Аймақтар • 16 Сәуір, 2019

Оразкүл Асанғазы: «Рухани жаңғыру» ұлттық болмысымызды жаңа сатыға көтерді

1368 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ана баласын «Балалар үйіне», ұрпағы ата-анасын «Қарттар үйіне» беру қылаң бере бастады. Қоғам ұлттық салт-дәстүрді ұмытыңқырап бара жатқан осынау шақта Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы сан ғасырлық тұрмыс-салтымызды еске түсірді.

Оразкүл Асанғазы: «Рухани жаңғыру» ұлттық болмысымызды жаңа сатыға көтерді

Бүгінде әкенің белі мен ананың құрсағындағы қазақы тәлім-тәрбиенің кемдігі және көк айыл келін, көр кеуде ұрпақтың «демократия» осы екен деген ерме мінез-құлқы ұлтқа жат қылықтың өршіп кетуіне себеп болса керек. Анығында қазақ қоғамында ажырасу жиілеп кетті. Үлкендердің батасын алмай қиылған некенің аяғы айрылысуға соғып, тірі жетімдер пайда болы. Салдарынан толықтай әке мен шешенің қамқорлығынсыз жасық ұрпақ өсіп келеді. Келешек ұрпаққа ең басты дәріс отбасында берілуі тиіс. Отбасы Отанның кішкентай ғана көшірмесі. Баяғыда халқымызда «Бел құда», «Бесік құда» деген жақсы дәстүр болған. Бүгінде сол жақсы дүние ұмытылып барады. Ұл мен қыз әлеуметтік желі арқылы танысып, табысып, ақыр аяғы трагедияға ұласып жатады. Осы ретте Шымкенттің үшінші мегаполис мәртебесін алған шақта құрылған Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының атауы өте сәтті таңдалған екен. Бесігін түзейтін елдің басты жұмысы да осыдан басталуы керек. Әкімшілік құрылымдағы бұл жақсы үрдіс басқа өңірлерге үлгі болады деп есептеймін».

Бұл «Бақытты отбасы» жобасы аясында Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған кездесуде қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының жастарға айтқан ақыл-кеңесі еді.

Қазақ қызына тән өжеттік пен батылдықты бойына сіңірген Оразкүл Асанғазықызының шаһар жастарымен кездесуінде аға,орта, жас буын өкілдері ортақ бір алаңда бас қосып, ұлттық болмысымызды қалай сақтап қалудан бастап, отбасы құндылықтарын ұрпақ жадына сіңіру жағын талқылады. Салалық басқарма басшысы Жандос Қалтаев жүргізген тағлымды кездесу екі сағатқа жалғасып, қала жастары ұлттық салтты жаңғыртушы қоғам қайраткерінен өздерін мазалап жүрген сұрақтарына жауап, жаңа өмірге талпынған болашақ әке мен аналар өмірлік сабақ алды.  

«Үлгілі шаңырақ атану үшін қандай алғышарттар әзірлеу керек?», деген сұраққа толық жауап берілген кездесу болды. Жастар үшін сапалы білім алумен қатар, бойына ұлттық болмыстағы тәрбиені сіңірудің орны өзгеше. Осы мақсатта басқарма тарапынан отбасы құндылықтарын жастарға үгіттейтін «Бақытты отбасы» жобасын бастап отырмыз. Осыдан кейін қоғамда ибалы ұл - инабатты қыздардың қатары көбейтіп жатса, еткен еңбегіміздің азда болса өтелгені деп түсінерсіздер», дейді қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Жандос Қалтаев.

ҚР Парламент мәжілісінің V шақырылымының депутатының айтуынша 5 жыл ішінде елімізде 33 мың жасөспірім қыз жүкті болып, оның мыңға жуығы жасанды түсік жасатқан. Ұрпақтың ұяты саналған арулардың осылайша намысының тапталмауында ер азаматтардың жауапкершілігінің зор екендігін тілге тиек етті. Әрі қазақ аруларын қарындас, әпке ретінде сыйлап, оларға қорған болуға шақырды.

Шаңырақ көтергеніне ай, жыл толмай, арасын үзіп ажырасып жатқандардың саны артып келеді. Ұлтының болашағына алаңдайтын Оразкүл Асанғазықызы бұл мәселенің шешу жолында өз ұсынысын ортаға салды. Үлгілі ананың айтуынша өзі басшылық қызметте болған Сарыағаш ауданында бір төсекте басы қосылмағандарды ажыраспас алдын өз ауылындағы билер алқасының шешіміне жүгінуге жіберіп отырған. Нәтижесінде аузы дуалы ақсақалдардың алдында кемшілігін таныған жастар қайта жарасып, бақытты өмірге қадам басқан.

«Отбасында әкенің алар орны төбеде. Себебі ол қара шаңырақтың асыраушысы, қорғаны. Бүгінде гендерлік саясатты әсіре ұстанушылар ер азаматтармен тереземіз тең деп тепсініп, өздерінің асыл ана, аяулы келін екендігін ұмытып барады. Мейлі қаншалық биік қызмет атқарса да, табалдырық атты таудан асып, үйге кіргесін оның орнын отағасынан аласа екені анық», деп кесіп айтты Оразкүл Асанғазықызы.

Мегаполис жастарына берері мол дәріс отбасылық құндылықтарды дәріптеуде өмірлік сабақ болды. Жаңа форматта басталған «Бақытты отбасы» жобасының алғашқы  кейіпкері ҚР Парламент мәжілісінің V шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы қысқа ғана уақыт ішінде отбасы, қоғам, ұлттық код, дәстүр сабақтастығы туралы тұшымды ойларын ортаға салды. Келісті кездесудің құтты қонағы ұлтын ұлықтаған азамат жастарды өз елін-жерін сүюге, ана тілін шұбарламауға үгіттеді. Жас ұрпаққа отбасының маңыздылығын ұғындырған бұл жүздесу оларға рухани байлық сыйлады. Жүздесуде отбасылық құндылықтардан бөлек тіл мәселесі мен тарих және ұлттың болашағы да тереңінен талқыланды.