13 Шілде, 2012

Араша

424 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Араша

Жұма, 13 шілде 2012 7:33

Есесі кеткен есепші әлі күнге өз қызметіне қайта орала алмай жүр

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында «Атакент» деген ауыл бар. Шұрайлы жерге қоныс тепкен осы бір шырайлы кентте бүкіл оңтүстік өңіріне ғана емес, республикаға танымал мақта тарихы мұражайы орналасқан. Кешегі қиындық кездің өзінде сақталып қалған мұражай өзінің тарихи маңызы жөнінен бүгінгі күні ескінің көзі – тәбәрік дүниелерімен мақтана алады. Дегенмен, осы мекеменің басынан кейінгі екі жылда дау арылмай-ақ қойды.

 

Жұма, 13 шілде 2012 7:33

Есесі кеткен есепші әлі күнге өз қызметіне қайта орала алмай жүр

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында «Атакент» деген ауыл бар. Шұрайлы жерге қоныс тепкен осы бір шырайлы кентте бүкіл оңтүстік өңіріне ғана емес, республикаға танымал мақта тарихы мұражайы орналасқан. Кешегі қиындық кездің өзінде сақталып қалған мұражай өзінің тарихи маңызы жөнінен бүгінгі күні ескінің көзі – тәбәрік дүниелерімен мақтана алады. Дегенмен, осы мекеменің басынан кейінгі екі жылда дау арылмай-ақ қойды.

«Егеменге» арыз жазған Г.Садықова осы мұра­жайда 2007 жылдан бері есепші қызметін атқарып келген. Оның айтуынша, мұражай директоры А.Лазерева ханымның қыспағына шыдамағаннан кейін облыстық мәдениет басқармасына сол кездері жаңадан келген бастық К.Айдарбекованың атына арыз жазады. Оның арызы негізінде мәдениет басқармасынан комиссия келіп, мұражайға тексеру жүргізеді. Нәтижесінде мұражай жұмысындағы біраз кемшіліктер анықталып, директор А.Лазерева қызметтен босатылады.

Негізінен Г.Садықованы осы мұражайға есепші­лік қызметке алған осы Лазереваның өзі болатын. Әділеттілік іздеп жазған арызынан кейін директор оның ізіне шырақ алып түсті. Түрлі себептер тап­қан Лазерева Қазақстан Республикасы Еңбек кодек­сінің 54-бабының 6-бөлімін пайдаланып, есепшіні қызме­тінен заңсыз босатады. Г.Садықова сотқа арыз­данып, қызметіне қайта келеді. Бірақ сот шешімін орында­ғысы келмеген Лазерева оны түрлі сылтаулармен жұмысқа жолатқысы келмейді. Дегенмен, Мақтарал аумақтық сот орындаушыла­рының араласуымен Са­ды­қова қызметіне қайта орналасады. Осы текетірестің нәтижесінде директор ханым есепшіге қатысты бұйрықпен таныстырмай, жұмыстан қайта шығарады. Осы мәселеге байланысты Г.Садықованың арызын тексеру барысында біз Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасы­ның бастығы К.Айдарбековаға жолығып, мәселенің мән-жайын сұраған едік.

– Мен 2010 жылғы 14 маусымда облыстық мә­дениет басқармасының бастығы болып тағайын­далдым, – деді К.Айдарбекова. – 17 маусым күні «ОҚО мақта шаруашылығы тарихи мұражайы» МКҚК бас есепшісі Г.Садықова мұражай директоры Лазереваға байланысты арыз түсірді. Қазақстан Республикасының «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» заң талаптарына сәйкес басқарманың бұйрығымен жұмыс тобы құ­рылып, Г.Садықова мен А.Лазереваның қатысуында тексеру жұмыстары жүргізілді. Арызда көрсетілген заң бұзушылықтар (есеп-қисап қызметі, кадрлық қызмет, қаржы-шаруашылық қызметі, кеңсе қыз­меті) орын алғаны анықталды. Осы кемшіліктерді қарау үшін заң талаптарына орай Оңтүстік Қазақ­стан облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясына бас­қарманың хаты  жолданды. Осы инспекция мұражай­ға бөлінген қаржының игерілуін тексеріп, нәтиже­сінде облыстық бюджеттен бөлін­ген 3 687 964,0 теңге талан-таражға түскенін анықтаған. Алайда, мұражай директоры А.Лазерева қаржылық бақылау инспек­циясының актісімен келіспей, қосымша тексеру тағайындау туралы шағым жазып, қайта тексеру жүргізілген. Нәти­жесінде 1 114,3 мың теңге қаржы­ның негізсіз жұм­сал­ғаны анықталып, ол туралы актіге өзі келісіп қол қойған. Инспекция тарапынан бас­қар­маға анықталған кемшіліктерге жол берген кәсіпорын басшысына шара көру туралы хат келіп түскен.

Мәдениет басқармасы жұмыс беруші ретінде Еңбек кодексінің талаптарына сай қаржы инспек­циясының жұмыс тобының актілерінде көрсетілген кемшіліктер бойынша 2010 жылғы 20 қазандағы №236-К бұйрығымен мұражай директоры А.Лазе­реваға қатысты тәртіптік комиссия қызметтік тексеру жүргізіп, Еңбек кодексінің 54-бабы 1-тармағы 10, 13, 16 тармақшаларына сәйкес 2010 жылғы 15 қара­шадағы №247-К бұйрығымен Лазереваны жұмыстан босатады. Тиісінше А.Лазерева өзін жұмыстан заңсыз босатты деп Шымкент қаласындағы Әл-Фараби аудандық сотына шағым түсірді. Аудандық сот оның арызын қанағаттан­дырусыз қалдырды. Сол сияқты Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының апелляциялық алқасы да ау­дандық соттың шешімін заңды деп тауып, А.Лазе­реваның шағымын қанағаттандырусыз қалдыр­ды. Алайда, 2011 жылдың 24 маусымында облыстық соттың кассациялық сот алқасы «ОҚО мақта шаруашылығы тарихи мұражайы» МКҚК-ның директоры А.Лазереваның шағымын толығымен қанағат­тандырып, Әл-Фараби аудандық сотының шешімі мен апелляциялық алқаның қаулысының күшін жойды. Ол облыстық соттың кассациялық алқасының 2011 жылғы 24 маусымдағы қаулысы негізінде бұрынғы қызметіне қайта орналасып, жұмыссыз жүрген уақытына міндеттелінген қара­жатты өндіріп алды. Бірақ біз кассациялық алқаның қаулысымен келіспей, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы «Соттардың еңбек дауларын шешу кезінде заңнамаларды қолдануының кейбір мәселелері туралы» №9 қаулысының 25-тармағына сәйкес өз құқықтарымызды қорғау мақсатында Жоғарғы Соттың азаматтық істер бойынша қадағалау алқа­сына өтініш түсірдік. Жоғарғы Соттың азаматтық істер бойынша қадағалау алқасы 2012 жылғы 10 қаңтарда қаулы шығарып, Оңтүстік Қазақстан облыс­тық сотының кассациялық алқасының қаулысын бұзып, қайта қарауға жолдады. 2012 жылғы 22 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының кассациялық алқасы А.Лазереваға қатысты сот ісін қарап, «ОҚО мақта шаруашылығы тарихи мұражайы» МКҚК-ның бұрынғы директоры А.Лазереваның жұмысында көптеген қаржы-шаруашылық заң бұзушылықтарға жол бергені дәлелденіп, облыстық мәдениет басқармасының А.Лазереваны жұмыстан босату туралы шешімі дұрыс деген қаулы шағарды.

Осы бір шытырман шығарманың сюжетіне бергісіз оқиғаның нүктесі сот арқылы қойылды. Мұ­ражай директоры мен есепші Г.Садықованың ара­сындағы, А.Лазерева мен облыстық мәдениет бас­қармасының арасындағы текетірес нәтижесінде А.Ла­зерева қызметінен кетті. Дегенмен, уақытында заңсыз жұмыстан шығарылған Г.Садықоваға қатысты әді­леттілік әлі орнай қойған жоқ. Өйткені, ол қызметіне қайта қабылданбады. «Егеменге» арыздану себебі де сол екен. Оның өз жұмысына оралуына басқарма бастығы мүмкіндік жасай ма, әлде зайырлы мемле­кеттегідей сот шешімі қажет пе, оны уақыт көрсетеді. Ең бастысы екі жылға созылған текетірестің құрбаны болған есепшіге қатысты әділетті шешімнің қажет екендігі…

Шарафаддин ӘМІРОВ,

«Егемен Қазақстан».