Борыш және қызмет
Сейсенбі, 19 маусым 2012 7:56
Еліміздің Ішкі істер органдарының құрылғанына да жиырма жыл таяп қалды. Бұл орайда өз міндеттерін абыроймен атқарып, талап биігінен көрініп жүрген сақшылар аз емес. Олардың қатары күннен-күнге молыға түсуде. Жас келсе, іске дегендей, қызметке жаңадан алынған қызметкерлерді тәрбиелейтін, олардың үлгі алатын ортасы бар. Сол жастар да алдыңғы буын тәжірибелі ағалары секілді болуға ұмтылатыны анық. Ал ол ортаны құрап отырғандар ерлігімен елге танылған есімі белгілі полиция қызметкерлері екені даусыз. Ендеше, бейбіт күннің батырларына айналған жандар туралы айтқанда, әуелі от пен суды кешкен соғыс ардагерлері туралы сөз етпеу мүмкін емес. Солардың бірі қазір ішкі істер органдарында қызмет істеп жүрген ауғандықтар, яғни кезінде Кеңестік армияның қатарында Ауған соғысына қатысып қайтқандар десек, артық айтқандық емес.
Сейсенбі, 19 маусым 2012 7:56
Еліміздің Ішкі істер органдарының құрылғанына да жиырма жыл таяп қалды. Бұл орайда өз міндеттерін абыроймен атқарып, талап биігінен көрініп жүрген сақшылар аз емес. Олардың қатары күннен-күнге молыға түсуде. Жас келсе, іске дегендей, қызметке жаңадан алынған қызметкерлерді тәрбиелейтін, олардың үлгі алатын ортасы бар. Сол жастар да алдыңғы буын тәжірибелі ағалары секілді болуға ұмтылатыны анық. Ал ол ортаны құрап отырғандар ерлігімен елге танылған есімі белгілі полиция қызметкерлері екені даусыз. Ендеше, бейбіт күннің батырларына айналған жандар туралы айтқанда, әуелі от пен суды кешкен соғыс ардагерлері туралы сөз етпеу мүмкін емес. Солардың бірі қазір ішкі істер органдарында қызмет істеп жүрген ауғандықтар, яғни кезінде Кеңестік армияның қатарында Ауған соғысына қатысып қайтқандар десек, артық айтқандық емес.
Әрине, Ауған соғысының аяқталғанына табаны күректей жиырма жыл өтсе де, оның салқыны әлі басылар емес. Онда қанды оқиғаларды бастан кешірген кешегі кездегі уыздай жас жігіттердің бірқатары бүгінде салиқалы, салмақты отағасы атанып, арамызда жүр. Өлім мен өмір арпалысқан өздері болған жылдан астам уақыт ішінде нағыз соғысты көрді. Біз жолыққан солардың кейбірі әлі де әскери қалпын сақтап қалыпты. Әскер кез келген бозбаланы шындап, қайраттылыққа баулиды, ал соғыс күштілікті талап етеді, дейді олар. Міне, осы батыр тұлғалы үш жігіттің үшеуі де бүгінде тепсе темір үзетін қайратты күйлерінде ішкі істер саласында үлгілі қызмет етіп келеді.
Сапарғазы Байғалиев жастайынан спортқа жаны құмар жан болғандықтан өзге тұрғыластарына қарағанда шымыр болып ержетті. Әсіресе, күрес дегенде алдына жан салмады. Сол екпінімен әскердегі шекарашылар қатарына алынғанда да бойды кернеген қуатты күштің тасқынымен ерекшеленіп, көзге түсті. Алматы қаласында өткен Орта Азия әскери округінің сайысында самбодан бірінші орынды иеленген оны мамандар арнайы спорт ротасына бірден қабылдады. Сонан жан-жақтан жиналған өңкей сайдың тасындай ірі, сен тұр мен атайын дейтін жолбарыстай шапшаң, арыстандай айбатты да білекті жауынгерлерді Алматы қаласының іргесіндегі Борандай аэроұтқыр бөліміне әкеледі. Мұнда десанттық жаттығудың нағыз түрі басталады. Күнбе күн бірнеше шақырымға қажетті құрал-жабдықты арқалап жүгіру, қашан көз ұшындағы қарайған межелерді қағып түсіргенше атып үйрену, өзі сынды қарулы он шақты жанды жалаң қолмен ұрып жығу секілді өнер сырын игеру таң атқаннан күн батқанға дейін бір тынбайды. Осындай жаттығулардан кейін сілесі қатып ұйықтап жатқан оларды түн ортасында дабыл қағып шырт оятып, иықтарына парашют іліп, сонау қара аспаннан допша лақтырады. Бұл олардың әскери атқаратын ісі еді. Содан жаттығуда қиын болса, ұрыста жеңіл дегендей, көк жүзінен парашютпен жемтігіне қыран құстай көз ашып-жұмғанша шүйліге алатын, бір өзі бір қора жаудың тас-талқанын шығара алатын дәрежеге жетті-ау дегенде оларды Ауғанстандағы жасырын әуе базасына әкеледі. Олар қызмет еткен бөлім жауынгерлерінің қай әскер түріне жататындығы құпия сақталатын. Үстерінде жай ғана алабажақ әскери жұмыс киімі. Арнайы бөлімнің жауынгерлері екенін ажырататын бірде-бір белгілері, қалталарында құжаттары да жоқ. Осы қалыпта қолдарына автомат пен бірнеше оқпантайларын ғана алып, көк аспандағы сенімді серіктері «Миг-8» тікұшағынан ешкім де күтпеген бір түні жаудың үстіне парашютпен төнеді…
Ол кезде кеңестік әскери десантшылар дегенге көнбей қарсыласып жатқан қышлақтың яки таудағы жасырын бекіністердің үстімен әуелі «Миг-8» тікұшағымен айнала ұшып, қаруларыңды тапсырып, үйлеріңе қайтыңдар деген мағынада мәтіндері бар үнпарақтар тастайды. Онан соң дұшмандардың қарулы күшін жою немесе әлсірету мақсатында осы қалай деген нүктелер бомбаның астына алынады. Бірақ, таудың қуыстары мен терең үңгірлеріне сыналап жасырынған дұшмандар бәрібір аман қалады. Сондықтан оларды түгелдей қарусыздандыру үшін Сапарғазы секілді дайын отырған десанттар аспаннан оқыстан түседі. Сондай бір Чекаран қышлағын азат ету кезі Сапарғазының есінен әлі кетпейді. Бақайшағына дейін қаруланған дұшмандар өліспей беріспей жатқан. Олардың іс-әрекеті өздеріне жөн. Ал Сапарғазыға аталған қышлақты жаудан босату туралы бұйрықты орындау қажет. Бірақ, бұл оңай емес, Сапарғазы қашанда қандай жау болса да оны қарусыздандырып, аман қалдырудың қамын қарастырған дұрыс деп санайды. Алайда, қанша жерден мұндай көзсіз ізгілікке салынғанымен жау оныңды түсінбейді. Бір-екеуін автоматтың дүбімен ұрып құлатқан Сапарғазы үшіншісінің өзіне оқ жаудырғалы жатқанын анық байқады. Енді қандай шапшаңдықпен қимылдар болса да, ананың қолындағы қаруын қағып түсіре алмайтынын білді. Дәл қазір бірінші болып әрекет етпесе, көрер жарығы осымен таусыларын да сезді. Сол мезет қас қағым сәттегі ойынан да оза қимылдаған Сапарғазы жерге құлап бара жатып шүріппені басып қалды. Көздегенін қалт жібермейтінін білетін жігіт жау болса да адам өлтіргеніне қатты қапаланды. Өзінің ананың қаруын қағып үлгере алмаған дәрменсіздігіне күйінді. Бірақ, соғыстың аты соғыс, кейін осындай бірнеше қышлақтар мен кішігірім қалаларды азат етуде қанды қақтығыстың қаншамасын бастан кешірді…
Тіпті бейбіт кезде де өзін және жолдастарын оқтан аман алып қалу үшін сол үйренген өнерін қолдануға мәжбүр болғаны бар. Онда әскер қатарынан келген соң ішкі істер органының патрульдік бөлімінде қызмет істеп жүрген. Сонан бір кезекті кезекшілік барысында бұлардың бағытындағы дүкенге қарақшылық шабуыл жасалғандығын естиді. Түнгі сақшылықта келе жатқан полиция лейтенанты Сапарғазы мен ішкі әскердің сарбазы екеуі қараңғы бұрышты айнала бергенде екі адамға кезігеді. Жүрістері суыт көрінген соң құжаттарын сұрағаны сол, аналардың бірі оқыс қимылдап, қойнына қол салады. Осы сәтте Сапарғазының артында тұрған жас сарбаз тіпті не болғанын аңғарып та үлгермеді. Тек лейтенанттың еңгезердей екі жігіттің бірін шалып, бірінің қолын қайырып ұрып жыққанын көрді. Сөйтсе, күдікті құжатын көрсетпекші болған сыңай танытып, шолақ мылтығын суырып алыпты. Кез келген суық қарудың қандай қасірет әкелетінін жақсы білетін Сапарғазы шалт қимылдап, оның қолын самбо әдісімен артына қайыра жерге алып ұрады. Қолма-қол ұрыстың небір сынынан өткен ол екінші күдіктінің де әрекетінің алдын орап, оны каратэ тәсілімен аяқтан шалып, құлатады. Кейін белгілі болғанындай, әлгі екі күдікті ұстатпай жүрген нағыз қандыбалақ қарақшылар екен.
Полиция майоры Сапарғазы Байғалиев елордалық жол полициясы басқармасының бөлек батальонында әскери дене жаттықтырушысы болып қызмет етті. Ол қала көшелеріндегі көлік қозғалысын қадағалайтын жол инспекторларының әскери дене тәрбиесін қадағалады. Соларды қолма-қол ұрыс тәсілдеріне үйретуден жалықпады. Түрлі қаруды қалай қолдану қажеттігіне дайындады. Жоғарыда айтқанымыздай, Сапарғазы мұнда ауған соғысына қатысып келгендерден жалғыз емес. 1983-1984 жылдары Ауғанстанда әскери борышын өтеген полиция майоры Жанайдар Жанабаев та арнайы техника жөніндегі аға инженер қызметін атқарып жүр. Ол да әуелі Тәжікстанның таулы аймақтарында жаттығудан өтіп, сәуір айында тас түйілген полкпен бірге шекараны кесіп Қандағар қаласына келеді. Бұл кезде ол бөлімше командирі болатын. Олар тау шатқалдарындағы бекіністерге барғанда әрқайсысы құрал-жабдық, қару-жарақ, азық-түліктерін есептегенде, барлығы алпыс кило тұратын жүкті арқалап он шақырымға дейін жол жүрді. Оның үстіне атқыштар атына сай бекіністен жауды бір елі аттатпаулары қажет. Бірақ, жау қарама-қарсы келсе, дәрмені жетпейтінін жақсы білгендіктен бұларды алыстан миномет оғының астына алғанда дүниенің астан-кестеңі шығатын. Ал қандай жағдай туса да күзет орнын тастап кетуге болмайды. Тек түтін сейіліп, шаң басылған кезде ғана кімнің өлі, тірі екені белгілі болады. Бірақ, жау қаншама ажал отын жаудырмасын, Жанайдар басшылық еткен бөлімше ешқашан орнын тастап кетпеді. Міне, бүгінде Жанайдар сол ауған соғысынан алған тәжірибесін бейбіт өмірде өзінің кәсібіне жаратып жүр. Полицияның байланыс және дабыл қағу құралдарының сақадай сай жұмыс істеуіне тікелей жауап береді.
Ал Амантай Махметов Ауғанстаннан оралғаннан кейін көп ұзамай ішкі істер органына қызметке алынады. Ауған соғысы кезінде екі жыл бойы бронетранспортер жүргізушісі ретінде азық-түлік, қарау-жарақ, отын тиелген көлік көштерін жау оғынан қалқалап қорғайтын бастап жүруші болды. Бірде ол Термезден сарбаздар мінген, азық-түлік, қару-жарақ тиелген, жанар-жағар майлары бар бірнеше бүркемелі көлік көшін бастап, жау тылындағы бекіністерге жол тартады. Амантай секілді басқа да жауынгерлер жүргізген әскери көліктер егер жау тұтқиылдан тап беріп атқылар болса, отқа сауытты бүйірлерін тосып екі қапталға тұра қалулары тиіс. Әйтеуір, қайткенде де ауыр жүкпен ыңырана қозғалған көшті қорғаулары керек. Осылайша ұбап-шұбап кезекті бір тар шатқалдан өте бергенде кенеттен қос бүйірден атылған жарылғыш оқтардан айнала тарсыл-гүрсілге ұласып сала берді. Амантайдың алдында жанар-жағар май құйған көлік кетіп бара жатқан еді. Егер оған жарылғыш оқ тисе, бәрі көкке ұшады. Сол сәт газды басып, алға ұмтыла берген Амантай қақ алдына кеп снаряд жарылғанын көрді. Соққы екпіні орасандығы сонша, апандай жерді қопарған күш толқыны бұларды кері лақтырып жібергендей болды. Бірақ, мұндай жағдайдың талайын көрген Амантай тез есін жиып, алдындағы әп-сәтте пайда болған үй орнындай шұңқырды зулай айналып өтті. Сол зымыраған екпінімен жолға қайта шығып, жанар-жағар май құйылған көліктің қапталына да жетті. Соны күтіп тұрғандай екінші рет атылған снаряд бронетранспортерге келіп соғылды… Міне, сол кезде өздері жараланса да осылайша епті қимылдаулары арқасында талай әскери көшті Амантай секілді жауынгерлер сақтап қалған еді.
Кейін ол жол полициясында арнайы жол бастаушы батальонында сол мамандығын одан әрі жалғастырды. Елімізге ресми сапарлармен келетін шетел басшылары мен небір сыйлы, лауазымды тұлғалардың жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бұл жоғары жауапкершілікті жүктейді. Өйткені, қылмыскердің көкесі көлік ішінде отырады. Сондықтан, сақ болмаса, ойламаған тұстан ойран тууы мүмкін. Әрине, соғыстағыдай сойқан қайталана қоймас. Дегенмен, жұмыс кезіндегі сақтыққа, жинақылыққа, өте жауапты болуға сол әскердегі екі жыл ауғандық жолдың үйреткені өмірлік көмекке айналды.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».