18 Мамыр, 2012

Күдіктілерді құрықтағандар неге күрсінеді?

409 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Күдіктілерді құрықтағандар неге күрсінеді?

Жұма, 18 мамыр 2012 7:40

Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың атына жазылған Алматы облысы Райымбек ауданының тұрғындары қол қойған арызды арқалап, редакциямызға бір топ ата-ана келді. Әділет іздеп, әлекке түскен­дер қылмыс атаулыға қарсы тұрып, қоғам тыныштығының күзеті жолында ыстық-суыққа түсетін полиция қызметкерлерінің әке-шешелері екен. «Ұрыны ұстаймыз деп ұлдарымыз істі болды» деп әңгімені әріден қозғаған кісілердің арызы мен алты бірдей полиция қызметкерінің үстінен қозғалған істің бүге-шігесі төмендегідей.

 

Жұма, 18 мамыр 2012 7:40

Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың атына жазылған Алматы облысы Райымбек ауданының тұрғындары қол қойған арызды арқалап, редакциямызға бір топ ата-ана келді. Әділет іздеп, әлекке түскен­дер қылмыс атаулыға қарсы тұрып, қоғам тыныштығының күзеті жолында ыстық-суыққа түсетін полиция қызметкерлерінің әке-шешелері екен. «Ұрыны ұстаймыз деп ұлдарымыз істі болды» деп әңгімені әріден қозғаған кісілердің арызы мен алты бірдей полиция қызметкерінің үстінен қозғалған істің бүге-шігесі төмендегідей.

Жетісу жеріндегі мал ұрлығы соңғы кезде тыныш жатқан елдің түн ұйқысын төрт бұзып, соңғы бірер жылда респуб­­­ликалық басылымдар мен телеарналардан түспей келе жатқанына куәміз. Редакция­­мызға арыздана келген ата-ананың айтуынша, 2010-2011 жылдар аралығында Рай­ымбек ауданына қарасты Сарыжаз, Тасашы, Қарқара ауылдарының жайылы­мын­дағы жылқыға жаудай тиген ұрылар­ды індете іздеген аудан­­дық полиция қыз­меткерлері М.Сәлім­баев, С.Сатылғанов, А.Тағаев, Е.Сайрамбаев, С.Демеуов пен А.Жазаев жіптің бір ұшын шығарып, жекеменшіктің малын ұр­лады деген кү­дік­пен Тасашы ауылының тұрғындары А.Тәстеев, Е.Едігеев, Е.Азатов, Н.Шалабаев және К.Оқасов деген жігіттер­дің үсті­нен іс қозғайды. Аталмыш үш ауыл­дың 17 тұрғынына тиесілі 72 бас жылқы­ның дауы басталып, іс сотқа жөнелтіледі. Ірі қара­ның етін сойып сатумен айналысатын А.Тәстеев 11 бас жылқының иеле­ріне мал құнын өтеп беріп, өзі сотталып кетсе де, оған малды айдап әкелуші жі­гіттер қор­ғаушыларының кеңесіне сүйе­ніп «бізді полиция қызметкерлері мәж­бүр­леп мойындатты» деп қайтадан арызданады.

2011 жылдың 28 қарашасында Райымбек ауданының прокуратурасы осы арыз бойынша аудандық ішкі істер бөлімі қыз­­мет­­­керлерінің үстінен Қылмыстық ко­декс­­тің 308-бабы 4-бөліміне және 141-бабы 2-бөліміне сәйкес іс қозғайды. Артынша Алматы облыстық прокуратурасы по­лицей­­­лер­дің үстінен Қылмыстық кодекс­тің 346-бабы бойынша үшінші істі қоз­ғап, олардан күдікті ретінде жауап ала бастайды. Мал ұрлығына күдікті ретінде сотты бол­ғандар дереу «жәбірленушіге» айналып, ара­да 2 ай өткеннен кейін сот-медициналық сараптамасы оларға «дене жарақатының іздері бар» деген анықтама шығарады. 2011 жылдың 2-7 қараша ара­лы­­ғында дене жара­қа­тын алыпты-мыс деген Азатов пен Шала­баевқа 30 қараша күні, яғни 23 күннен кейін сараптама жасалса, 2011 жылдың 20 қыр­күйек күні ұрды деген Оқасовқа желтоқсан­ның 6-сы күні сараптама жасалады. Ал бұған дейін істеген қылмыстарын мойындап, алдын-ала тергеу ісі жүргізіліп жатқан кезде, яғни 2011 жылдың 22 қарашасында Е.Едігеев, Е.Азатов, Н.Шалабаев пен К.Оқасовқа жасалған кешенді сот-пси­хиа­­трия­лық сараптамасында үш бірдей сарапшы қол қойған Жалпы, тексеру және сома­тиялық жағдайы деген актіде күдік­тілер туралы «жалпы соматиялық жағ­дайлары қана­ғаттанарлық, денсаулықта­рына шағым айтпайды, денелерінде жа­рақаттар мен зақым­­даулар жоқ» деп көр­сетілген. Осы 3 сарапшы маманның дәле­лін прокуратураның талабына сай Тасашы ауылдық емханасының бас дәрігер мен фельдшері жоққа шығарып отыр. Артынша облыстық прокуратура «қылмыс жасалмаған, ұрлықтарды полиция қыз­мет­­к­ерлерінің қысымымен мойындаған» деген негізге сүйеніп Е.Едігеев, Е.Азатов, Н.Шалабаев пен К.Оқасовқа байланысты істі қысқартады. Бұл жерде тағы бір еске­рерлік жайт, күдіктіден жәбірленушіге айналып шыға келген жас жігіттердің дәлелдері негізсіз болып қана қоймай, олар кейіннен «біз қорғаушы мен туыстарымыз осылай жазыңдар деген соң арыз­дандық, полиция қызметкерлері бізді ұрып-соқпады» деген қолхат та берген. Кімнің қанша жылқы айдап әкелгені, Тәс­теевке жылқы сойысуға көмектескендері және әрбір айдап әкелген, сойған жылқы­сына қанша сомада ақы алып тұрғанын көрсетіп берген мойындаулары, қылмыс орнына барып және тергеуші алдында берген жауаптары бейнетаспаға түсі­рілсе де іс прокуратура тарапынан біржақты жүр­гізіліп отыр дейді ашынған ата-аналар.

Полиция қызметкерлері заңсыз қамау­­да ұстады және тергеу барысында қысым көр­­сет­­ті деп арызданушылар бір сөзінде сойыл­ған малдың бас-сирағы мен терісін іздеп ауыл сыртына барған жерде «атып тастаймын» деп тапанша көрсетті деген полиция қыз­­меткері ол күні қызметтік тапаншаны алмақ түгілі, күдіктілермен бір­ге ауыл сыртына бармағандығы анықтал­­­ған. Оның үстіне облыстық Ішкі істер басқармасының басты­­ғы, генерал-майор Ж.Халықұлының атына биылғы жылдың, яғни 2012 жылдың наурыз айының 19, 20, 26-сы күндері Н.Ша­лабаев, Б.Азатов және Е.Едігеевтің өз қолдары­­мен «біз­ді полиция қызмет­керлері ұрып-соққан жоқ, біз қорғаушы Я.Төкенов пен Е.Едіге­евтің әпкесі жауапкершіліктерің жеңіл­дей­ді деген соң жалған арыз түсірдік» деп жазған өтініштері де бар. Сонымен қа­тар, 2012 жылдың 11 қаңтарында Райымбек ау­­­дан­­­дық Ішкі істер басқарма­сының аға тер­геушісі, полиция капитаны Е.Иманқұлов осы даулы іске қатысты жалған сарапта­ма­лық анықтама берген Тасашы ауылдық ем­хана­­сының бас дәрі­гері мен фельдше­рінен жауап алады. Онда тайға таңба басқандай етіп бас дәрігер де, фельдшер де К.Оқа­совты тексер­­­гендерін, алайда ұрып-соқты деп айтса да полиция қыз­меткерлеріне ол жөнінде хабар берме­ген­дерін, бұл міндеті­мізге кіре тұра өз тарапымыздан кеткен салақтық болды деген куәлігі бар. Бұл екі дәрі­гердің жіберген тағы бір кемшілігі, олар К.Оқасов дене жарақатын алды дегенде нақты қандай көлемде жарақат алған­дығы да нақты­лан­баған. Осындай нақты деректерге қара­мастан, прокуратура тарапынан бұл іс полиция қызметкерлерінің бастарына бұлт үйіріп тұр.

Қалай десек те ұрлықтың болғаны ақи­қат. Бір емес сексенге тарта қылқұй­рық қол­ды болған. Ұрының да тұзақ­тал­ғаны, тексеру барысында қылмысты мойнына алғаны рас. Алайда, қылмыстық іс заңды шешімін табудың орнына, жетісу­лық құқық қорғау органдары өзара майдан ашып алғандай. Ішкі істер қызмет­керлері ұрыны ұстап, тергеуді тиянақта­ғанымен ол іс прокуратурадан әрі аспай, басқа арнаға ойысып барады. Қылмыстық іске нүкте қойып, шешім шығаруға тиісті сот орыны прокуратура мен полиция ара­сындағы даудың қай аймақта жүргізілуі керектігіне ғана төрелік жасауда. Талды­қорған қалалық соты барымташылардан басталған даулы істі анықтау үшін Райымбек ауданының орталығы Кеген ауылына көшпелі сот кеңесін аттандырды.

Малынан айырылып ұлардай шу­ла­ған ауыл тұрғындарының айғайы күн санап күшейіп бара жатпаса, басылар емес. Тыныш жатқан Жетісу елін алатайдай бүл­­­дір­ген ұрылардың араны тояр ма екен, әлде әділетті шешімін айтып, құ­зы­ретті орындар бұл істің нүктесін қояр ма екен?!.

Қанат ЕСКЕНДІР,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы,

Райымбек ауданы.