Руханият • 17 Сәуір, 2019

«Асанәлі Әшімов өнер мен мәдениетті қолдау қоры» құрылды

1151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қоғамның келешектегі дамуының ең алдыңғы шарты өнер мен мәдениеттің өркендеуімен қатар жүретін болғандықтан, ұлттың рухани құндылығы мен халықтық қазынасын танытуға қызмет ететін бұл салалар әрқашан қолдауды қажет етеді.

«Асанәлі Әшімов өнер мен мәдениетті қолдау қоры» құрылды

 Мемлекет пен мәдениеттің мәмілелі диалогы ретінде түрлі жобаларды жүзеге асыратын  маңызды әрі іргелі бағдарламалар қабылданып, жұмыс істеп келе жатқанымен руханиятқа қамқор болатын жеке тұлғалар мен топтардың да жауапкершілігі, оң көзқарасы қажет. Мәдениетті қаржыландыру бюджеттік мекемелермен бірге коммерциялық, қайырымдылық бастамаларымен қатар жүргізілсе, өнерде жүрген нақты таланттар мен ұлттық маңызға ие қажетті жобалардың жолы да байланбай, жарыққа шығып, жетістігімен танылуына таптырмас мүмкіндік болатыны сөзсіз. Қайырымдылық шаруаларымен шұғылданатын, меценаттығы мәрт мінезіне айналып кеткен жекелеген атымтай жомарт азаматтар болғанымен, мұндай биік мақсатты ұстанып құрылған қорлар біздің қоғамымызда жоқтың қасы. Сондықтан жаңадан құрылған «Асанәлі Әшімов өнер мен мәдениетті қолдау қоры» қоғамдық қоры – еліміздегі осы бағыттағы алғашқы қор ретінде қабылданып отыр.

Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты А.Әшімовтің атымен байланысты құрылып отырған қоғамдық қордың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, жиналған зиялы қауым мен кәсіпкерлерге мақсаты-міндетін таныстырды. Қор тек.

«Асанәлі Әшімов өнер мен мәдениетті қолдау қоры» жас таланттарға демеушілік жасап, мәдениет пен спортқа жанашырлық танытумен ғана шектелмейді. Келелі міндеттерді атқаруды көздеп отырған қор қызметінің бірқатарын санамаласақ: халық әртісінің жетекшілігімен актер шеберлігі мектебі, музей, театрды топтастырған Асанәлі Әшімов атындағы орталық құрылысын бастау, Қазақстанның өнері мен мәдениетін дамыту үшін театр мен киноға елеулі үлес қосқан корифейлерді қолдау, көмек көрсету. Сондай-ақ жыл сайын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ең үздік талантты студентіне стипендия тағайындау, алыс және шетелдік оқу орындарында тәжірибе алмасуға жіберу, Қазақстанда өткізілетін бес кинофестивальдегі «үздік ер адам образы» аталымы үшін жүлде тігу, елімізде өтетін халықаралық айтыс жеңімпаздарының біріне қор атынан арнайы жүлде беру, жалпы А.Әшімовтің шығармашылық жолын жалғастыруды қолдау – жоба жұмысындағы басты бағыттардың қатарында.

Қор сахна саңлағының өнерін қадірлейтін замандастары, үзеңгілес серіктерінің ұсынысымен құрылып отыр. Жаңадан тұсауы кесіліп отырған қор құрылтайшылығы Мейіржан Оразбаев, Ержан Тәтішев, Динара Әбсалық секілді белгілі кәсіпкерлерден құрылса, халық әртісінің жары Бағдат Әшімова құрылтайшы міндетімен бірге, қор төрайымы ретіндегі жаңа қызметін бастамақ. Бұған қоса қор жұмысының жанынан табылып, кеңес берумен айналысатын Ақылдастар алқасы да құрылды. Қор жұмысын жүргізу қажырлы қайрат пен үздіксіз жұмысты қажет етеді. Үкіметке ғана иек артпай, ұлт мәдениетінің жүгіне арқасын төсеп, бір мұқтажын өтеуді мұрат тұтып келген қордың жұмысына көпшілік сәттілік тілеп, қоржынына алғашқы көмегі ретіндегі қомақты қаражатын салып кетті.


АЛМАТЫ