Спорт • 16 Сәуір, 2019

Синхронды жүзуден Қазақстан командасы Қазандағы әлем кубогі кезеңінде бақ сынайды

1033 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Синхронды жүзуден Қазақстан командасы жаңа маусымды бастайды. Ұлттық құрама мүшелері биылғы жылдың алғашқы ресми турниріне аттанбақшы. Әлия Каримова жаттықтыратын команда 17-22 сәуір күндері Ресейдің Қазан қаласында өтетін синхронды жүзуден әлем кубогі кезеңінде бақ сынайды деп хабарлайды Olympic.kz.

Синхронды жүзуден Қазақстан командасы Қазандағы әлем кубогі кезеңінде бақ сынайды

Топтық жаттығуда Қазақстан атынан төмендегі спортшылар сынға түседі: 

Ольга Ездакова, Екатерина Симонова, Елена Крылова, Жәния Жиенғазы, Карина Абуллина, Әйгерім Құрманғалиева, Этери Какутия, Наргиза Болатова, Валерия Скаковская;

Техникалық және еркін соло бағдарламасы: Дженифер Русанова;

Техникалық дуэт: Жәния Жиенғазы, Карина Абдуллина;

Хайлайт (акробатикалық бағдарлама): Ольга Ездакова, Екатерина Симонова, Елена Крылова, Жәния Жиенғазы, Карина Абуллина, Әйгерім Құрманғалиева, Этери Какутия, Наргиза Болатова, Валерия Скаковская, Ксения Макарова. 

«Қазандағы әлем кубогі кезеңі біздің команда үшін үлкен тәжірибе болмақ. Өйткені, спортшылардың барлығы жас. Азия ойындарынан кейін көптеген қыздарымыз су добымен қош айтысты. Сондықтан, жаңа команда жасақтап, жастарды үлкен бәсекелерде шыңдап көрмекпіз. Әлем чемпионатына дейін команданы әбден шыңдау керек. Қазандағы жарысқа апалы-сіңлілі Немичтер қатыспайды. Олар 25 сәуір күні Токиода өтетін кубоктік кезеңге дайындалуда. Жапониядағы турнирге әлемнің барлық үздіктері жиналады. Әсіресе, дуэт бойынша кіл мықтылар өзара жеңімпазды анықтамақ. Сол сында Немичтер де бар өнерін салады. Ал Ресейге апаратын дуэт әлі жас. Олар дуэттен бөлек, топтық жаттығуда да сынға түседі. Командадағы жақсы жаңалықтардың бірі деп Елена Крылованың жарақатынан кейін қатарға қосылуын айтуға болады. Жалпы алғанда, Қазандағы әлем кубогі кезеңі біз үшін үлкен тәжірибе алаңына айналады», - дейді синхронды жүзуден Қазақстан командасының бас бапкері Әлия Кәрімова. 

Еске сала кетейік, синхронды жүзу спортының өкілдері үшін ең үлкен мақсат – Токио Олимпиадасына жолдама алу.