02 Маусым, 2012

Мәселе заңды білмеуден емес, оны сыйламаудан туындайды

378 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мәселе заңды білмеуден емес, оны сыйламаудан туындайды

Сенбі, 2 маусым 2012 8:28

«Елге ел қосылса – құт». Өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Оңтүстікке келген сапарында жақын жылдарда Шымкент қаласы тұрғындарының санын 1 миллионға жеткізу жөнінде тапсырма бер­гелі бері бұл аймақта үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Осыған байланысты шырайлы Шымкенттің шекарасы өзгеріп, қаламен іргелес жатқан Сайрам, Төле би және Ордабасы аудандарының біраз жері облыс ор­та­лы­ғы­ның аумағына өтті. Онсыз да көрші аудандардың кейбір ауылдары күн санап кеңейіп келе жатқан қаламен қосылып, мидай араласып кеткен еді. Сөйтіп, бұрын қаланың аумағы 39 мың гектар болса, енді 117 мыңға кеңейді. Әрине, бұл жағдай тынысы мен тіршілігі бөлек Шым-қаланың тірлігіне дем беріп, құт-береке дарыған қазанын үлкейте түскені даусыз.

 

Сенбі, 2 маусым 2012 8:28

«Елге ел қосылса – құт». Өткен жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Оңтүстікке келген сапарында жақын жылдарда Шымкент қаласы тұрғындарының санын 1 миллионға жеткізу жөнінде тапсырма бер­гелі бері бұл аймақта үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Осыған байланысты шырайлы Шымкенттің шекарасы өзгеріп, қаламен іргелес жатқан Сайрам, Төле би және Ордабасы аудандарының біраз жері облыс ор­та­лы­ғы­ның аумағына өтті. Онсыз да көрші аудандардың кейбір ауылдары күн санап кеңейіп келе жатқан қаламен қосылып, мидай араласып кеткен еді. Сөйтіп, бұрын қаланың аумағы 39 мың гектар болса, енді 117 мыңға кеңейді. Әрине, бұл жағдай тынысы мен тіршілігі бөлек Шым-қаланың тірлігіне дем беріп, құт-береке дарыған қазанын үлкейте түскені даусыз.

Жалпы алғанда, Оңтүстік Қазақстан облысының тірлігі оңға басып, ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын елдің бәрі мойындайды. Қазақстанда тіршілік кешіп жатқан тұрғындардың 15,6 пайызы осы Оңтүстікте қоныс тепкен. Алла­та­ға­лам Оңтүстіктің алтын құрсақты аналарына берекесін дарытып-ақ тұр. Бала туу саны көбейіп, осы топырақта өсіп-өніп жат­қа­ны да баршылық, сырттан көшіп келіп жатқа­ны да көп. Соның ішінде жері құт­ты, малы сүтті, шыбық шаншысаң шынар өсетін Шымкент қаласының өмір базары бір сәт те бәсеңдеген емес. Әйтсе де, «бі­реудің то­ңып, біреудің тойып секіретіні» рас екен. «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген, ел қаланың аумағы кеңейіп, қана­тын кеңге жайғанына қуанып жатса, кей­бір шенеу­ніктер осындай абыр-сабыр сәт­ті пайдаланып, жерлерді саудалаумен әуре боп жүріпті.

Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы жыл басынан бері «Миллион тұрғыны бар қалаға – жер заңнамасын бұз­бастан» жобасын жүзеге асыруда. Жо­баның басты мақсаты – Шымкент қаласы бойынша, қаланың бас жоспарына енгі­зі­ліп жатқан өзгертулерге сай Сайрам, Төле би және Ордабасы аудандары аумақтары­нан қалаға кіргізілетін жер телімдерін заң­сыз тарату, жерлерді заңсыз иелену де­ректерін болдырмау, заңсыз табысталған жерлерді мемлекетке қайтару. Сөйтіп, осы жобаның арқасында аз ғана уақыттың ішін­де көптеген заң бұзушылықтар анық­та­лып, әкімдер жер учаскелерін қолын­да­ғы «көзір» карта сияқты көретіні тағы бір көрініс берді. Қолынан келіп тұрғанда қонышынан басып жіберген шенеуніктер жерді саудалап үлгеріп, «көзірлерін» пайдаланып қалуға қатты асыққандары айдан анық. Мысалы, Ордабасы ауданы әкім­ді­гі­нің лауазымды тұлғалары жерлер облыс орталығының аумағына кіретінін біле тұра Бадам ауыл округіне қарасты Ал­тын­төбе елді мекенімен іргелес жатқан ауыл­ша­руашылық мақсатындағы 95,37 гектар жер телімінің пайдалану мақса­­тын өзгер­тіп, аумақты 865 жер теліміне бөлген. Прокуратура қызмет­кер­лері бұл істі дер кезінде тексеріп, олардың небәрі 4 жер учаскесін ғана үлестіріп үл­гер­генін анықтады. Ертеңгі күні бұл жер­лер­дің сұрауы болатынын, оның соңы дау­ға ұласатынын, елдің де, жердің де киесі, наласы болатынын ордабасылық лауазымды тұлғалар ойлады ма екен, сірә? Әй, қайдам…

Сансыз баптар елі – Сайрам жеріндегі кейбір шенеуніктер жер сатудың жаңа бір әдісін ойлап тапқан сияқты. Сайрам ауданы әкімдігінің №925 санды қаулысымен А. Ахтамоновқа Жаңаталап ауыл округі аумағындағы арнаулы жер қорынан жалпы мөлшері 10,0 гектар жер аукционсыз бе­ріліп кеткен. Сондай-ақ мұндай фак­тілер Шымкент қаласы, Ордабасы, Төле би аудандарында да жиі кездеседі. Ордабасы ауданының әкімдігі конкурстар бойынша қажетті бірде-бір құжаттарды талап етпей, 2 қатысушыны («Сырлы құм» және Сыздықов) жеңімпаз деп таныған. Сірә, «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шы­ғар­са» деп ойласа керек, әншейінде бір құжат үшін басыңа «бақ» қондырып, сандалтып жіберетін конкурстық комиссия жоғарыдағы екі жеңімпаздан тиісті анық­тамаларды да, тіпті жер учаскесін пайдалану туралы бағдарламаны да талап ет­пепті. Комиссияның мұндай «жұмсақтық» танытуының астарында қандай пиғыл, қандай жымысқы әрекет жатқанын ішіңіз әрине, сезеді. «Осы конкурстардың бар­лығы прокурордың наразылығымен бұ­зыл­ды. Жалпы алғанда «Миллион тұр­ғыны бар қалаға – жер заңнамасын бұз­бастан» жобасын жүзеге асыру кезінде 810,6 гектар жерлер заңсыз табысталғаны анықталып, оларды қайтаруға сотқа 17 талап-арыздар берілді, 8 наразылық келті­рілді. Қазіргі кезде мемлекетке 161,3 гектар жер қайтарылды» дейді облыстық прокуратураның 1-ші басқармасының аға прокуроры Ербол Өстеміров.

«Шымкентте заңды бұзуға болмайды, оны тек айналып өтуге болады». Оңтүстік тұрғындарының арасында анекдотқа айналып кеткен осынау әзіл, әсіресе, Шымкенттің жер жөніндегі мамандарына арналған ба дерсің… Еліміздің статистика агенттігінің 2012 жылдың 1 қаңтарында берген мәліметінде Шым-қалада 642,9 мың халық тұратыны көрсетіліпті. Бұл облыс тұрғындарының 24,5 пайызын құрай­ды деген сөз. Дәл бүгінгі күні қала аума­ғынан жеке үй салу үшін өтініш берген 61 мың адам кезекте тұр. Алайда қалалық әкімдік осынау кезекті қысқартудың орнына, бос жерлерді оңды-солды үлестіру­де. Соның бірі ретінде «ШымкентГеопроектМонтаж» ЖШС пен К. Зәуірбековке ешқандай аукционсыз 500 және 80 гектар жердің беріліп кеткенін айтуға болады. Дәл қазір Абай аудандық прокурорының наразылығымен бұл жерлердің мемлекет­тік актісі жарамсыз деп танылып, сотта қаралып жатыр. Бұдан басқа бір жер учаскесі екі адамға беріліп кеткен, яғни, ауыл әкімдерінің актілерді қолдан жасап, жерлерді заңсыз иеленуі туралы фактілер де жиі кездеседі. Мысалыға, Шымкент қаласына қарасты Қызылжар ауылының әкімі 2004 жылы бір жер учаскесін Ш. Анарбаева мен Б. Досжановқа беру туралы шешім шығарса, тура сол жер учаскесі ауыл әкімінің шешімімен Б. Сариев деген азаматқа да берілгені анықталып отыр. Сондай-ақ, Шымкентте 34 жер учаскесін заңсыз пайдалану деректері анықталды. Қаладағы «Қайтпас-2» шағын ауданында тұратын К.деген азаматша өз жер теліміне тұрғын үй салған. Бірақ, ешқандай құ­жат­тарсыз қасындағы 633 шаршы метр жер телімін заңсыз иеленіп, жерді қоршап, оған да үй салып алыпты. Жақында ғана Шымкент қаласының әкімі ауысып, бұл қызметке бұған дейін Түркістанда тындырымды тірлігімен танылған Қайрат Мол­дасейітов тағайындалды. Жаңа әкім жер мәселесіндегі кемшіліктерге көз жұма қарамайды деген үмітіміз бар.

Таяуда «Нұр Отан» ХДП жанындағы Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төр­аға­сы Оралбай Әбдікәрімов еліміздегі жер қатынастары саласы сыбайлас жемқорлық жөнінен мемлекеттік сатып алу қыз­ме­ті­нен кейін екінші орында тұрғанын тілге тиек еткен-ді. Осы уақытқа дейін Жер ресурстарын басқару агенттігі мен оның ұйымдарында қызмет істеген әрбір екінші адам жер қатынастары саласындағы заң­ды­лық­ты бұзуға жол бергені үшін әкім­шілік жауапқа тартылыпты. Оңтүстік Қа­зақстан облысы бойынша Экономикалық қылмыс­қа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы кү­рес департаментінің мәліметіне қарағанда, 2010-2012 жылдары жер саласы бойынша лауазымды тұлғалардың үстінен 7 қылмыстық із қозғалған. Облыс­тық прокуратура органдары жер саласы бойынша 2010 жыл мен 2012 жылдың 3 айы аралығында 215 тексеру жүргізіп, 7428 заң бұзушылықты анықтапты.

Әйтеуір, құзырлы органдардың берген мәліметіне қарасаңыз, Оңтүстікте жер саласында небір қитұрқы, адам баласының ойына кіріп шықпайтын қулық-сұмдық­тар­дың болып жатқанын көріп, шынында бұл саланы жемқорлық жайлап алғанына көз жеткізер едіңіз. Әрине, елдің бәрін, жер мәселесімен айналысатын маман­дар­дың бәрін бірдей қаралап, топырақ шашудан аулақпыз. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген, кейбір пысық­тар­дың жыл­постығы, жерді әкесінен қалған дәулеттей көретін жемқорлардың әрекеті бұл саланың бұлтын қоюлатып тұр. Әйт­песе, Шымкенттің халқы шетінен еңбекқор, қол қусырып отыр­ған­ды біл­мейді, қашан көр­сең бір шаруалармен шапқылап жүргені. Миллион тұрғы­ны бар қаланың да мың сан мәселесі болатыны айдан анық. Қате­леспейтін адам жоқ. Біз көбінесе осындай келеңсіздіктер әкімдер­дің заңды жете біл­меуінен орын алды деп ойлаймыз. Әйтсе де, жер мәсе­ле­сі, жер дауы шенеунік­тер­дің заңды біл­меуінен гөрі сол заңды сыйламаудан, қадірлемеуден, менсінбеуден барып туындайтын сияқты. Қу құлқын бірдеңе тілеп қысқанда, ар, заң, иман… бәрі адыра қа­лады. Жоғарыда айтылған лауазымды тұл­ғалардың заңсыз екенін біліп тұрып жерді саудалап жіберуі осындай ойға жетелейді. Тегінде «Алла алдымен адам­ның санасына берсін» деп бұрын­ғы­лар бекер айтпаған ғой.

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

*Автор туралы анықтама

Оралхан ДӘУІТ «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметіне тағайындалды.

Ол Шымкент қаласындағы «Шығыстану» институтын филология мамандығы бойынша бітіргеннен кейін қалалық «Шымкент келбеті», облыстық «Оңтүстік Қазақстан», рес­пуб­ликалық «Түркістан» және «Жас Алаш» газеттерінде қыз­мет істеген. Жамбыл облыстық «Арай» газетін басқарған.

Төменде әріптесіміздің мақаласын оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.