тапсырылған.

Міне, осылайша ең әуелі құқық қорғау саласын басқарып отырған басшылардан бастап, бүкіл қа­тардағы қызметкер де осы сүзгіден өтіп, өз білік­ті­ліктері мен білімін іс жүзінде дәлелдейді. Сонымен қатар, бұл сынақ құқық қорғау саласын тазартып қа­на қоймай, кәсіби шеберліктерін шыңдап, білім­де­рін көтеріп, жауапкершіліктерін арттырары сөзсіз. Бә­рінен бұрын елімізде сол сыннан сүрінбей өткен мық­ты да кәсіби мамандар ел ертеңі үшін аянбай ең­бек етіп, сауатты да адал жұмыс жасайтынына ха­лық сенім артып отыр. Осы сенім ақталса екен дейміз.

Ал бүгінгі таңда Қызылорда облыстық прокуратурасы органдарының 127 жедел қызметкерін аттес­таттаудан өткізуге дайындық жұмыстары жүр­гі­зілуде. Оның ішінде прокуратура органдарында жиырма жыл қызмет өтілі бар 9, сондай-ақ жаңа лауазымға кемінде бір жыл бұрын тағайындалған 11 қызметкер бар.

Сапарбек НҰРПЕЙІСОВ, Қызылорда облысының прокуроры,  аға әділет кеңесшісі.