08 Маусым, 2012

Сол күні не болып еді?

487 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сол күні не болып еді?

Жұма, 8 маусым 2012 7:08

Кеше Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйін­діков Алматы облысы, Алакөл ауданында орналасқан «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты тергеумен анықталған ақпаратты жариялады. Онда 15 адам қайтыс болған еді. Бұл оқиғаға байланысты осы уақытқа дейін түрлі қауесет таратылып келгені белгілі. Дегенмен, енді тиісті құқық қорғау органдарының тергеуімен келесі мән-жайлар анықталыпты.

 

Жұма, 8 маусым 2012 7:08

Кеше Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйін­діков Алматы облысы, Алакөл ауданында орналасқан «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде орын алған қайғылы оқиғаға байланысты тергеумен анықталған ақпаратты жариялады. Онда 15 адам қайтыс болған еді. Бұл оқиғаға байланысты осы уақытқа дейін түрлі қауесет таратылып келгені белгілі. Дегенмен, енді тиісті құқық қорғау органдарының тергеуімен келесі мән-жайлар анықталыпты.

2012 жылғы 10 мамырда Шекара қызметінің 3-ші шекара жа­сағының 15 адамы, оның ішінде 1 сардар, 3 келісім-шарт бойынша және 11 мерзімді қызметтегі әскери қызметкерлер «Арқан­керген» уақытша шекара беке­тінде мемлекеттік шекараны кү­зету үшін кезекшілікке түседі. Аталған бекет елді мекендерден алшақ әрі 3 мың метрге жуық биіктіктегі тауда орналасқан. Ал аудан орталығы Үшаралға дейін қашықтық 224 шақырым.

Содан 30 мамырда шекарашылар кезекті байланысқа шығу керек еді. Бірақ хабардың үзі­луіне байланысты бекетке ке­зек­ші құрам жіберіледі. Олар оқи­ға орнына келгенде өртенген казар­маға тап болды. Бұл туралы шұ­ғыл түрде жасаққа баяндалады.

Артынша оқиға орнына тік­ұшақпен дереу жедел топ ұшып шықты, оның құрамында шекара жасағының басшылығы, әскери прокуратураның, ұлттық қауіп­сіз­дік және ішкі істер орган­дарының өкілдері болды. Олар оқиға болған жерді қарағанда өртенген казармада және офицерлер үйінде 13 адамның жанып кеткен денесі табылды. Бір күйген мәйіт өзен бойында жатқан.

Сондай-ақ, «Арқанкерген» бекетінен 150 метр қашықтықта орналасқан шаруашылық күзет­шісі үйінен автоматтан бірнеше рет атылып өлтірілген Руслан Кимнің мәйіті шығарылды. Қа­зіргі кезде гендік сараптаманы пайдалана отырып, 10 әскерилер­дің тұлғасы анықталды.

Осы дерек бойынша 30 мамырда Талдықорған гарнизо­ны­ның әскери прокуроры Қылмыс­тық кодекстің 96-бабы 2-тарма­ғының «а» тармақшасы, яғни екі және одан көп кісіні өлтіру бо­йын­ша қылмыстық іс қозғады. Іс арнайы әскери прокурор бас­шылық ететін ведомствоаралық жедел-тергеу тобымен тергелуде.

Алғашқыда өртенген жайлардан бекет командирі Кереевке тиесілі бір «Макаров» тапаншасынан басқа марқұм шекарашы­лардың қолында болған барлық қарулар және шатқалдардың бі­рінде іздеу тобымен бекеттен жоғалған 5 қызметтік аттар да табылған еді.

Ал 4 маусымда шекара жаса­ғымен жергілікті шопандар қыс­тағының бірінде 1992 жылы ту­ған, «Арқанкерген» бекеті шека­рашыларының бірі Челах Владислав Валерьевич ұсталды. Одан капитан Кереевтің азамат­тық киімдері, «Макаров» тапаншасы, ноутбугы және қайтыс болған кейбір әскерилердің ұялы телефондары алынды.

Адвокаттың қатысуымен  жауап алу кезінде Челах өзінің әскери қызметтестерін және Руслан Кимді өлтіргендігін мойындады. Челахтың айтуынша, қыл­мысты жасаудың себебі ретінде ішкі толғаныстар және есінің түсіндіруге жатпайтын бұзылу жағдайы себеп болған. Қыл­мысты жасауға көмектескендер мен қатысушылардың бар бол­ғандығын Челах үзілді-кесілді терістеуде.

Оның жауабына сәйкес, қан­ды қылмыс 2012 жылғы 28 мамырда шамамен таңғы сағат 5-тер шамасында сақшыдан бас­қа барлық шекарашылар ұйқыда жатқан кезде жасалған. Челах сол түні казармада кезекшілік еткен­діктен қару ұстауға мүмкіндігі болған.

Челахтың өзінің түсіндіруі бойынша, ол әуелі бекет аума­ғынан сақшыны алдап шақырып алып, атып өлтірген. Содан кейін казармаға оралып, ондағы қалың ұйқы құшағында жатқан қалған қызметтестеріне түгелдей оқ жаудырған. Соңында аңшы үйін­дегі қорықшы Руслан Кимді өлтірген. Марқұмдардың бәрі де қарусыз болған көрінеді және адам өлтірушінің айтуы бойынша, ұйқыдан оянып кеткен оның кейбір қызметтестері өздеріне Челахтың қару бағыттағанын шынайы қабылдамаған.

Адамдар өлтірілгеннен кейін қылмыс іздерін жасыру мақ­сатында Челах әрқилы тұстан автоматтан оқ жаудырып, казарма бөлмелерінде оқтарды шашып, жанармай төгіп, бекеттің барлық шаруашылық құрылыстарына өрт қойған. Осындай тәсілмен бекет аумағынан тысқары жатқан сақшы мәйіті де өртелген. Бұдан соң Челах «Макаров» тапаншасын, азық-түлік және қызмет­тестерінің бірқатар жеке заттарын, яғни ұялы телефондар, ноу­тбук, ақша алып, капитан Ке­реевтің азаматтық киімін киіп, оқиға болған жерден тайып отырған.

Қазіргі уақытта Челахтың бер­ген жауаптарының шынайы­лығы тексерілуде, ал бекетке сырттан шабуыл жасау белгілері тергеумен анықталған жоқ. Сон­дай-ақ, тергеу барысында барлық қажетті сараптамалық зерттеулер жүр­гізілуде, соның ішінде Владислав Челахтың жеке басына қатысты кешенді психологиялық сараптама да жүргізілетін болады.

Сарапшылар 11 әскери қыз­мет­кердің жеке бастарын анық­тады және сараптама шекара­шылардың да, қорықшының да алкогольді ішімдік ішпегенін дәлелдеді. Сол сияқты өрт-тех­никалық сараптама көрсеткен­дей, ешқандай жарылыс болма­ған және жарылғыш заттарды пайдалану деректері анықтал­маған.

Сонымен қатар, «Сары­бөк­тер» шекара бекетінің бастығы Алексей Фоминге қатысты қыл­мыс­тық іс қозғалды. Фомин үсті­міздегі жылғы мамырдың 28-і мен 30-ы аралығында «Арқан­керген» шекара бекетімен байла­ныстың болмағанын қасақана жасырғаны және оның себеп­те­рін анықтау мен қалпына кел­тіру бойынша шара қолдан­бағаны үшін айыпталуда.

Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Қазіргі күні болған бар­лық жағдайды анықтауға ба­ғыт­талған басқа да жедел-тергеу шаралары жүргізілуде. Оқиға бол­ған жерге жақын аудандарда жедел-тергеу, іздеу шаралары жал­ғасуда. Бұл оқиғаның тергелу барысына қатысты басқа ақпарат қосымша хабарланатын болады, деді ресми өкіл.

Александр ТАСБОЛАТОВ,

«Егемен Қазақстан.