Технология • 18 Сәуір, 2019

Көз үйренген «Белорус» тракторы Қостанайда құрастырылады

1369 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап бүкіл ауылда Белоруссиядан шыққан кабинасы жоқ «МТЗ» қызыл тракторы болушы еді. Малға да, шөп оруға да, отын тасуға да қызыл тракторды мінбей шаруа бітпейтін. 70-жылдардан бастап МТЗ көкке боялатын болды. Кабина орнатылды. Енді сол трактор Қостанай қаласында құрастырылып, сапқа қойылып жатқанына ешкім таңғалмайды.

Көз үйренген «Белорус»  тракторы Қостанайда құрастырылады

Өткен жылы қыркүйек айында ресейлік инвестор «Композит групп» холдингі облыс орталы­ғын­дағы Индус­т­риялық аймаққа «Белорус» маркалы трактор құрастыратын зауыттың іргета­сын қалады. Алғашқы келген ин­вес­тиция көлемі 2,3 мил­лиард теңгені құрады. Былтыр қыр­күйек айынан бас­тап, зауыт­тың алғашқы цехы жұмыс істейді.

– Осы цехтың өзінен МТЗ трак­тор­лары сапқа қойылды. Биыл зауыттан барлығы 1000 трак­­тор шығарылуы тиіс. Мұн­да «Белорус» тракторының 28 мо­делі құрастырылады. Алғаш­қы жүзден аса тракторды қазақ­стан­дық шаруаларға сатып та үлгер­дік, бүгін-ертең 4 трактор Қырғызстанға жөнелтіледі. Мұны жаңа зауыттың алғашқы экспорты деп біліңіз. Келесі трак­тор тобы Тәжікстанға жөнел­ті­леді, – дейді «Композит групп» жауап­­кершілігі шектеулі серік­тес­ті­гінің бас директоры Андрей Гомаюнов. 

2 мың шаршы метр өндіріс цехын­да сегіз сатыдан тұратын трактор желісі жұмыс істеп тұр. Зауыт ашылған қыр­күйек айы­нан бастап осында жұ­мыс­қа тұрған Ердәулет Дәндібаевтың тәжі­ри­бесі күн сайын толығып, іске көзі үйре­не бастапты. Қазір өзінің сатысында ат­қа­ра­тын жұмысты үйіріп әкететін болған. 

– Трактор сегіз сатыдан өтеді, ең соңғы сатыда дөңгелегі салынып, сапқа қоюға жіберіледі. Ауылда өстік қой, осы тракторды міндік, талай шөпке бардық, өзіміз жүргіздік. Енді сол «МТЗ» тракторын құрастыруға өзім қатысып отырмын, өз қолымнан өтіп жатыр. Ешқандай қиындығы жоқ. Біздің экономиканың, өнді­рістің дамуын көрсететін көрініс. Бұрын бұл жұмыс түсіме де кірген емес, – дейді Е.Дәндібаев. 

Жердің тоңы жібіп, топырақ құрғасы­мен зауыттың жанынан тағы да 6 мың шар­шы метр болатын екі цехтың құры­лысы басталады. Онда трактор кабинасы толық жасалып шығады. Зауыт ди­рек­торы­ның айтуынша, кабинаның Қос­та­най­да жасалуы инвестициялық жоба­дағы жергіліктендіру үдерісін арттырады. 

– Қазір цехтағы жұмыстардың жер­гі­лік­те­н­дірілуі 12 пайыздан аспай­­ды. Ал күзге қарай, кабина құрас­тыра­тын цехты қосқаннан кейін жұмысты жергіліктендіру көлемі 41 пайызға жететін болады, – дейді Андрей Алек­сеевич. Зауыттың бас дирек­торы­ның айтуынша, күзде, жаңа цех пай­далануға берілгеннен кейін өн­діріс қуаты күрт көтерілетін бола­ды. Келер жылы зауыт 3000 трактор құрастыруды межелеп отыр екен. 

Ресейлік инвестор «Композит групп» холдингінің құрамы­на ене­тін «Композит групп Қазақстан» зауытының қуаты сатылап атқарылатын жұмыстарға тікелей байланысты. Қазір соның тек бірінші сатысы ғана өнім бере бастады. Зауыттың екінші сатысында трактордың кабинасы өндіріледі, үшінші сатысында қозғалтқыш, төртінші сатысында радиатор шығарылады. 

– Оның мәнісі мынада. Біз осы Индус­т­рия­лық аймақтан тағы да 8 мың шаршы метр цех саламыз, онда қытай қозғалт­қы­шын біздің тракторға арнап құрас­тыратын боламыз. Бұл саты 2020-2022 жылдары іске қо­сылады, ал трактордың радиаторы да осы Қостанайда жасалу үшін 2020-2023 жылдары цех құрылысы жүреді, – дейді Андрей Алексеевич. 

Осы жұмыстар үшін ресейлік ин­вес­торлар барлығы 15 мил­лиард теңге инвестиция құяды. Ең бас­ты мәселенің бірі – енді осы трак­торларға біздің шаруалар мен диқ­андардың қолжетімділігі қан­дай? Қазақстанда жасалған «Бе­лорус» тракторы біздің экс­порт­­тық әлеуетімізді күшейте ала ма? 

– «Белорус» тракторының шаруаға қолайлы екені өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап-ақ белгілі бол­ған. Қазір біздің алғашқы шығарған трактор­лары­мыздың өзі өтіп жатыр. Біз жақында ғана қосымша құн салығын төлемеу жеңілдігі жөнінде инвест келісімшартқа қол қойдық. Енді трактор шаруа­ларға қосымша құн салығынсыз сатылады, бұл техника шаруаға 12 пайызға арзан түседі деген сөз, – дейді Андрей Алексеевич. 

Жоғарыда Қостанайдан «Белорус» маркалы тракторының 28 моделі құрас­тыры­латынын айттық. Ал Андрей Алек­сеевичтің айтуынша, әзір фермерлер өткен ғасырдың 70-жылдары­нан бері пайдаланылып келе жатқан МТЗ-82 тракторын қолай көреді екен. Бұл – қазақ­стандық шаруаларға ертеден таныс техника, әрі шағын, арзан және қосалқы бөлшектері де тез табылады, бағасы да төмен. Ал ірі шаруашылықтарға ат күші көп қуатты тракторлар сұраныспен өтетін көрінеді. 
Қайткенде де, «Белорус» трак­торы­ның ауыл шаруашы­лығы машина-трактор паркін жаңалау­да өзіндік орны бар, көп жыл бойы тәжірибеден өт­кен. Бұл – тек қазақстандық ди­қан­дар үшін ғана емес, Кеңес Ода­ғы құрамында болған елдер­дің барлығына таныс техника. Сон­дықтан Қос­танайда құрасты­рыла­тын, барынша жаңартылған, жетіл­діріл­ген трактор Еуразиялық эконо­микалық одақ елдеріне экспортқа бағытталып отыр. 

ҚОСТАНАЙ