Экономика • 15 Сәуір, 2019

Қостанай облыстық бюджетіне өзгерістер енгізілді

995 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс алтыншы сессиясында мәслихаттың «2019-2021 жылдарға арналған Қостанай облысының облыстық бюджеті туралы» 2018 жылғы 12 желтоқсандағы №347 шешіміне өзгерістер енгізілді.

Қостанай облыстық бюджетіне өзгерістер енгізілді

Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес, республикалық бюджеттен трансферттер бөлінген кезде жергілікті атқару органдары жергілікті бюджет есебінен бірлесіп қаржыландыруды қарастыруы тиіс.

«Соған орай, бірлесіп қаржыландыруға облыстық бюджеттен 8 миллиар теңге бөлу жоспарланды. Бұл қаржы үнемдеу мен облыс бюджетінің кіріс бөлігін көбейту есебінен қарастырылады» деді Облыстық эекономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ғ.Мұсағазина. Ол осы бөлінген қаржының қандай мақсаттарға жұмсалатынын да депутаттарға баяндап берді.

Бұл қаржыдан ең көп ақша, яғни 747,2 миллион теңге аудандық маңызы бар жолдар құрылысы мен жөндеу жұмыстарына бөлінеді. Одан кейінгі 646 миллион теңге Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына беріледі. Оның 373 миллион теңгесі «Арқалық ТЭК» МКП мазут алған шығынын жабуға жұмсалады.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысқан облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жергілікті бюджетті дамыту басты мақсат болуы керектігін айтты.

«Жергілікті бюджетке салынатын салмақ аз емес. Республикалық бюджеттен трансферт берілгенімен жергілікті маңызы бар ішкі жолдарды жөндеу жұмыстарына кететін қаржының тең жартысын өзіміз қаржыландырамыз. Сондықтан біз жергілікті бюджетті дамытуға, кірісті көбейтуге күш салуымыз керек» деді Архимед Бегежанұлы.

Өңір басшысы Арқалық қаласын қыстан алып шығу бюджетке өте ауыр сақмақ салатынын бұрыннан айтып келеді.

«Арқалық қаласын осы қыста жылытуға пайдаланылған мазут үшін қарызды осы бөлінген қаржымен толық өтедік. Осыдан біраз жыл бұрын мазутқа бір қыста 1,5 миллиард теңге кететін. Ал қазір оның көлемі 2,5 миллиард теңгеге дейін көтерілді. Өйткені мазуттың бағасы тоннасына 50 мың теңгеден 90 мың теңгеге дейін қымбаттады. Алдағы жылдары қазандықты көмірге ауыстыруды мақсат етіп қойып отырмыз. Онсыз болмайды. Бұл жөнінде Үкіметпен бірге жұмыс жасап жатырмыз» деді Архимед Бегежанұлы.

Өңір басшысы депутаттарға бюджет өзгерісін қолдағаны үшін рахмет айтты.