Заңсыздыққа қарсы шаралар қаралды
Сенбі, 9 маусым 2012 8:19
Қайран қара жер саудагерлердің қара саудасына түсіп, саудаланып сау тамтығы қалмай барады. Бұл ата-бабамыздың ұрпағына қалдырған ортақ жері еді ғой деп жаны ашитындар да азайды. Қазаншының еркі артып, қоныштан басу көбейді. Соның салдарынан жер телімдерін заңсыз жеке меншікке сату және саудалау етек алды деп атап айтылды кеше Парламент Сенатының депутаты О.Әбдікәрімовтің төрағалығымен өткен «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында.
Сенбі, 9 маусым 2012 8:19
Қайран қара жер саудагерлердің қара саудасына түсіп, саудаланып сау тамтығы қалмай барады. Бұл ата-бабамыздың ұрпағына қалдырған ортақ жері еді ғой деп жаны ашитындар да азайды. Қазаншының еркі артып, қоныштан басу көбейді. Соның салдарынан жер телімдерін заңсыз жеке меншікке сату және саудалау етек алды деп атап айтылды кеше Парламент Сенатының депутаты О.Әбдікәрімовтің төрағалығымен өткен «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында.
Енді елді жайлаған мұндай заңсыздықтың ақыры қайда апарып соқтырарын ешкім нақты айта алмайды. Арнайы құрылған сараптама комиссиясының қорытындысына сәйкес жер сату саласында сыбайласқан жемқорлықтың бой алғаны қатты алаңдатады. Жер қатынастарын реттейтін және жер ресурстарын пайдалану мен қорғауға бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттерді және өз қызметтері арқылы оны жоюды, ең болмаса төмендетуді де қамтамасыз ете алмай отырған көрінеді. Ендеше өз міндеттерін тиісінше атқара алмайтын мұндай органдардың неліктен қажет екендігін жұрт та түсіне алмай әлек. Сөйтіп не керек, жер дауы көбейді.
Осыған байланысты жер қатынастарындағы жемқорлықпен күресті ұйымдастырудың жағдайын тексеру «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс жоспарына енді. Оған себеп, осы саладағы мемлекеттік басқару ісінде сыбайлас жемқорлықтың бой алуының жалғасуына байланысты. Сондықтан тез арада оның себептерін анықтап және одан сақтандырудың нақты ұсыныстарын әзірлеу қажет болды. Өйткені, қай кезде де, қандай қоғамда болмасын жерге деген көзқарас ерекше назарда тұратыны белгілі. Жер қоғамның тыныс-тіршілігі, адамдардың өмірі. Еліміздің Конституциясында да жерге және басқа да табиғи ресурстарға оларды біздің өмірлік дамуымыздың негізі, діңгегі деп айрықша мән берілген.
Сондықтан жер заңнамасында жерді ұтымды пайдалану және сақтау нормалары мен талаптары белгіленіп, оны табиғи ресурстар ретінде және барлық қоғам, әлеуметтік өндірістік үдерістің ажырамас бөлігі ретінде ескерілген. Алайда, өкінішке орай, бүгінде біз жер қатынастары саласында заң талаптарының өрескел бұрмаланып отырғандығын және сыбайлас жемқорлық деректерінің аз емес екендігінің де нақты куәсіміз. Өздеріңізге белгілі жемқорлыққа байланысты соңғы кездері болған жанжалдарға Жер ресурстарын басқару агенттігінің бірінші басшылары, яғни агенттіктің бұрынғы төрағасы Ө.Өзбековтің және оның екі орынбасары Нақыпбеков пен Жанпейісовтің, агенттіктің т.б. және «Казгеодезия» лауазымды тұлғаларының қатыстылығы болғандығы анықталды. Міне, осының бәрі бүгінгі отырысқа жер қатынастары саласындағы жемқорлықпен күрес туралы мәселені қарауға негіз болды, деді Оралбай Әбдікәрімов.
Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты Т.Ибраев басқаратын сараптамалық комиссия құрылған болатын. Оның құрамына Есеп комитетінің, Қаржылық бақылау комитетінің, Қаржы полициясының және т.б. органдардың өкілдері енді. Сонымен қатар, бұл жұмысқа әртүрлі қоғамдық ұйымдар өкілдері тартылып, олар жемқорлықпен күрес жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестерге қатысты. Жер ресурстарын басқару агенттігі және оның бағынышты ұйымдарында жемқорлықпен күресті ұйымдастырудың жағдайын тексерумен қатар жер қатынастары саласындағы басқа мемлекеттік органдардың қызметіне талдау жасалды. Сөйтіп жер қатынастары саласындағы орталық орган Жер ресурстарын басқару агенттігінде жемқорлық деңгейін төмендету бойынша қандай шаралар қолданып жатқандығы қаралды.
Ал жер қатынастары саласында 2010 жылмен салыстырғанда 2011 жылы анықталған қылмыстардың саны 31 пайызға өскен. Лауазымды тұлғалар жасаған қылмыстар 16 есеге артқаны байқалады. Жер ресурстарын басқару агенттігі жүйесінде 2011 жылы өткен жылмен салыстырғанда тек тіркелген жемқорлық қылмыстар саны екі есеге өскен екен. Демек, қайран қара жерді саудалау елде жаппай етек алды деп айтылатын себебі, жемқорлық құқық бұзушылық жерге қатысы бар барлық ұйымдарда дерлік орын алған көрінеді.
Жер қатынастарына байланысты қажетті бақылаудың болмауы себепті 2011 жылы соттарға жер дауы бойынша 6290 арыз түскен. Бұл осы жүйедегі әлі күнге шешімін таппай отырған өзекті мәселелердің көп екендігін білдіреді. Жер телімдерін заңсыз жеке меншікке сату мен жаппай саудалаудың етек алғандығының тағы бір себебі, елді мекендердің бас жоспарының жоқтығы, қала маңындағы ауылдардың шекарасы бекітілмегендігі, аса бақылауға алынған жерлерді дұрыс пайдаланбау осы саладағы тәртіп бұзушылықты арттырып отыр. Демек, отырыста айтылғандай, жер заңнамаларының орындалмауы тиісті мемлекеттік органдардың бақылауды уыстарынан шығарып алғандығында. Ал бұған сол органдардың басшылары тікелей кінәлі, осыдан барып халықтың құқына нұқсан келіп отыр.
Отырыста атқарылып жатқан ойдағыдай жұмыстар туралы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттік төрағасы К. Отарбаев бандама жасады. Оның баяндамасында айтылмай қалған жәйттерді Алматы, Ақмола облыстары және Астана қаласында жер телімдерінің заңсыз таратылуына байланысты жүргізілген журналистік тексерулердің бейнекөріністері толықтырды. Осылайша отырыс қорытындысы бойынша жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында қаулы қабылданып, ұсыныстар бекітілді.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».